Астана. 10 қазан. Baq.kz Қазақстанның пошта байланысының ұлттық операторы «Қазпочта» АҚ «Ескерткіш, мерейтойлық даталар және мерекелер» сериясымен компанияның 20 жылдығына арналған жаңа марканы айналымға шығарды. Марканы таныстырудың салтанатты жиынына ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсенов қатысты деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігі
Мерекелік пошталық топтаманың шығарылымы 9 қазан -Дүниежүзілік пошта күніне арналып отыр. Қазақстанның пошталық әкімшілігі 1992 жылдан бастап Бүкіләлемдік пошта одағының мүшесі. Ал, 2012 жылы Бүкіләлемдік пошта одағының Доха қаласында (Катар) өткен 25 конгресінде «Қазпочта» АҚ-ның филателиялық топтамасы әлемдегі ең үздік топтамалардың бірі ретінде танылды.
Құрылғанына 20 жыл болған «Қазпочта» АҚ-ның құрылымында бүгінгі күні 17 мыңнан астам қызметкер қызмет етсе, пошта байланысы бөлімдерінің саны 2,5 мыңға жуықтады. Компания 6 мың елді мекенге қызмет көрсетеді.
«Қазпочта» - ең қажетті және көпшілік сұранысына ие қызметтерді ұсынатын әлеуметтік бағдарланған компаниялардың бірі,-деп атап өтті ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсенов. – Биылғы жылы «Қазпочта» Халыққа қызмет көрсету орталықтарының үлгісі бойынша қызмет көрсету сапасын арттырудың іс-шаралар жоспарын қабылдады. Жақын уақытта бірқатар бөлімдердегі қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде болатынына сенімдімін».
Вице-министр компания бүгінгі күні 5 ауылдық бөлімде мемлекеттік қызметті көрсету бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырып жатқанын айтып өтті.
Бұдан бөлек, Сәкен Сарсенов «Қазпочта» өзінің логистикалық желілерін белсенді түрде дамыта отырып, Қазақстанда электрондық коммерцияның қарқын алуына айтарлықтай үлес қосады деген сенімін білдірді.

Марканы таныстырудың салтанатты жиынына ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсенов (сол жақта) және «Қазпочта» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Ермек Пірімбетов қатысты
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!