BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекеттік хатшы үздік журналистерді марапаттады

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Қарымды қалам иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова үздік журналистерге Президенттің сыйлықтары мен гранттарын тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Баршаңызды Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегі жоғары деңгейде лайықты бағаланып, арнайы аталып өтетін дәстүрлі шарада сіздермен жүздесіп отырғаныма аса қуаныштымын. Бүгін үздік деп танылған журналистеріміз бен озық жетікстіктерімен ерекешеленген шығармашылық ұжымдарына, президент сыйлықтары мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялаймыз», - деді ол.

Салтанатты жиын барасында Мемлекеттік хатшы атаулы шараның биыл 21-ші рет өткізіліп отырғанын қуанышпен жеткізді.

«Журналистер қауымы асыға күтетін бұл шара биыл 21-ші рет өткізіліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев БАҚ саласын дамытуға ұдайы айрықша көңіл бөліп отырғанын өздеріңіз білесіздер. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, баспасөз қашанда халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Ширек ғасырдағы уақыттың ішінде БАҚ өкілдері еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық дамуының барлық үдерістерін уақытылы жан-жақты жариялап келеді. Ақпарат саласы мемлекеттік билік пен халық арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз етіп, Қазақстан қоғамын жұмылдыруда маңызды рөл атқаруда», - деді ол.

Осы орайда Гүлшара Әбдіқалықова отандық БАҚ алдында жаңа міндеттер тұрғанын тілге тиек етті.

«Бүгінде отандық БАҚ-та Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық мақсат-міндеттерді соның ішінде «Рухани жаңғырудың» маңызын кеңінен жариялап көрсету міндеті жүктеліп отыр. Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін де ақпараттық тұрғыдан қолдау күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Осы айтылған және өзге де маңызды міндеттерді БАҚ өкілдері сапалы әрі уақытылы орындайды деп сенеміз», - деді ол.

Кейін Мемлекеттік хатшы Президенттің сыйлықтары мен гранттарына ие болған журналистер қанша көлемде ақшалай сыйақыға ие болатындығын айтты.

«Отандық БАҚ-қа қолдау білдірудің маңызды бөлігі журналистер мен шығармашылық ұжымдарды ынталандыру. Президенттің арнайы сыйлығына өздерінің шеберліктері мен талантын қоғам игілігі үшін жұмсап, еңбектене жүріп көзге түскендер ие болады. Биылғы ақшалай сыйақы мөлшері 76 млн теңгені құрайды. Лауреаттар 3 млн теңгеден, Президент грантының иегерлері 538 мың теңгеден алады», - деп түйіндеді сөзін Гүлшара Әбдіқалықова.

Кейін Мемлекеттік хатшы Президенттің сыйлықтары мен гранттарына ие болған қарымды қалам иелерін құттықтады.

Биыл Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары:

Қазақстанның жаһандық бастамаларын жан-жақты жариялап-көрсеткені үшін «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі Майра Абдрахмановаға,

Отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі шығармашылық үлесі үшін Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембаевқа берілді.

Ал Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы гранттары:

Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы қызметін кеңінен жариялап-көрсеткені үшін «Казахстанская правда» жалпыұлттық газетінің тілшісі Юлия Магерге,

Елдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар барысын белсенді жариялап-көрсеткені үшін «Айқын» республикалық газетінің меншікті тілшісі Айхан Шәріповке тапсырылды.

Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы Алғыс:

Қоғамды дамытудың өзекті мәселелерін жедел жариялап-көрсеткені үшін «Астана» телеарнасындағы «Біздің уақыт» телевизиялық бағдарламасының шығармашылық ұжымына;

Қоғамды демократияландыру және саяси мәдениетті жетілдіру үдерістерін жариялап-көрсетуге қосқан үлесі үшін «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының шығармашылық ұжымына,

Өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жариялап-көрсетуге қосқан үлесі үшін Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің шығармашылық ұжымына,

Отандық телевизиялық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Хабар 24» телеарнасының шығармашылық ұжымына жарияланды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
01 Қазан 2017, 21:18
Ұстаз – ұлы есім
Пікірлер