BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жылдың ең үздік жас кәсіпкері 1 млн теңгеге ие болды

Фото: Автор

Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен «Жылдың үздік кәсіпкері» байқауының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен байқауға 16-дан 29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер қатысты. «Атамекен» ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаеваның айтуынша байқауға Қазақстанның барлық аймағынан 51 өтінім келіп түскен.

«Жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткізілді. Қатысушылар – бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында сервистік көмек алған, мақсат-міндеттерін анықтаған кәсіпкерлер. Өтінім жинаған кезде осыншама инновациялық жобаларды көре отырып белді кәсіпкерлердің өсіп келе жатқанын байқадық. Жергілікті қамту, жаңашылдығы, жобаның тиімділігі, әлеуметтік бағытты қамтуы, бюджеттігі, яғни аз ақшамен алғашқы стартапын жасауы деген секілді критерийлерге мән бердік», - деп атап өтті ол.

Байқау қорытындысы бойынша 1-орынға Тәңірберген Есболов ие болды. Оған 1 млн теңге сомасында ақшалай сыйлық табысталды.

Ол жасанды ротангтан жиһаз дайындайтын «Роял комфорт» фабрикасының негізін қалаған.

«Жігерімнің арқасында табысқа жеттім. Құлайтын сәттер де жасымай мақсатыңа қарай ұмтылуың керек. Осыған дейін пәтерлерді жөндеу, интерьер, дизайн жұмыстарымен айналыстым. «Бизнестің жол картасы» бойынша екі апталық курсқа қатыстым. Маркетинг, бухгалтерлік есеп, бизнесті жүргізу негізін үйрендік. Әрі қарай бизнес-жоспар құруға көмектесті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңгеге дейінгі кепілдікке қатысуды ұсынып, грант ұтып алдым. Бүгінде трендтегі жасанды ротангтан жасалған жиһаздарды жасау технологиясын зерттеп, грант пен өз қаржымды қосып, осы өндіріс орнын аштым. Осыған дейін де бизнеспен айналыстым. Фабрикада әзірге 5 маман бар. Олар Украинадан келген маманнан оқып шықты», - деді жас кәсіпкер.

Ротанг – өсімдік. Ал аталған фабрика жасанды ротангты өндіріп, алынған материалдан жиһаз дайындайды. Толық циклді өндіріс орнының иесі жұмысшылардың санын 30-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

«Негізгі мамандығым – инженер-құрылысшы. Осындай жиһаздар Қытайдан әкеліне бастады. Соның бәрін зерттеп неге өзімізде шығармасқа дедп ойладым. Біздің фабриканың өнімі Қытай, Түркиядан келетін жиһаздардан әлдеқайда арзан. Себебі шикізаттан бастап бәрін өзіміз дайындаймыз», - деп өз кәсібімен бөлісті.

Екінші орынға ие болған ақтөбелік Арман Сакишев 500 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ол «Dental-centre» ЖШС жобасының негізін қалаушы. Бұл тіс емханасы қазіргі заманғы жоғары технологияларды негізге ала отырып жұмыс істейді.

Талдықорғандық жас кәсіпкер ЕлдосБаялышбаев байқаудың үшінші орнын иеленіп, 300 мың теңгемен марапатталды. Ол жол-көлік апатынан соң жарақат алып, жүре алмай қалған. Алайда жаттығулар мен емдік, шынықтыру шараларының арқасында аяқтанып, аяғы мен қолының жұмысын қалпына келтірді. Осыдан кейін Елдос өзі секілді қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып мүгедек жандарға арнап спорттық сауықтыру орталығын ашуға 3 млн теңгенің грантын жеңіп алды. Алдағы уақытта Алматы облысында мүгедектерге арналған хостел ашуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер арасындағы «Жылдың үздік кәсіпкері» ынталандыру сыйлығымен Виктория Волошина марапатталды. Оған 200 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.

Айта кетсек, «Атамекен» ҰКП 2015 жылдан бастап қаржылай емес қолдау бағытында бірқатар шаралар жүргізіп келеді. Әр өңірде кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары бар. Ол жерлерде 200 мыңнан астам адамға сервистік қызмет көрсетілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер