Қытайдағы қазақ студенттері білім мен бизнесті қатар дамытуда - Қытай қазақтары|26 Маусым 2017, 16:15
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қытайдағы қазақ студенттері білім мен бизнесті қатар дамытуда

Көршілес Қытайда 2 миллионға жуық қазақ ежелгі атақонысында өмір сүріп келе жатқанын білеміз. Сол қандастарымыздың арасынан шыққан талайлаған ғалымдар мен өнер майталмандары, спорт саңлақтары сол елдің өсіп өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, миллиард халыққа ұлтымызды танытып жүр. Әсіресе соңғы жылдары ғылым, біліммен алға шыққан ғалымдардың арасында қазақ жастарының қатары мол. Бүгінгі таңда сол миллиардтар елінде біліммен бәсекеге түскен қазақ жастарының саны жыл сайын артуда. Бұл сөзімізге дәлел, қазіргі кезде Қытайдың 29 провинциясы мен қаласында 50 мыңға тарта қазақ жастарының білім алып жатуы. Сол білікті жастардың басын қосқан Қытай Қазақ студенттер бірлестігі 2011 жылдан бері бизнесті дамыту, ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтау бойынша қыруар жұмыстар атқарған көрінеді. Жалынды жастардың жұмысымен танысу үшін Baq.kz тілшісі Қытай Қазақ студенттер бірлестігінің төрағасы Ғалымбек Оралханұлымен сұхбаттасқан болатын.

– Ғалымбек, Қытай Қазақ студенттер бірлестігі қашан, қалай құрылды?

– Қытай Қазақ студенттер бірлестігін құру ойы білім қуған қазақ жастарының басын қосып, білім алу, жаңалық жарату және кәсіпкерлікпен айналысу бойынша тәжірибе алмасуды мақсат тұтудан туған болатын. Сөйтіп, 2011 жылы 3 қазанда Қытай Орталық радиосы Қазақ бөлімінің басшысы Қанатбек Жұмабайұлы, ҚХР Сенатының депутаты, жазушы Әкбар Мәжитұлы сияқты ұлт жанашырларының қолдауымен бірлестік құрылды. Яғни, осы күні Бейжіңде 180-ге тарта қазақ студентінің қатысуымен «Кәсіпкерлік және жаңалық жарату» атты Қытай Қазақ студенттер бірлестігінің тұңғыш құрылтайы Бейжіңде өтті. Бұл басқосу осы тақырыппен жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл VII құрылтайды Бейжің қаласында өткіздік. Студенттер бірлестігінің қазір 29 өлкеде (провинцияда) бөлімшесі бар. оның 20-дан астамы ішкі Қытайдағы жоғары оқу орындарында болса, 5 бөлімше Шыңжаңда жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Қытайдағы қазақ студенттерінің саны 50 мыңға жуықтайды. Олардың көпшілігі Үрімжі мен Бейжің қаласындағы ЖОО-да шоғырланған. Үрімжіде 12 мыңдай, Бейжің қаласында 2000-ға тарта жас білім алуда. Олардың 5 мыңдайы бірлестікке ресми тіркелген. Бұлар тек баклавр бойынша оқып жатқан студенттердің саны. Бейресми дерекке сүйенсек Қытай көлемінде оқып жатқан қазақ магистранттары мен докторанттары 500-ден асуы мүмкін.

– Құрылтайдың тақырыбы не үшін тұрақты кәсіпкерлікке арналған? Қытайда студенттер де кәсіпкерлікпен айналыса алама?

– Иә. Қытай үкіметі ел экономикасын көтеру мақсатында 2011 жылдан бастап кәсіпкерлерді қолдау туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама жасаған болатын. Мемлекеттік қызметкерлердің санының артуына байланысты білімді жастардың бизнеске көбірек бет бұруын көздеген бағдарлама студнттердің оқып жүріп кәсіпкерлікпен айналысуына өте үлкен жағдайлар жасады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда үкімет әр кәсіпкерге 200 мыңнан 500 мың юанға (10 млн. – 25 млн. теңге) дейін өсімсіз кредит береді. Ал, студенттерге бұл қаражаттан бөлек тегін офис беріліп, барлық алман-салықтан босатылады. Осы орайды қазақ жастары да пайдалану үшін басқосуларымыздың тақырыбы осылай аталған болатын. Оның сыртында ғылымда жаңалық ашқан жасампаз жастар да осы жиында жобаларын таныстырып, өзара тәжірибе алмасып келеді.

– Сонда қазір қазақ жастары кәсіптің қай саласымен қосымша айналысып отыр?

– Қазақ жастары негізінен ұлттық дүниелерді Қытайдың базарына жалпыластырып жатыр. Оның ішінде ұлттық киімдерімізді заманауи үлгіде шығаратын және ұлттық тағамдарды өндіретін кәсіпорындар бар. Жеті жылға жуық уақытта біздің бірлестікте бастаған бизнесін кеңейтіп, серіктестік құрған жастар мол. Мысалы, Меллат Қайполлаұлы мен Нұрсал Сетерханұлы бірлесіп құрып, халықаралық деңгейде жұмыс жасап жатқан «Ұлытау» инфо-техника серіктестігін, Қуандық Әбдікенұлының «Жар-жар» ұлттық киім серіктестігін, «Әсем» медиа орталығын және «Ғаламат» сусындары сияқты кәсіпорындарды атауға болады. «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасы бойынша туристік фирмалар құрып, аударма, халықаралық сауда, саяхат ісі бойынша жұмыс жасап жатқан жастарымыз бар. Сондай-ақ, өздеріңіз білетін «Зерде», «Әз-баба» сияқты қазақтілді смартфондары да қазақ студенттері шығарған болатын. Біздің тағы бір мол мүмкіндігіміз – базардың кеңдігі. Не өндірсек те ол сатылмай қалмайды.

Кәсіпкерлік пен жаңалық жарату тақырыбынан бөлек біз мәдени, әдеби және спорттық кездесулерді де жиі өткіземіз.

– Сол іс-шараларға жеке-жеке тоқталсаң...

– Наурыз бен Құрбан айт мерекелеріне орай жыл сайын мәдени шаралар ұйымдастырамыз. Онда ұлттық тағамдар мен ұлттық бұйымдар көрмесі, студенттер айтысы, жыр мүшәйралары, терме жарысы, ұлттық спорт бойынша тоғызқұмалақ пен асық атудан турнир өтеді. Бірлестік 2015 жылы асық ойынынан кең көлемді турнирді Қытайдағы Бейжің, Нанжиң, Чаңчун, Үрімжі және Ниңша сияқты 5 үлкен қалада бір уақытта өткізді. Тоғызқұмалақтан да осындай турнирлер жиі өтеді. Барлық бөлімше бірлестікте асық пен тоғызқұмалақ ойынын үйрететін арнайы курстар бар.

2015 жылы Абайдың 170 жылдығын өте жоғары деңгейде өткіздік. Қытайдың 20 қаласында қатар өткен шараға танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар қатысты. Өзге ұлт өкілдерінен де көптеген ғалымдар шақырылды. Онда ғылыми конференция мен қоса ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби сайыстар, ақындар айтысы ұйымдастырылды. Бұл ұлы ақынды өз ортамызда кейінгі буынға танытып қана қоймай, өзге ұлтқа әйгілеуге де зор мүмкіндік болды. Өйткені, бірлестіктің бұл шарасын жергілікті ақпарат құралдары қытай және ағылшын тілдерінде жарыса жазып, қатысушылардың өзі кезекте тұрған жағдай болды. Осындай дүбірлі тойды ақын Таңжарық Жолдыұлының 110 жылдығы мен Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы кезінде де өткіздік.

– Білім алу бағыты бойынша қандай шаралар өтеді?

– Бірлестік құрылған алғашқы күннен бастап «Үйрен» тақырыбындағы онлайн дәріс апта сайын өтіп келеді. Ол екі бағытты қамтиды. Бірі, тұтас бірлестік мүшелерін қамтыған вичат әлеуметтік желісіндегі онлайн дәріс болса, енді бірі, әр өлке, қалада жеке-жеке өтетін онлайн сабақтар. Бұл дәріс Американың TAD онлайн дәрісінің форматында өтеді. Онда қазақтың ең үздік жастары дәріс оқиды. Біздің дерегіміз бойынша Қытайдағы 200-ден астам білікті қазақ жастары шетелдерде магистрлік, докторлық бойынша білім алып жатыр. Олардың өз мамандықтары бойынша жеткен жетістіктері өте үлкен. Қытайдың өз ішінде де осындай қазақ жастары көптеп табылады. Біз соларды үлгі тұтып, олардан кеңес алу мақсатында апта сайын осы онлайн дәрісті өткіземіз. Олар өздерінің табысқа жету жолдарымен, тәжірибелерімен және кәсіпкерлік, шетелге шығу, білім алу бойынша кеңестер береді. Сондай-ақ, студенттер өздерінің сауалдарына жауап ала алады. Бұдан бөлек вичат әлеуметтік желісін пайдаланған тек медицина тақырыбы бойынша кеңес берілетін топ бар. Онда медицина саласында еңбек етіп жатқан білікті мамандар мен зерттеуші, ғалымдар жастарға дәріс оқиды.

Барлық бөлімше бірлестіктерде тегін тіл және домбыра курстары бар. Тіл курсында қазақ, қытай, орыс және ағылшын тілдерінен дәріс болады. Айта кетерлігі, тіл курстарында Қытайдағы қазақ жастарынан бөлек, қазақстандық студенттер де тіл үйрене алады. Яғни, орыс тілі курстарын қазақстандық замандастарымыз жүргізсе, оларға қытай тілі сабағын біз өткіземіз. Қазақстандық студенттер тілдік курстардан бөлек, бірлестіктің барлық іс-шарасына қатысып жүр. Қазақ тілі курстарына сондағы қытай мектептерін бітірген жастар қатысады. Курстар аяқталғаннан кейін қатысушылар емтихан тапсырады. Тілдік сайыстар өткіземіз. Бұдан бөлек пәндік олимпиадалар да жиі өтеді. Әсіресе, математика мен программа жасау бойынша кең көлемді жарыс өткізіп келеміз.

Білім алудан сырт біз жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге кеңес беретін арнайы топ құрып, сенім телефондарын белгілегенбіз. Ол жыл сайын сәуір айынан маусым айы аралығында барлық мектеп бітіруші қазақ балалары мен олардың ата-аналарына ЖОО және мамандық таңдау, пәндер бойынша мемлекеттік емтиханға дайындау бағыты бойынша жұмыс жасайды. Сондай-ақ, дәл осы бағыт бойынша Қазақ радиосындағы «Алтын көпір» бағдарламасының бір жолғы берілімі бізге беріледі де, онда тікелей эфирде кеңес береміз. Сосын күзде оқуға түскен жас талапкерлерді әр университетте орналастыру, оларды бейімдеу жұмыстарын да бірлестік өз мойнына алған. ЖОО бітірген жастарды бос жұмыс орындары жайлы ақпараттармен де қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырғанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер