BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.91
Астана:

Бишімбаев Астана іргесінде зәулім коттеджді қалай салғанын түсіндірді

Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың пара алып, сол қаржыға Астана іргесіндегі Қосшы ауылында зәулім коттедж салғаны туралы айтылды. Алайда елордада өтіп жатқан сот отырысында экс-министр бұл зәулім үйдің өзіне тиесілі емес екенін, ол коттедждің қалай тұрғызылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Сот отырысында экс-шенеунік зәулім үйдің бір топ азаматтардың қаржысына салынғанын жеткізді.

«Бұл жағдайды түсіндірейін. Мен және Нұрлыбек, Жақсыбаев, Бабагулов, Асқар Достияров, Ренат Сисимбаевтармен бірге шығындарды ортақтасып төлеп, аталған объектіні салдық. Тергеушілер бұл туралы білетін. Сондықтан бұл дерек олардың көңілінен шыққан жоқ. Себебі, осы жағдайды есепке алса, менің және басқа азаматтардың тарапынан қылмыс жасалмағаны анықталады», - деді ол.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев тергеу барысында азаматтардың өз пікірін жиі өзгерткенін хабарлады.

«Пікірін өзгерте беретін айыпталушылар алдымен бұл үй параға тұрғызылмағанын айтады. Кейін олар үйдің параға салынғанын жеткізеді. Уақыт өте айыпталушылар үйді салу үшін шығындарды ортақтасып төлегендерін хабарлайды», - деді экс-министр.

Сондай-ақ, бұрынғы шенеунік Астана іргесінде зәулім үйді салған азаматтардың бірі Бақыт Жақсыбаевпен қалай танысқанын, коттеджді қалай пайдаланғанын айтып берді.

«Осыған дейін мен Жақсыбаевтың 2012 жылы Алматыда жұмыс істегенін айтқанмын. Ол сол жақта жүріп, біздің ортақ таныстарымызбен танысқан. Олар осындай жолмен монша салып, ортақтасып пайдаланған. 2015 жылдың жазында Жақсыбаев маған «Бірігіп монша салайық. Бірге пайдаланамыз» деп ұсыныс тастады. Соттың материалдарында бұл объектіні барлығы өз қалауынша пайдаланғанын дәлелдейтін деректер бар. Ол объектіні біз бірігіп салдық. Егер бұл менің үйім болса, олар неге онда өз білгенін жасайды? Неге үйдің интерьеріне қатысты жұмыстарды мен немесе жұбайым емес, Бақыт Жақсыбаев жүргізеді? Яғни бұл үй менің меншігімде емес. Мен де үйді салуға қаржы салған азамат ретінде оны пайдаландым», - деді Қуандық Бишімбаев сот отырысында.

Айта кетейік, 31 қазан күні Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев және аталған іске қатысы бар деп күдікке ілінген 22 азаматқа қатысты алдын ала сот тергеуі басталды. Бұрынғы министрге Қылмыстық кодекстің «Пара алу» - 366-бабы, 4-тармағына, сондай-ақ «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» - 189-баптың 4-бөлімі, 2-тармағына сәйкес айып тағылып отыр.

Осыған дейін Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары Сейіт Рахманов пен Мәди Мырзағараев экс-министрге тағылып отырған айыптардың негізсіз екенін айтқан. Қорғаушылар тіпті Бишімбаев ісіндегі өрескел бұрмалаушылықтарды атап көрсеткен еді. Олардың айтуынша, Қуандық Бишімбаев соттың әділ өтетініне сенеді. Бұдан кейін сот Бишімбаевты қылмыстық жауапкершіліктен босатудан бас тартты. Бишімбаевтың коттеджі табылып, аталған зәулім үйді күзеткен куәгерден жауап алынған еді.

Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан сот отырысында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер