Қайырымды жандардың жұмысын насихаттайтын жоба басталды - Қоғам|25 Желтоқсан 2018, 12:39
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қайырымды жандардың жұмысын насихаттайтын жоба басталды

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ. «Астана» телеарнасының эфирінде және «Айқын», «Литер» газеттерінде «Қайырымды жандар» бірегей жобасы бастау алады.

Жоба аясында 20 минуттық телевизиялық деректі фильмдер сериясы және көлемді мақалалар мен Қазақстанның қайырымдылық қорлары туралы сұхбаттаржарық көреді.

Бүгінде елімізде қайырымдылық шараларын жүзеге асыратын 5 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар, мекемелер және қорлар бар. Жоба авторлары еліміздегі қайырымдылықпен ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде айналысып келе жатқан ең ірі қорларды таңдап алып отыр.

Жоба кейіпкерлері – қайырымдылық қорларының құрылтайшылары мен басты демеушілері, яғни, ізгі ниетті жандар. Жоба авторлары қайырымды жандардың өзгеге көмек қолын созуға, әрдайым қолдау көрсетуге талпындыратын ішкі мақсаттарын ашып көрсетеді. Бүгінде олар жүздеген әлеуметтік, медициналық және білім беру саласындағы маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Олар аз қамтылған отбасылардың мәселелерін шешіп, балалар орталықтарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, церебральды сал ауруы, аутизм, онкология сияқты ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға қол ұшын созып келеді.

Көрермендер бұл фильмдерден көмекке мұқтаж адамдардың қиындықтарын бөлісе алатын мейірімді жандардың сан түрлі оқиғаларын көре алады. Мысалы, аз қамтылған отбасылар мен Балалар үйлерінің нейро-ортопедиялық сырқатқа шалдыққан балаларын оңалтумен «Қасиетті Жол» қайырымдылық қоры айналысып келеді. Бұл қорға Динара Закиева, Шолпан Нурумбетова, Арайлым Еркинова, Гульмира Алимова сияқты көп балалы аналардан құралған іскер әйелдер тобы құрылтайшылық етеді. Нагима Плохихтің бастамасымен «Здоровая Азия» қоры Қазақстандағы бірінші паллиативтік көмек көрсететін балалар хосписін ашып, онкологиялық дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетеді. Ал, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін ыңғайлы, инклюзивті орта жасау – Гүлнар Досаеваның «Дара» қорының мақсаты болып отыр. Аружан Саинның «ДОМ» қайырымдылық қоры ұзақ жылдар бойы ауыр науқастанған балаларға мақсатты көмек көрсетіп келеді. Болат Өтемұратовтың қоры аутизммен ауыратын балаларға арналған 4 оңалту орталығын ашып, спорт пен өнерді дамытуда бірқатар жобаларды іске асыруда. Айдын Рахымбаевтың «Аналар үйі» қоры – барлық бала отбасы жылуын сезініп, махаббатқа бөленіп өсуі тиіс деп есептейді. Бауыржан Байбектің «Болашақ» қоры 8 оңалту мекемесін жабдықтап, мұқтаж балалар мен талантты жастарға 17 білім беру және 47 жол жүру грантын табыстады. Әсел Тасмағамбетованың «Сәби» қоры сатып алған 62 «инватакси» көліктері Қазақстанның 20 қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды алып жүреді, және қор 8 кешенді бағдарлама арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Айдана Сулейменованың «Аяла» қоры перзентханалар мен перинаталды орталықтарды қымбат жабдықтармен қамтамасыз етеді және SMS арқылы қайырымдылық қорын жинау үшін 9962 қысқа санын іске қосқан.

«Бұл жоба елімізде қайырымдылық жасау мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға ықпал ететін болады. Біз ірі қайырымдылық қорлары және олардың алдағы жоспарлары мен күнделікті жұмыстары туралы сөз етеміз. Жобадан әр қазақстандық қайырымдылық жасауға қалай өз үлестерін қоса алатынын және мұқтаж жандар қандай көмек ала алатынын біле алады. Осы жоба барысында адамдардың бойында мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттері көпшілік ойлағаннан әлдеқайда көбірек екеніне көз жеткіздік. Сондай адамдарды ел білсе екен дейміз және олармен мақтана алуымыз керек» - дейді, «НҰР-Медиа» Холдингінің бас директоры Ләззәт Танысбай.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер