BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бейжіңде «Астана-Пекин: достық көпірі» концерті өтті

Астана, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымының «Forte Trio» мемлекеттік триосы Қытайдың Пекин және Шанхай қалаларының сахнасында «Астана-Пекин: достық көпірі» концертін өткізді. Бұл туралы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл Астанамыздың 20 жылдығына арналған ұмытылмас кеш болғаны сөзсіз. Қытайлық көрермен отандық трионың скрипка, виолончель, пианино сынды аспаптарда орындаған үздік туындыларын естіп, өнерлерін жоғары бағалады. Трио шығармашылық кешіне тыңғылықты дайындалған. Өнерсүйер қауым «бароккодан» бастап «джаз» стиліне дейінгі туындыларды тыңдап рухани байыды. Камералық-аспаптық ансамбль репертуарларына ұлттық музыканы да қосқан.

«Forte Trio» мемлекеттік триосы – Қазақстандағы ең танымал камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі. Әртістер тек елімізде ғана емес, сонымен бірге шетелде де құрметке ие әрі кеңінен танылған. Шығармашылық ұжымның аса бай репертуарына бароккодан джазға дейінгі түрлі стильдер мен бағыттағы туындылар енген. Талантты музыканттар өздерінің концерттік бағдарламарында орындаушылық өнердің шыңын бағындырып, талғамы жоғары көрерменге әлемдік музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін ұсынып келеді. Трионың түрлі оркестрлер, солистер, вокалистер және аспапшылармен бірлескен өнер көрсетулері үлкен жетістікке ие.

Трионың құрамында орындаушылық өнердің әйгілі шеберлері, республикалық және халықаралық байқауларының лауреаттары бар. Атап айтар болсақ, атақты пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Тимур Урманчеев, талантты виолончелист, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты Мурат Нарбеков, дарынды скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман. Үш музыкант та Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында классикалық музыкалық білім алған.

«Forte Trio» үнемі қазақ өнерін айтулы әлемдік алаңдарда паш етіп, көптеген халықаралық музыкалық фестивальдарға қатысады. Трио қатысушыларының орындаушылық интерпретациясы классикалық музыканы бағалаушылардың жүрегін баурап алуда. «Forte Trio» мемлекеттік триосының мүшелері барлық артистер үшін ең маңызды сыйлықты алып үлгерді. Ол – тыңдармандарының махаббаты мен таңданысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер