BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Халықаралық рейтингтер елдегі объективті жағдайды көру үшін қажет – сарапшы 

Астанада бизнес өкілдерімен өткен кездесу барысында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Стратегиялық әзірлемелер орталығының директоры Бақытгүл Қамбар Қазақстанның халықаралық бизнестерге не үшін қатысуы керектігі жөнінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әлем бойынша елдің дамуын көрсететін негізгі барометрлердің бірі - елдегі бизнестің даму деңгейі болып саналады. Сондықтан, Қазақстан бәйгеге түсіп отырған үлкен халықаралық рейтингтер елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайды кәсіпкерлеріміздің пікірі арқылы анықтайды. Жалпы, бізге бәсекеге қабілеттілікті бағалайтын рейтингтер не үшін керек? Бұл рейтингтер біздің елдің басқа елдемен салыстырғандағы даму деңгейін көрсетеді. Қазақстан 2030 жылға дейінгі стратегиясын жариялаған сәттен бастап, әлемдегі алпауыт елдермен бәйгеге түскенін білеміз. Біздің мақсат –әлеуметтік жағдайы, өмір сүру сапасы жақсырақ елдердің деңгейіне жету, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Сонымен бірге, халықаралық рейтингтер - елге инвестиция тартудың құралы», - деді Бақытгүл Қамбар.

Оның айтуынша, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті бағалайтын рейтингке 130 ел қатысады. Ал Швейцарияның Лозанна қаласындағы халықаралық даму институты өткізетін IMD рейтингіне - алдыңғы қатарлы дамыған 60 ел ғана қатыса алады.

«2008 жылы Экономикалық зерттеулер институты Швейцариядағы халықаралық менеджментті дамыту институтының ресми серіктесі атанды. Сондықтан, жыл сайын ресми серіктес ретінде біз Қазақстанның рейтингке қатысуына қолдау көрсетеміз. Ал Қазақстан үшін бұл рейтингтердің қажеттілігі қандай? Өзіңіз де кез келген мемлекетте жұмыс істеу үшін алдымен сыбайлас жемқорлықтың деңгейіне қарайсыз. Сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау үшін халықаралық агенттіктер өзге рейтингтерден мәлімет алады. Сондай мәлімет алатын рейтингтердің бірі - IMD. Сондықтан, бұл рейтингтерге қатысу біз үшін маңызды, онсыз елдегі объективті жағдайды көре алмаймыз», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Аталған рейтингте Қазақстан қазіргі уақытта Үкімет қызметінің тиімділігі бойынша 25 орында, экономикалық қызмет жөніндегі факторда - 40 орында тұр. Бұл нәтижелерге қарап, мемлекет саясатының, стратегиясының бағытын анықтауға болады.

«Жыл сайын орта есеппен 700 кәсіпорынды қамтитын база топтастырып, Лозанна институтына жібереміз. Олар ешқандай ұйымды араға салмай, тікелей кәсіпорындарға сұрақтар сілтемесін жібереді. Бұл сауалнамаға 700 кәсіпорынның жүзден астамы ғана жауап береді. Әрине, кәсіпкерлердің уақыты тығыз екенін түсінеміз. Алдағы уақытта кәсіпорындарды бағалауға белсенді қатысуға шақырамын. Өйткені, сіздердің берген бағаларыңыз арқылы елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға баға береді», - дейді Бақытгүл Қамбар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер