BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әке көрген оқ жонар

«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді...»

К.Д.Ушинский

Бүгінде Нұрлан Серікханұлы Базарбаевтың теміржол саласында қызмет етіп жүргеніне 40 жылдан асқан. Ерен азаматтың өмір жолын – таңдаған жолға адалдықтың, туған жерге қызмет етудің үлгісі деуге болады. Өнегелі отбасының өркениетті мемлекет, еңселі ел болу жолында атқарған көп жылғы еңбектері бағаланып, кеше ғана Базарбаевтар әулеті «Еңбек адамы» республикалық байқауының «Үздік еңбек династиясы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған еді.

Әке жолын қуған теміржолшылар әулетінің еңбек өтілі сонау 1933 жылдан бастау алады. Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы аяқталған соң, ағайынды Төлеухан, Серікхан мен Кемелхан Базарбаевтар теміржолға жұмысқа орналасады. Шығыс Қазақстан облысының Жарма станциясында дүниеге келген Нұрлан ағамыз әкесінің бауырларымен бірге сол станцияда еңбек жолын бастағанын, жұмысына үлкен жауапкершілікпен, ерекше ынтамен қарайтынын күні бүгінге дейін айтып отырады.

Оның теміржол саласына деген адалдығы, қызмет барысында болған қызыққа толы естеліктері балаларының бойындағы осы салаға деген махаббатты оятып, халқының қалаулысы болған ардақты әкенің ізін жалғауға әрдайым жол ашып отырды.

Жұмыстан кейінгі бірнеше сағатқа созыла сайтылатын әкелік ақыл мен әсерлі әңгімелерден кейін әулетте теміржол саласын таңдағандар саны жылдан жылға көбейіп келе жатқанын да көзіміз көріп отыр.

Өз саласын дамытуда өлшеусіз үлес қосып жүрген, бойына қайсарлық, азаматтық сияқты тұлғалық қасиеттерді сіңіре білген Нұрлан ағамыз кезіндегі теміржолшы боламын деген балалық арманын арқалап, білім алу үшін Ташкент қаласына оқуға аттанған. Телемеханика және байланыс автоматикасындағы электрші инженер мамандығы бойынша ең алдымен Ташкент техникумын, кейін соның институтын тамамдайды. Сүйікті мамандығы бойынша алғашқы қадамдары да осы қаладан бастап, кейін Ашхабадта жалғасын тапқан.

Ағаның монтердан басталған еңбек жолында құрылыс, байланыс, механика, автоматикадағы түрлі қызметтер болған екен. Өмірінің 43 жылын осы салаға арнаған азамат бүгінде еліміздің «Құрметті теміржолшысы» төсбелгісінің иегері.

Іскерлік әлеуетін теміржол саласының дамуына арнаған қадірлі азамат өмірде адаспауға тиіс екі таңдаудан да сүрінбегенін, өмірлік серігін де осы салада жүріп кездестіргенін бүгінгі күні ерекше толқыныспен, зор мақтанышпен айтады.

Ару Алматыға бағыт алған жүрдек пойыз табыстырған махаббат иелері Нұрлан ағамыз бен Гүлжамал апайымыздың бүгінде Серік, Әсем, Айдана есімді ұл-қыздары бар.

Бұл әулеттегі тәрбие де теміржолдағыдай тәртіп пен ұқыптылыққа, адалдық пен жауапкершілікке негізделген. Содан да болар, әкенің ізгі жолын құрметтеген Нұрлан Базарбаевтың балалары да осы саланы таңдап отыр.

Ұлы Серік әкелік дәстүрді бұзбай телемеханика және байланыс автоматикасының электрші инженер мамандығы бойынша білім алып, қазір Көкшетау қаласында бас инженер болып қызмет атқарады. Қызы Әсем Алматы қаласындағы теміржол бөлімінде жетекші есепші болып жұмыс істейді. Кенже қызы Айдананың ғана таңдауы басқа салаға түскен. Ол ҚР Президенті Әкімшілігінде дизайнер ретінде жұмыс жасауда. Ал, Нұрлан ағамыз мен Гүлжамал апайымыз келелі ғұмырларын немерелерінің қызығына арнаған бақытты күндермен жалғауда.

Ертең дәл осы отбасылық дәстүр мен абыройлы еңбек жолын жалғайтын кішкентай теміржолшылар бүгінгі күні ардақты атаның қызық пен шыжыққа толы әңгімелерін асыға күтеді екен...


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер