BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сарыағаштық жеті жасар баланы Астанаға әкететін болды

Фото: Informburo.kz

Бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Шымкентке келді. Ол «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінетін жеті жасар баланы Шымкенттен Астанаға әкететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Уәкіл түнгі сағат 1-лер шамасында журналистерге берген сұхбатында өзінің елдегі барлық баланы қорғауға міндетті екенін, өз көмекшілерінен әлеуметтік желілерде сарыағаштық жеті жасар баланың зорлануы мүмкін екеніне қатысты ақпардың кеңінен талқыланып жатқанын естігенін айтты.

«Мен мұны естіген соң, жергілікті билік өкілдеріне хабарласып, облысқа мониторингтік топты жібердім. Еліміз үлкен болғандықтан, мен әр аймақта мониторингтік топтар құрғанмын. Олар ең алдымен баланың қорғаушы тарапымен кездесіп, сөйлесті. Мен де қорғаушыларымен сөйлесіп, бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде баланы қорғауға міндетті екенімді хабарладым. Мұнда баланың жағдайын өз көзіммен көру үшін ұшып келдім. Билік тарапынан баланың құқығын қорғау бойынша қандай шаруалар атқарылып жатқанын білдім», - деген уәкіл Зағипа Балиева.

Сондай-ақ, омбудсмен бала, оның әжесі және әпкесінің дәл қазір қайда екендерін айтты.

«Баланың қауіпсіз жағдайда екеніне көз жеткіздім. Ол қазір менің жанымда. Әжесі мен тәтесі де оның жанында. Анасын тауып, онымен де сөйлестім. Анасы Астанаға келуге келісті. Біз бәріміз Астанада кездесеміз. Олар ертең менімен бірге Астанаға ұшады. Қазір балаға барлық қолайлы жағдайды жасауымыз керек. Ол тынығуы қажет. Өйткені, қосымша сараптама жүргізу балаға ауыр тиеді. Мемлекеттік органдардың өкілдері кешенді сараптама жүргізу үшін клиницистерді, психиатрларда, балалар дәрігерлерін жіберуге дайын. Және бұл тәуелсіз сараптамаға барлық тілек білдірушілерді қатысуға шақырады. Яғни, ол топқа жәбірленушінің заңды өкілдері талап еткен мамандардың тәуелсіз сараптама тобына қатысуына рұқсат етіледі», - дейді омбудсмен.

Зағипа Балиеваның сөзінше, сараптама қорытындысына сәйкес, қажетті шаралар қабылданады.

«Егер зорлау фактісі дәлелденсе, онда бұл процеске қатысушылардың бәрі де жауапкершілікке тартылады. Егер баланы зорлау фактісі расталмаса, онда да қажетті шаралар жасалуы керек деп ойлаймын. Өйткені, бала мұндай жағдайға түсті. Ол талқылау объектісіне айналды. Оның өмірі алда. Сондықтан да баланың бар құқықтарын құрметтеуіміз қажет. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл баланы ғана емес, сонымен қатар «зорлық жасады» деп айтылып жатқан балаларды да қамқорлығыма алуға міндеттімін. Егер олардың зорлық жасағаны расталса, онда олардың заңды құқықтары қатаң сақтала отырып, қандай да бір қысым көрсетілмей, жауапкершілікке тартылуы шарт. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде барлық баланы қорғауға міндеттімін», - дейді Зағипа Балиева.

Осылай деген Бала құқығы жөніндегі уәкілдің айтуынша, қазір ешкімнің де балаға жақындауға құқығы жоқ.

«Қазір балаға ешкімнің де жақындауға құқы жоқ. Ол тынығып, тамақтанып, сабақ оқуды бастауы қажет. Ешқандай да сұраққа жауап бермеуі керек. Оның жанында қазір психолог бар. Ол оның жанында күні-түні болады. Қорытынды шығарады. Мен келген кезде, олар сурет салып отырды. Яғни, баланың барлық құқығы толықтай қорғалған», - дейді уәкіл.

Бұған дейін қазақстандық қоғам белсенділері мен еріктелер жиналып, жеті жасар баланы Алматыға апарып, тәуелсіз сараптама жасауды ұйымдастырды. Бұл үшін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы адвокат келіп, жәбірленушіні қорғауына алды. Осылайша 14 наурыз күні кешкісін сағат 20:17-де жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесі, ресми өкілі – төртеуі Шымкент теміржол вокзалынан Алматыға пойызбен жүруі тиіс болатын. Бірақ сағат 20:00 шамасында баланың әпкесі мен ресми өкілі журналистерге хабарласып, оларды пойызға мінгізбей, ұстап қалып, бір топ полицейдің ОҚО ішкі істер департаментіне күштеп әкетіп бара жатқанын хабарлады.

Содан кейін ОҚО ішкі істер департаментінің ғимаратында ұсталып отырған жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесіне оның ресми өкілі Дінмұхаммед Артықов пен қорғаушысы Бауыржан Азанов кіргізілді. Іштен шыққан ресми өкіл баланың Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілгелі жатқанын хабарлады.

Сағат түнгі он жарымдар шамасында жеті жасар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданғаны жөнінде хабарлама таратты.

Ресми хабарламада «Шымкент темір жол вокзалында баланың әжесімен әңгіме жүргізілді. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қорғауға алу құқығы бойынша тергеуші қаулысының қажеттілігі туралы түсіндірілді. Содан кейін баланың әжесі мемлекет тарапынан берілетін қорғауды пайдалану құқығын қолдану туралы шешім қабылдады», - деп жазылған.

Ізінше ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова баланың «кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгенін мәлімдеді».

Жәбірленушілердің ресми өкілі Құрманғазы Мүсір кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына барып, баланың онда жоқ екенін хабарлады.

«Баланың әпкесімен сөйлестім. Оларды бізден жасырып ұстап отыр. Сол факт бойынша енді полицейлерге барып, бізден оларды алып кетіп, жасырғаны үшін арыз өткіземіз», - деді Құрманғазы Мүсір.

Бала құқығы жөніндегі Зағипа Балиева баланың және оның жанындағы әжесі мен әпкесінің психологпен бірге жалдамалы пәтерге орналастырылғанын айтты.

Еске салсақ, 12 наурыз күні қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған» деген ақпар тарады. Жеті жасар баланың әжесі бұл туралы аудандық ішкі істер органдарына хабарланғанын, бірақ тергеу шараларының жеткілікті жүргізілмей келе жатқанын айтты.

Содан кейін кешкісін ОҚО Ішкі істер департаменті «Сарыағаш ауданындағы кәмелеттік жасқа толмаған 7 жасар балаға қатысты мектеп оқушыларының оны ұрғаны және зорлағаны жөніндегі дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен Сарыағаш аудандық ІІБ ПБ қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық істің тергеуіне қатысты қалған мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан, жарияланбайды. Істің тергелуі ОҚО ІІД басшылығының жеке бақылауында», - деп хабар таратты.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының хабарлауынша, тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды.

«Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Бұл оқиға Қазақстан қоғамында үлкен дау туғызып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер