BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Мыңжылдықтың 7 есебінің бірін шешкен қазақ математигі

Математиктердің дүниежүзілік конгресі қабылдаған ұйғарым бойынша, 500 есеп шешімі қиын есептердің қатарына жатқызылған. Оның 15 күрделі, 7-еуі аса күрделі деп танылған. Осы жетеуге кейіннен «Мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмалары» деген ат беріледі. Жетеудің біреуі – Пуанкаре гипотезасын ресейлік атақты Перельман шешсе, «Новье-Стокс» теңдеуінің жауабын табу – қазаққа бұйырған сынды. Ол Мұқтарбай Өтелбаев. Енді, тек мойындалуы қалды.

Новье-Стокс теңдеуін шығарумен шартараптың ұлы математиктері жүз жыл айналысқан екен. Өтелбаев өмірінің 30-40 жылын сарп етіп, ізденіп, қиын есептің шешімін тауып, орыс тілді «Математический журнал» басылымына ұсынған болатын. Бірақ, Монтгомери-Смит ғалымдары шешімнің олқы тұсын байқап, Өтелбаевты хабардар еткен. Кейін расында қателік жібергенін ғалымның өзі мойындап отыр.

Математик қазір теңдеудің қиын түйіндерін шешу барысында кеткен қателіктерімен жұмыс істеуге кіріскен. Егер Өтелбаевтың бұл ойы жүзеге асса, Клэй математика институты есептердің әрқайсысына миллион доллардан ұсынған мыңжылдықтың жеті жұмбақ есебінің екіншісін шешкен оқымысты ретінде тарихта қалады.

Тынбайтын ғалым, сынбайтын тұлға МҰҚТАРБАЙ ӨТЕЛБАЕВ ТУРАЛЫ 15 ДЕРЕКТІ назарларыңызға ұсынамыз:

1. Мыңжылдықтың 7 есебінің бірін шешкен кісі.

2. Есептің шешімін табу үшін Мұқтарбай аға 30-40 жылын сарп еткен.

3. «Математикадағы функционалдық анализ және оның қолданбалы ғылыми саласы» бойынша ашқан жаңалықтары арқылы есімі дүние жүзіне әйгілі ғалым.

4. 2009 жылы Мәскеуде үлкен конференция болып өтеді. Әлемнің шартарапынан әйгілі ғалымдар жиналған басқосуда Мұқтарбай Өтелбаев та бар еді. Сонда алғашқы сөз тізгіні М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничийге берілді. «Әлемдегі ең әйгілі ғалымдардың бірегейі бүгінгі біздің форумға қатысып, осы залда отырғаны біз үшін үлкен мәртебе. Ол – Мұқтарбай Өтелбаев», - деп, тек қазақ ғалымының есімін атаған ректордың сөзіне залда отырғандардың баршасы түрегеп, қол соққан екен.

5. Мұқтарбай ағаның жазған аса құнды ғылыми еңбектері мен мақалалары әлемнің белгілі газет-журналдарында жарияланған.

6. Дүниежүзі бойынша Халықаралық стандарттарға сай математикалық ғылыми журналдардың 95 %-ы Батыс елдерінде, 5 %-ы ғана ТМД елдерінде шығады екен. Ал Қазақстанда мүлдем болмаған. Алайда, Мұқтарбай ағаның бастамасымен елімізде, тіпті, Орта Азия бойынша «Еуразия математикалық журналы» шыға бастады. Журнал әлемдік деңгейдегі, халықаралық стандарттарға сай баспасөз шығарылымы болып саналады.

7. Бала кезінен көрнекті ғалым боламын деп мақсат тұтқан математик мектепке 9 жасында ғана аяқ басып, кештеу барады. Ол аз болғандай, мал бағып, бар болғаны 7 сыныпқа дейін орта мектептің білімін алған.

8. Шет елдің көптеген жоғары оқу орындарына шақырту алса да, «Туған жерімнен кіндік үзгім келмейді» деп бас тартады. Өмірлік ұраны – «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!».

9. Қызықты факт: Мықты математик, ұлы ғалым, ұлағатты ұстаз болса да, шахматты дұрыс ойнай алмайды екен.

10. Ғалым математикаға, есепке күніне 15 сағат уақытын жұмсайды.

11. Бішкек университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Бір жылдан соң, әскерге шақыртылып, 3 жыл борышын өтеп келсе, күндізгі бөлімге қайта қабылданбай қояды. Мәскеуден комиссия келді дегенді естіген студент, олардың емтиханынан өтіп, В. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсіп кетеді. Оқуын тәмамдаған жігіт Мұқтарбай сол Мәскеудегі аспирантураға жолдама алады. Қазақтың ішінде тұңғыш рет математикадан докторлық диссертацияны қорғаған да осы кісі.

12. Қарапайымдылығын туғандары, дос-жарандары, таныстары, тіпті, студенттері де дәлелдейді. Әр оқу жылының басында және соңында Мұқтарбай аға бастаған бір топ ұстаздар мен студенттер тауға, серуенге шығып отырады. Таза ауада дастарқан жайып, шай ішіп, әндетіп, демалуды әдетке айналдырған. «Тасыспа» деп аталатын ойынды студент-шәкірттерімен бірге ойнауды өзі ұсынады-мыс. Сонда ұстаздардың бірі Мұқтарбай ағаның мойнында студент баланың отырып ойнағанын көріп, ғалымның қарапайымдылығына таң қалған.

13. Ректорлық қызметтен өз қалауы бойынша бас тартып, ғылыммен айналысқанды жөн көреді.

14. Ғылымға келместен алдын мал баққан, тракторшы, күзетші қызметтерін атқарған.

15. Мұқтарбай ағаның Ділдәш есімді жалғыз қызы бар.

«Қазақстан» ұлттық арнасының «Дара жол» бағдарламасы

Ақпарат көзі: kazakh-tv.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер