BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты сот процесі басталды

7 қарашада Астанада ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Сот отырысы ашық тәртіпте өтті. Сот тыңдалымында Қуандық Бишімбаев үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктілер тізімі жарияланды. Экс-министрге Қылмыстық кодекстің «Пара алу» - 366-бабы, 4-тармағына, сондай-ақ «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» - 189-баптың 4-бөлімі, 2-тармағына сәйкес айып тағылып отыр.

Қылмыстық іс бойынша күдіктілердің басым бөлігі - «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлері.

Олардың арасында «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев, оның орынбасары Аслан Жақыпов, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ департаментінің бұрынғы басшысы Бауыржан Әйтімбетов, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ дирекциясының бұрынғы директоры Сәдуақас Сапарымбетов және «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басқарушы директорлары қызметін атқарған Дельрух Анарбай мен Ғазиз Сариев бар. Сондай-ақ, іс фигуранттарының қатарын «Orda Glass» ЖШС бұрынғы басқарма басшысы Дәурен Ибрашев, «Құрылыс металл конструкциялар зауыты» ЖШС бұрынғы бас директоры Жақсылық Исабек, «Шымкентхиммонтаж» бұрынғы бас директоры болған Марат Қожабаев және «Қазмұнайгаз» бөлімшелерінің бірінің бас директорының орынбасары болған Ерлан Айталиев толықтырады.

Одан бөлек, Азиз Акрамов, Қанат Смағұлов, Бауыржан Есмұханов, Арман Қамаров, Ернар Жұманазар, Сәбит Утебалиев, Қайдар Косшанов, Данияр Олжабеков, Уәлихан Жұмабай, Әділжан Акрамов және Нұрлыбек Сұлтан - Бишімбаев ісі бойынша күдіктілер тізіміне енді.

Сот отырысын судья Әділхан Шайхисламов жүргізді.

«Қолдаухаттар тыңдалды. Сот ісі күн сайын өтеді. Мұндай сот процестері күнде қаралатынын адвокаттардың көпшілігі біледі. Қашан басталып қай уақытқа дейін жалғасатыны туралы график дайындаймыз. Үзіліс те болады. Істі күн сайын қараймыз. Сот процесіне қатыса алмайтын адвокаттар болса орындарын басқалар алмастырады», - деді Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Əділхан Шайхисламов.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 28 желтоқсанда Қуандық Бишімбаевты «Бәйтерек» холдингіндегі қызметіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты орнынан босатып, Тимур Сүлейменовті ҚР Ұлттық экономика министрі етіп тағайындаған болатын.

10 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қуандық Бишімбаевты ірі көлемде бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұстады. Экс-министр мен 22 күдіктіге қатысты қылмыстық істің тергеу жұмыстары аяқталып, 2017 жылы 14 қазанда Астана қаласының прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдады.

19 қазанда Ұлттық бюро Тергеу департаменті басшысының орынбасары Олеся Кексель сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тергеу барысы және нәтижелері туралы баяндағанда Бишімбаев ісіне қатысты 23 күдіктінің үшеуі ғана қылмысын мойындамағнын, олар Бишімбаев пен оның ағасы, құрылыс компаниясының бір қызметкері екенін мәлімдеді. Қылмыстық іс көлемі 250 томнан тұрады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер