BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Смағұл: Олар мемлекеттік тілді білмегені ме, әлде Елбасының сөзін құлағына ілмегені ме

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде туристік саланы дамыту туралы үкімет сағаты өтті. Осы орайда орысша сөз сөйлеген облыс әкімдерінің орынбасарларын депутат Бақытбек Смағұл сынады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мәжіліс қабырғасында туристік саланы дамыту туралы үкімет сағатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ бірқатар министрлердің орынбасарлары қатысты. Үкімет сағатының соңынла жергілікті атқарушы органдардан Астана мен Алматы қалалары, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарларына сөз берілді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қана мемлекеттік тілде сөйлесе, қалған әкімдер мәжілісмен Бақытбек Смағұлдың сынына ілікті.

«Біріншіден, екі облыс әкімі орынбасарының осы жерге келіп мемлекеттік тілде сөйлемегені — ұят дүние. Олар әлде мемлекеттік тілді менсінбей, білмегені ме, әлде Елбасының мақсат-мұратын құлағына ілмегені ме, осыны түсінбей отырмын. Ұят нәрсе! Басшыларыңыз аптал азаматтар! Ал сіздер Парламентке келіп отырсыздар, бір ауыз амандасу да жоқ. Ұят емес пе, адамның намысы қайда?», - деп сынады депутат.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева кез келген қазақстандықтың ойын үш тілде жеткізуге құқығы бар деп басу айтты.

«Бақытбек, екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге әрқайсысымыздың құқығымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде. Енді келген азаматтардың барлығы қазақ тілін білмейді деп айта алмаймыз, бәрі біледі. Өз ойларын жеткізу үшін біздің аудармаға кішкене сеніңкіремей, орыс тілінде сөйлегені ғой», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер