Шыршаның шығу тарихын білеміз бе? - Қоғам|30 Желтоқсан 2011, 09:09
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шыршаның шығу тарихын білеміз бе?


Қыстың бір қызығы, дала ақ мамық көрпесін бүркене жамылып, жаз бойы сайран салған тіршілік тыныштық құшағына енген сәт - алғашқы қардың жаууы болса, екінші қызығы - Жаңа жыл мерекесі. Бұл екі сәтті де адам баласы асыға күтеді. Жасыратыны жоқ, бұл күндері жаздың аптап ыстығынан, қыстың шымылтыр аязы жақсырақ көрініп кетеді. Тіпті, Жаңа жылды «үсті-басы ақ қырау, түсі суық» аязбен бірге қарсы алмасақ көңіліміз көншімейді. Қазақтың дәстүрінде болмаған десек те, бұл мейрам көпшілік үшін отбасылық мерекеге айналып үлгерген ең шырайлы шаралар санатында. Жалпы, Жаңа жылды кеудесіне әшекей тағынған шыршасыз, қызыл шапандағы ақсақал Аяз атасыз елестету мүмкін емес. Өйткені бұл екеуі де Жаңа жылдың символына айналған. Біз шыршаның не себепті үйіміздің төріне қойылатынын және оның дәстүрімізге қашан келіп, қалай сіңгенін біле бермейміз. Ендеше, көп жылдық шыршаның терең тарихына үңілсек...


Шыршаны безендіру дәстүрі қайдан шықты?

Жерді мекендеген көптеген тайпалардың түсінігінде ағаш киелі саналатын. Мысалы, ежел­гі римдіктер Сатурн құдайының құрметіне мереке жасап, сол күні үйлерін жасыл жапырақ­тар­мен безендіретін болған. Мұн­да жасыл жапырақ - мәң­гілік өмірдің символы ретінде қарастырылған. Римдіктердің өз батырларын 300-400 жыл өмір сүретін лавр жапырағымен марапаттауы да осы сеніммен ты­ғыз байланысты. Ежелгі Мыс­ыр тұрғындары болса, жел­тоқсанның ең қысқа күнінде ұлан-асыр той жасайтын бол­ған. Осы күні әрбір мысыр­лық­тың үйінде пальма бұтақтарының тұруы міндетті саналатын. Олар оған өмірдің өлімді жеңуінің нышаны деп қараған. Рейн мен Дунай өзенінің аралығын ме­кен­деген ежелгі кельт тайпа­ла­рының абыздары емен ағаш­та­рын кие тұтып, оған алма ілетін болған. Бұл дәстүр Еуропада нақтырақ айтсақ, Германия мен Скандинавия түбегін мекен­дей­тін елдерде мұрты бұзылмастан сақталған. Кейін келе қарапайым ағаштар қыстыгүні жалаңаш қалатындықтан, шыршаны пай­даланатын болған. Бұл мемлекет­терде шырша безендіру XVII ға­сырдан бастап, тұрақты дәс­түрге айналды. Көптеген тарихи деректерде шырша безендірудің түп-төркіні неміс халықтарынан шыққандығы айтылады. Алғаш шырша да ХVI ғасырда Гер­манияның Эльзас қаласында бе­зендірілген екен.
Ал кейбір жазбаларда шыр­ша қолданысқа енбес бұрын Еу­ро­па халықтары өз мере­ке­лерінде пирамида пішіндес ағаш­тан жасалған құрылғыларды пай­даланғандығы жазылған. Олар бұл құрылғының сөре­ле­ріне тәтті-дәмділер мен сый­лық­тар қоятын болған. Ал кейбір ел­дерде шие ағашы - Жаңа жыл сәні болған. Жалпы, шырша туралы дерек XVI ғасыр жазба­ла­рында кездеседі. Онда не­містің Страсбург қалашығының бай-кедейлері бірдей қыс ке­зінде шыршаны әртүрлі қа­ғаз­дармен, тәттілермен безен­діретіндігі айтылады. Бұл дәстүр кейін келе бүкіл Еуропа ау­мағына тараған. Ал Америка құр­лығына жаңажылдық шыр­ша жер аударылған еуро­па­лық­тар арқылы жеткен.


Шырша безендіру дәстүрінің қазақ қоғамына енуі

Ресейге де бұл дәстүр еуро­па­лықтар арқылы жеткен. Олар жаңа жылды шыршамен қарсы алуды өз дәстүріне 1700 жылы енгізген. 1699 жылдың соңына қарай Ұлы Петр патша Жаңа жылға қатысты бұйрық шы­ғарады. Бұйрық бойынша, Жаңа жыл мерекесінде әрбір орыс отбасында безендірілген шырша немесе қарағай бұтақтары тұруы және бұл мереке жоғары дең­гейде тойлануы қажет болған. Осы кезден бастап, Жаңа жыл­ды тойлау орыс халқының дәс­түріне де дендеп ене бастайды. Ресейде безендірілген алғашқы шырша 1852 жылы Петербург қаласында бой көтерген. Бұл елде кеңестік қоғам орнағанға дейін шырша безендіру дәстүрі еш үзілмей келген болатын. Бірақ Кеңес Өкіметі орнағаннан кейін шырша безендіру - діни наным-сенім қал­дықтары ре­тінде бағаланып, бұл дәстүрге 1918 - 1935 жылдар аралығында тыйым салынған. 1935 жылы Павел Постышев шыршаны балаларға қуаныш пен бақыт сыйлау үшін енгізу ке­рек деген ұсыныс жасап, «Прав­да» газе­тіне жариялайды. Осы­дан кейін қаулы қабылданып, бұл мейрам «Исаның туған күні» емес, «Жаңа жыл мерекесі» ре­тінде халыққа қайта оралады. Онымен бірге әшекей таққан шырша да келеді. Осылайша Жаңа жылды тойлауға рұқсат беріліп, тіпті, 1940 жылдардың соңына қарай 1 қаңтарды демалыс күні деп жа­риялайды. Міне, дәл осы құ­жат Жаңа жыл­дың қазақ қо­ға­мына енуіне түрт­кі болды. Қазақ жұрты бұл мей­рамды дәл сол жыл­дардан бастап тойламағаны­мен, бұл қаулы біздің дәстүрі­мізге осы мерекенің енуіне жол ашып берген еді. Негізінен, қа­зақ хал­қы Жаңа жылды соғыс біт­кеннен кейін ғана тойлай бастаған. Со­ғысқа дейінгі көр­кем әде­биет­терден Жаңа жыл туралы деректер кездестіре ал­май­сың.
Дегенмен кейбір қазақ ға­лымдары Жаңа жыл мерекесін той­лау көшпелілерден тараған дәстүр екенін айтады. Мысалы, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты еңбегінің «Шыршалар мерекесі» деген тарауында осы мәселе қамтылады. Онда автор қыпшақтардың Жаңа жылды желтоқсанның соңында тойла­ған­дығын, тіпті, Үлкен деген ақсақалдың сүйікті ағашы шыр­шаны ерекше құрметтеп, оның бұтақтарына әртүрлі шүбе­рек­терді іліп, айнала ән шырқаған­дығын айтады. Бұл мәселеге қа­тысты көптеген пікірталастар жүріп жатқандықтан, нақты солай болды деп кесіп айту қиын. Сол себепті біз Жаңа жыл­дың дәстүрімізге енуін Ке­ңестік идеологиямен қатар қа­растырамыз.


Шыршаны безендіру және наным-сенімдер

Адамзат баласы табиғат ана­ны ерекше құрмет тұтқан. Сон­дық­тан да кейбір ескі тайпалар табиғи апаттарды, жел мен суық аяздарды орман киесі жібереді деп сенген. Олар орман киесінің ашуын басу үшін ең үлкен ағашқа тәтті-дәмділер мен әсем гүлдер іліп қойып, оны айнала жүріп әр­түр­лі ырым-жоралғылар жа­саған.
Ал Ежелгі Еуропа жерін ме­кендеген тайпалар ағашқа та­бы­натын болған. Олар адамның тағдыры мен мінезі оның өзіне тиесілі ағашына байланысты бо­лады деп түсінген. Кельт абыз­да­рының пайымынша, әрбір ағаштың киесі бар. Бірінікі жуас болса, екіншісінікі тым қатал болады деп сенген олар қасиетті рухтардың ризалығын алу үшін алып емен ағашын дәмді дү­ниелермен толтыратын. Шырша мәңгілік өмірдің символы бол­ғандықтан, көбіне таңдау осы ағашқа түсетін. Желтоқсан айын­­да ашуына мінетін рухтар­дың қаталдығынан қорыққан ел ай соңында осындай діни жо­ралғылар жасайтын болған де­седі. Өсім көп болсын, көк шүй­гін болсын деген ниетпен шыр­­шаға алма ілінетін болған. Өмір жалғасын тауып, ұрпақ өніп-өссін деген сеніммен жұ­мыртқа ілген. Жаңғақтың ілінуі құдайдың құдіретін мойындауды білдіреді.
Ал кейбір елдер қара күш­тер­ден үйін және бала-шағасын қор­ғау үшін шырша бұтақтарын есік­тің төбесіне іліп қоятын бол­ған. Қазақтардың да аршаны үйі­нің төріне іліп қоюы осы кездерден бастау алуы әбден мүмкін.
Аңғарсаңыз, шырша безен­ді­ру дәстүрі бір діни таным не­гізінде пайда болмаған. Кері­сін­ше, пұтқа, табиғи күштерге та­бынған ежелгі тайпалардан енген дәстүр. Ежелгі неміс ха­лықтары Жаңа жылда жаңа өмірдің нышаны ретінде бір түп шырша егетін болса, кейін бұл дәстүр кері бағытта жалғасын тапқан. Орманда түрлі әшекей тағынатын шыршалар кесіліп әкелініп, әрбір отбасының төрі­нен орын алған. Шырша бұтақ­тары ауыр тәтті-дәмдіні көтере алмағандықтан, адамдар оған жеңіл ойыншық түрлерін ойлап таба бастаған. Шыршаны зама­науи гүлтізбектермен безен­діруге жол ашқан адам неміс Мартин Лютер екен. Ол Жаңа жыл қарсаңында өзінің үйіндегі шыршаны шырақтар іліп безен­діріп көрген. М.Лютер идея­сы­ның негізінде электр гүлтіз­бек­тері пайда болған. Яғни шыр­шаны безендірудің түпкі мәні жоғалып, сәніне көп мән беріле бастаған. Осылайша ежелгі ырымдар мен жоралғылар халық санасынан біражола өшіп кеткен. Алғашқыда ырым-жоралғыларға байланысты тағылған әшекей енді тек сәндік үшін тағылатын, тіпті, шыр­шаның өзі Жаңа жылда үйде жарқырап тұруы керек әшекей ретінде ғана қалып қойған.
Жаңа жыл - халқымызға партия басшыларының бұйры­ғы­мен бірге енген мереке. Ке­ңестік идеология құрсауында бол­ған қазақ халқына бұл дәстүр тез сіңіп үлгерген еді. Оған дейін қазақ салтында шыршаны безен­діру мен қысты күні Жаңа жыл­ды қарсы алу дәстүрі болмаған. Десек те, Кеңестік идеология сарқыншақтарынан түгелдей арыла алмай жатқан қазақ қо­ғамы бүкіл дүниежүзінің сал­тына енген бөтен дәстүрден жуық арада арыла қоймасы анық. Төл мерекеміз - Ұлыстың Ұлы күні өзге мерекеге бергісіз Ұлы мейрам екенін жұрт қашан түсінер екен?

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11764&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер