BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

13 баланы дүниеге әкелген ананың бір күні қалай өтеді?

Фото: фото автордікі

Қызылорда облысы Қазалы ауданында он үш баланы өмірге әкелген Сәлия Ахмедова есімді ана тұрады. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, «Алтын алқалы» ананың бір күндік жұмысымен танысу мақсатында үйіне іздеп барған едік.

«Балаларым – бақытым» деп білетін көп балалы ана таңның атысынан, күннің батысына дейін бір тыным таппайды. Ертесімен тұра сала балалары мен немерелеріне таңғы асын береді.

Немерелерінің кітап-дәптерін түгендеп, шаштарын буып, балабақша мен мектепке шығарып салады.

Бүгінде барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Құдай қосқан қосағы Әли Досхожаевпен отасқанына 34 жылдан асты. Екеуі түн ұйқысын төрт бөліп, өмірге әкелген балаларын асырап-бағу үшін күндіз-түні еңбек етеді.

«Әйел – үйдің киесі. Еңсеміздің тік, балалардың тәрбиелі болуын жолдасым Сәлия әрдайым ойлап жүреді. Оның үстіне, қарап отырмай, тұрақты жұмысынан бөлек тоқашын, тортын пісіріп, нан-пұл табатыны бар. Екеуміздің сыйластығымызды көріп өскен балаларымыз да жаман болмайды деп ойлаймын. Осы сәтті пайдаланып, жарымды, кіштентай қыздарымды мерекесімен құттықтағым келеді», – дейді Әли.

Отағасы Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде жұмыс істесе, өзі «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты «Қазалы» газеті редакциясында тасымалдаушы.

Алайда, шиттей бала-шағаны бір айлықпен асырау мүмкін емес.

Сол үшін де қайсар ана қосымша нәпақа табу жағын да ойластырып жүреді. Мерекелер қарсаңында тәтті торттар пісіріп, базарға шығарып сатады. Дәмі тіл үйіретін тәттілерді арнайы тапсырыспен алдыратындар да көп. Сондай-ақ, Сәлия апа дәмді тоқаш, бәліш пісіреді. Оларды бірнеше дүкенге өткізіп отырады.

Бұл істің бәрін бір адамның үлгеруі әсте мүмкін емес. Ас дайындауда келіні Фариза қолғабыс етсе, балалары анасының айтқанын екі еткізбей орындайды.

Балаларының барлығы шетінен өнерпаз, дарынды. Бірі домбыра тартса, енді бірі, яғни, ұлы Қуаныш компьютер жөндейді.

Ол арнайы компьютерлік мамандығы болмаған соң, сала мамандарынан ақыл-кеңесін сұрап тұратынын жасырмады.

Үй шаруасына да қолғабыс етіп, отын-суын әкеліп, көмектесіп тұрады.

«Әжемді жақсы көремін. Мен де өскенде оны бағамын. Не сұраса, бәрін алып беремін», – дейді 5 жастағы немересі Әсел.

Қолым тигенде тәтті-дәмділерін пісіріп беремін дейді Сәлия апа.

Өмірге әкелген 13 баланың жетеуі үйленіп, өмірден өз орындарын тапқан. Бақытты ана, ардақты әже атанған Сәлия Мадалиқызының балдай тәтті 16 немересі бар.

«Қазір немерелерім өсті, үлкені кішісіне қарайласып, бір-бірін жетелеп өсіп келеді», - дейді көп балалы ана.

Төрт көзіміз түгел болып, бір дастархан басына жиналып, әңгіме үстінде шай ішкенге не жетсін.

«Тұңғыш немеремді 43 жасымда сүйдім. Немерелерімнің тәтті қылықтарын көргенде бар нәрсені ұмытып кетемін», – дейді батыр ана.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер