BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астаналық балалар тегін балмұздақтан дәм татты

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін елордадағы «Арай» саябағында алғаш рет балмұздақ фестивалі ұйымдастырылды. Оған 7 отандық және 3 шетелдік компания қатысты. Шарада балалар тегін балмұздақтан дәм татты, хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Іс-шараны ұйымдастырушы – «Казбренд» қоғамдық қоры мен «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы.

Олар Балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндерге тосын сый жасауды жөн көріпті.

Аталмыш қоғамдық қордың президенті әрі құрылтайшысы Жанна Қасымованың айтуынша, мұндай фестиваль Мәскеу мен Алматыда да жиі өткізіледі екен.

«Биыл Мәскеуде балмұздақ фестивалі 20 рет, Алматыда 5 рет ұйымдастырылды. Ал Астанада мұндай шара бұған дейін өтпеген. Сондықтан біз елорда әкімдігіне арнайы ұсыныс жасадық. Олар бізді қолдады. Бірақ шараның бюджеті бекітілген жоқ. Себебі, барлық қаржы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне бөлінген. Алайда «Казбренд» қоғамдық ұйымы мен «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы аталмыш акцияны өткізуді өз міндетіне алды. Осылайша, Балаларды қорғау күніне орай балмұздақ фестивалін өткізіп жатырмыз», - деді ол.

Осы орайда Жанна Қасымова шараға қанша компания қатысып жатқанын айтты.

«Астанада жұмыс істейтін балмұздақ өндіруші компаниялардың барлығы фестивальге қатысуға ниет танытты. Нәтижесінде біз 10 компанияны тіркедік. Оның 7-уі қазақстандық өндіруші, ал қалғаны ресейлік және шетелдік компаниялар», - деді аталмыш қордың президенті.

Сонымен қатар ол фестивальде балаларға тегін балмұздақ таратылатынын атап өтті.

«Осыған дейін балмұздақ өндіруші компаниялар 1 маусым күні елордалық балалар, жетімдер, интернат үйлеріне 1 000 данамен өз өнімін таратты. Сондықтан бүгін де сағат түскі 12-ге дейін балмұздақ балаларға тегін таратылады. Таңертең бір компания 300 балмұздақ таратты. Ал тағы бір өндіруші интернат үйлеріне 1 000 балмұздақ апарды. Ал үшінші компания балалар үйіне 500 балмұздақ жіберді. Сондықтан олардың да еңбегін жоғары бағалауымыз керек», - деді ол.

Ал «Прима мороженое» компаниясы сату бөлімінің директоры Юлия балаларға тегін балмұздақ таратқанына қуанышты. Оның пікірінше, ізгі іс әлемді құтқарады екен.

«Біз «Prima Distribution» ЖШС-ның еншілес компаниясымыз. Қазақстан нарығында жұмыс істегенімізге 7 жыл болды. Сағат 12-ге дейін 5 жәшік балмұздақты балаларға тегін тараттық. Қазіргі таңда өніміміз бітіп қалды. Астанада балмұздақ фестивалі бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Біз алғаш рет қатысып отырмыз. Ал Мәскеуде өтетін аталмыш шараға жыл сайын қатысамыз. Біз балаларға балмұздақты тегін таратқанымызға қуаныштымыз. Мәселе пайда да емес. Шараның негізгі мақсаты – балаларға жақсылық жасау. Себебі, ізгі істер әлемді құтқарады», - деді сатушы.

№ 66 мектептің оқушысы Мөлдір Қадыр мұндай шараның ұйымдастырылғанына өте қуанышты. Ол 4-5 балмұздақты тегін алып үлгерген. Тек бір әттеген-айы, қарны тоймай қалыпты.

«Мен саябаққа таңғы 11-де келдім. Маған бүкіл балмұздақ ұнады. 4-5 балмұздақты жеп үлгердім. Бірақ мен әлі тойған жоқпын. Алдағы уақытта балмұздақ фестивалі жиі ұйымдастырылса екен», - дейді ол.

Сонымен қатар фестивальде елорданың кішкентай тұрғындарына арналған мерекелік концерт те ұйымдастырылды. Ол кешкі сағат 6-ға дейін жалғасады. Аталмыш шараны ұйымдастырушы Айгүл Қасымқожина концертке 1 ай бойы тыңғылықты дайындалғандарын атап өтті.

«Алғаш рет Астанада ұйымдастырылып отырған балмұздақ фестиваліне арнайы шара өткізіп жатырмыз. Балаларға арналған концерттік бағдарламамыз түскі 12-де басталып, кешкі 6-да бітеді. Сахнада мектеп оқушылары өз өнерін көрсетеді. Кештің ең басты қонағы – ағайынды Жүгінісовтер. Бүлдіршіндердің көңілін аниматорлар көтеріп жүр. Сондай-ақ, оларға арналған түрлі аттракцион жұмыс істеуде. Бұл шараға біз 1 ай бойы дайындалдық», - деді ол.

ФОТО: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер