BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

101 жастағы әже: Ұзақ жасағыларың келсе, еңбек етіңдер

Арал ауданы Аралқұм ауылында ғасыр жасаған Тәжігүл Еңсепова есімді кейуана тұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жасы 101-ге келген қария Көкарал деген жерде жарық дүние есігін ашқан екен. Дәлірек айтсақ, 1916 жылдың қаңтарында.

«Соғыс жылдарында бала болып қарнымыз тоя тамақ жегеніміз жоқ. Ашқұрсақ болып өстік. Таңның атысы, күннің батысы үй көрмей жұмыс істедік. Шаршауды білмейтінбіз. Басымыздағы небір қиын жағдайды сабырлылықпен жеңе білдік», – деп өткенді еске алады кейуана.

Ол кісіден «ұзақ жасаудың сыры неде» деп сұраған едік, «Көп жасағыларың келсе, еңбек етіңдер, ешкімге жаманшылық ойламаңдар» деп қысқа қайырды.

Бүгінде қарт ана жасы алпысқа келіп қалған ұлы Елеухан мен келіні Күләштің қолында.

«Анамыз өмір бойы тынбай еңбек еткен адам. Жастайынан ашаршылық заманды бастан өткерді. Ал соғыс жылдары балық аулап, қамыс шапқан. Ауырып көрмеген. Сексенге келгенше үй шаруасын істеп жүрді. Қаншама келіні бар десек те, өзі тыным тауып отырғысы келмейді. Қазір де бақуатты. Арасында далаға шығып, серуендегісі келеді. Бірақ өзіміз алаңдаймыз, не дегенмен кәрілік жеңеді ғой, ауырып қала деп ойлаймыз. Сондықтан үйде бабын жасап отырмыз», – дейді Елеухан аға.

«Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» демекші, аралқұмдықтар ғасыр жасаған Тәжігүл Еңсепова әжейді ұдайы мақтан тұтады.

«Бұл апам менің сырласым, әрі Құдайы көршім. Жастайымнан жақсы араластым. Бірге шөп шаптық, тасыдық, талай бірге еңбек еттік. Тәжігүл апа ешкімнің ала жібін аттамайтын адал кісі. Ұзақ жасауының, қазыналы әже болып отырғанының құпиясы осы ма деймін, шырағым», – деді Сексеннің сеңгіріне келген көршісі Төлен Әбдәлиева.

Қадірлі жан балықшылар бригадирі болып жұмыс істеген Төреғұл Еңсеповпен бірге 9 перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 42 немересі, 63 шөбересі және 2 жастағы шөпшегі бар. Солардың ортасында шат-шадыман күн кешуде.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер