Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2018 жылдың 14 желтоқсан күні «Латын әліпбиін енгізудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізеді.
Семинар-кеңестің мақсаты – латын графикасына негізделген жаңа емле ережелерін Қазақстан Республикасы жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдауына байланысты атқарылған жұмыстарды қорытындылау, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарын пысықтау және болашақта ұйымдастырылатын ғылыми бағыттағы жұмыстарды белгілеу.
Семинар барысында еліміздің беделді ғалымдары Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық жұмыс тобы мүшелері Шерубай Құрманбайұлы, Таңат Аяпова, Анар Фазылжанова, Айман Алдаш, Жанар Жұмабаева, Құралай Күдеринова, Айнұр Сейітбекова қатарлы тілші-ғалымдар емле ережелерінің теориялық, әдістемелік негіздері, емле ержелерін үйретуде туындайтын қиындықтар, 2019 жылғы Орфографиялық жұмыс тобы атқаратын шаралар, Ономастикалық ережені дайындаудағы мәселелер, Емле негізінде дайындалатын анықтағыштың негізгі бағыттары турасында баяндамалар жасайды. Тіл орталықтарының әдіскерлері мен мамандарына арналған жаңа жазуды меңгерту әдістемесін үйрететін курс бағдарламасы таныстырылып, талқыланады.
Сонымен қатар латын графикасына көшкен түрік, әзербайжан тілі емле ережелеріндегі ерекшеліктер сөз болады. Аталған шараға 4 жұмыс тобының ғалымдары мен әдіскерлері, мамандар, зиялы қауым өкілдері және журналистер қатысады.
Семинар-кеңес 14 желтоқсан күні сағат 10:00 де Сарыарқа көшесі 8а, Park Inn қонақ үйінің конференция залында өтеді
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!