1411 Байланыс орталығының операторы: Күніне 3500 қоңырау қабылдаймыз - Қоғам|25 Қазан 2018, 16:35
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

1411 Байланыс орталығының операторы: Күніне 3500 қоңырау қабылдаймыз Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қызметкерлер күні. Осы орайда біз Азаматтарға арналған үкіметтің Әлеуметтік-еңбек саласындағы 1411 байланыс орталығы операторларын алдағы кәсіби мерекесімен құттықтап, жұмыс барысымен танысып қайтқан едік. Иә, бұл орталықтың мамандары әлеуметтік қызметкер статусына ие, себебі таңның атысы мен кештің батысына дейін олар халықтың әлеуметтік сұрақтарына жауап беріп, консультациялық көмек көрсетеді.

«ЖСН нөміріңізді айтып жіберіңіз», «Толық аты-жөніңіз кім?», «Зейнетақыңыз келесі айдың онына дейін түседі», «Мынадай құжаттарды жинауыңыз керек, жазып алыңыз», «Бұл сұрақ бойынша басқа мекеме жауап береді», «Сізге де рақмет!». Байланыс орталығына кірсеңіз, осындай сипаттағы сөздердің бәрі бір уақытта айтылып жатады.

Аптаның жұмыс күндері сағат таңғы 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін операторлар толассыз сұрақтарға жауап береді. 2011 жылы ашылған Байланыс орталығына тек 1411 нөмірі арқылы ғана емес, СМС-хабарлама немесе info@info.mintrud.kz электронды поштасы арқылы да хабарласуға болады.

«Әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша жауап береміз»

Әлеуметтік - еңбек саласында ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету басқармасының басшысы Құралай Айдарханова қалалық және ұялы телефондардан 1411 бірыңғай қысқа нөміріне тегін қоңырау шала отырып, әлеуметтік-зейнетақымен қамсыздандыру және еңбек қатынастары мен жұмыспен қамту мәселелері бойынша егжей-тегжейлі жауап алуға болатынын айтты.

«Жалпы 1411 байланыс орталығы арқылы адам дүниеге келген күннен бастап зейнетке шыққанға дейінгі әлеуметтік-зейнетақымен қамсыздандыру бойынша барлық мемлекеттік қызметтер мен төлемге қатысты тегін ақпарат ала алады. Тұрғындар бізге мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік төлемдерді алуға қандай құжаттар қажет, құжаттарды қайда өткізу керек, қанша мөлшерде тағайындалады, қанша күн қаралады, қашан зейнетақы мен жәрдемақы түседі, тағы қандай әлеуметтік көмектер бар деген түрлі сұрақтармен хабарласады», - дейді ол.

Сондай-ақ, Құралай Айдарханованың айтуынша, 1411 байланыс орталығы мұқтаж жандарды қолдау мақсатында 2015 жылдан бері мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға онлайн-психологиялық консультация беруге өтінімдер қабылдап келеді. Бұл жоба Қазақстан-Ресей медициналық университетімен бірге жүзеге асырылып жатыр.

«Ертеңінде өтінім берген адамдарға психологтар хабарласып, кеңес береді», - дейді басқарма басшысы.

Әр оператор күніне 200 қоңырау қабылдайды

Байланыс орталығына Қазақстан бойынша хабарласу – тегін. Штатта 22 адам қызмет етсе, оның 19-і – оператор. Олар қазақ және орыс тілінде халыққа ақпарат береді. Байланыс орталығына күніне орташа есеппен 3500 қоңырау түседі, демек әр оператор күніне шамамен 180- қоңырауға жауап береді.

Соңғы 9 айда Байланыс орталығына телефон арқылы 673 466 жеке және заңды тұлғалар хабарласып, кеңес алған. Олардың басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары.

«Сұрақтарға жауап беріп, бағыт көрсету – сауапты іс»

Оператор Байжан Амантаевтың бұл жерде жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болған.

«Маған адамдармен жұмыс істеген және олардың қойған сұрақтары бойынша көмектескен ұнайды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мұқтаж жандар мен басқа да көкейіндегі сұраққа жауап іздеген адамдар хабарласады. Оларға жауап бергенде, алғыстарын жаудырады», - дейді ол.

Оператор Жанар Айтжанова Байланыс орталығында 9 жыл бойы жұмыс істеп келеді.

«Көбінесе «зейнетақы қашан түседі?», «жәрдемақы қашан түседі?» деген сұрақтар бойынша хабарласады. Кейде «пиццаға тапсырыс беруге бола ма?», «такси шақырып бере аласыз ба?» деген сұрақтармен де хабарласады. Ондай кезде бұл сұрақтар бойынша басқа мекеме жауап беретінін айтамыз», - дейді оператор.

«Қазақтың салты бойынша, енемнің атын атай алмаймын»

Жұмыс барысындабасқа да қызықты сұрақтар қойылады екен. Бұл туралы оператор Жанар Қалиақасова айтып берді.

«Бір келіншек хабарласып, енесінің зейнетақысы қашан түсетінін сұрады. Енесінің аты-жөні мен жеке куәлігіндегі ЖСН нөмірін сұрап едім, «кешіріңіз, қазақтың салты бойынша енемнің атын айтуға болмайды» деп аты-жөнін атаудан бас тартты. Онда енесін шақыруды өтініп едім, ол науқастанып жатқандықтан, сөйлесе алмайтынын айтты. «Онда енеңіздің атын оған естіртпей, сыбырлап айтыңыз, оның есімін атағаныңызды ешкімге айтпаймын» деп әрең көндірдім», - дейді Жанар.

Оның айтуынша, 1411 байланыс орталығына мүмкіндігі шектеулі жандар хабарласып, мұңдарын шағып, шерлерін тарқатады екен.

«Мүгедек жандар сырласу үшін хабарласады. Сұрағын түсініп алғанша тыңдап, сосын бұл сұрақ бойынша жауап бере алмайтынымызды айтамыз. Біздің құзырымызға кірмейтін сұрақтар қойылса да, сабырлы қалпымызды сақтап, бұл сұраққа басқа мекеме жауап беретінін түсіндіріп, бағыт сілтейміз», - дейді ол.

Операторлардың бірі – Гүлнұр Ибраева да жұмыс барысындағы қызықты жағдайлармен бөлісті.

«Зейнетақымды ала алмай тұрмын. Пин-кодым қандай?» деген сұрақпен де хабарласатындар бар. Бірде Байланыс орталығына әлдебір келіншек хабарласты. Тұтқаны ала салып, «жүйкемді тоздырма! Маған дауыс көтеруші болма!» деді. «Мен сізге дауыс көтеріп тұрған жоқпын» деп едім, «кешіріңіз, сізге емес, балама ұрсып жатырмын» деді. Сөйтсем бізге хабарласқан кезде баласымен келіспей қалып, бізге хабарласумен қатар баласымен сөйлесіп отырыпты», - дейді оператор.

1411 байланыс орталығында операторлар қоңырау шалған әр адаммен орташа есеппен 1-5 минут аралығында сөйлеседі. Азаматтарға толыққанды ақпарат беріп, жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін операторларға қойылатын талап та қатаң.

«Мамандарымыздың бәрі де жоғары білімді және әлеуметтік салада мол тәжірибелері бар. Әлеуметтік мәселе – қоғамдағы маңызды салалардың бірі. Сондықтан түрлі өмірлік жағдайға байланысты бізге хабарласқан әр азаматтың сұрағын мұқият тыңдап, ерекше ықыласпен жауап береміз», - дейді Құралай Айдарханова.

Фотолар: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер