BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

8 жылдан бері көшеде ән айтатын теміржолшы

Фото: Автор

Петропавл тұрғыны негізгі жұмысынан бос уақытта қолына қара домбыра алып, көшеге шығады. Қайырлыбай Нұрмұқанов 8 жылдан бері далада ән айтып, ақша тауып жүр, деп хабарлайды «Baq.kz» аймақтағы тілшісі.

Қайырлыбай Нұрмұқанов көшеде ән айтуға арланбайды. Керісінше, көпшілікке ұлттық өнерімізді, қазақтың әуезді әні мен киелі домбырасын насихаттап жүргендігін айтады.

«Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Мен бұл музыкалық аспапқа бала жастан үйір болдым. 1-ші сыныптан меңгердім. Ол кезде Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында тұратынбыз. Өскелең ұрпақ та қазақтың өнерін, домбырасын қастерлесе, оның құндылығын бағаласа екен», - дейді Қайырлыбай Нұрмұқанов.

Фото: Автор

Әуесқой орындаушы 2010 жылдан бері көшеге шығып ән айтып жүрген көрінеді. «Оңтүстік-Орал темір жолы» мекемесінде жұмыс істейді. Қайырлыбай Нұрмұқанов көшеде кетіп бара жатқан адамдардың бірі домбыра үнінн естігенде кідіріс жасап, ән тыңдаса, екіншілері елемей жүре беретіндігін айтады.

Фото: Автор

«Орталық көшеде домбырамен ән айтатын адамды бірінші рет көріп тұрмын. Шыны керек сабақтан шаршап шығып, демалып қалдық. Өнерлі адам екен. Бірнеше тілде ән орындап жатыр», - дейді Петропавл тұрғыны Әлия Жомартова.

Қайырлыбай Нұрмұқановтың көшедегі табысы бірде аз, бірде көп. Әуесқой әнші мереке күндері қоржынына түсетін ақша молаятынын айтады. Тіпті белгілі бір әнді орындауға тапсырыс беретіндер де болады екен. Кейбіреулер оның бұл әрекетін көшеде «қайыр сұрау» деп бағаласа, екіншілері қазақ өнерін дәріптеп жүргеніне ризашылық білдіріп жатты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер