Баспай байдың ауылында - Қытай қазақтары|01 Қаңтар 2015, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Баспай байдың ауылында

Астана. 28 тамыз. BAQ.kz - Бұл өзі күтпеген сапар болды. Үржар ауданы Қытайдың Шағантоғай ауданында мәдени күндерін өткізбек екен. Дереу жиналып, іңірде жолға шыққан едік. Таң сібірлей бергенде Үржарға жетіп, Бақты кеден бекеті арқылы Қытай Халық Республикасынан бір-ақ шықтық. 

Қауышу
Бұл өзі күтпеген сапар болды. Үржар ауданы Қытайдың Шағантоғай ауданында мәдени күндерін өткізбек екен. Дереу жиналып, іңірде жолға шыққан едік. Таң сібірлей бергенде Үржарға жетіп, Бақты кеден бекеті арқылы Қытай Халық Республикасынан бір-ақ шықтық. Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешекте аз-кем аялдаған соң Шағантоғайды бетке алдық. Шағантоғай – атымтайлығымен аты шыққан көрнекті меценат, Тарбағатай аймағының тұңғыш уәлиі (губернаторы) болған, Қытай қазақтары арасынан шыққан мемлекет қайраткері Баспай Шолақұлы Бапиннің туған жері. Қабырғалы Қаракерей елі, ханбатыр Қабанбайдың үрім-бұтағы мекендеген Барлық жотасының екі етегіндегі ел мен жер кейінгі ғасырларда империялардың бөлінісіне түскені, ағайынның бір-бірін көруге мүтәйім болғаны белгілі. Сексенінші жылдардың соңында социалистік құрылыстың екі алыбы арасындағы салқын қабақ, тоңтеріс қатынастың көбесі сөгілсе, соңғы ширек ғасырда тәуелсіз Қазақстан дипломатия­сы мемлекетаралық байланыстың жаңа кезеңіне аяқ басты. Барыс-келіс жиіледі. Біздің сапарымыз да екі ел арасындағы достық рәуіштің жемісі.
Баспайдың есімін бала кезімізде жиі еститінбіз. Нағашы атам Тұрсын Ермалаев – қара күштің иесі еді. Ақсақалдар әңгіме шерткенде ара-тұра «Баспай бай» деген сөзді құлағымыз шалатын. Кейін білдік, атамыз жас күнінде Баспай байдың палуаны болыпты. Қазақ байларының төңірегіне жілікті жігіт, жезтаңдай әнші, балбармақ күйші жинап, салтанатын арттыратын сақи дәуірінің сарқыны Баспай болған сияқты. Міне, сол атына бала кезден қанық, дәулеті мен сәулеті келіскен, ырысы шалқыған Баспай байдың ауылы – Шағантоғайға келіп, әйдік қонақүйге орналастық. Заманында келелі түйесі, үйірлі жылқысы, табынды сиыры, отарлы қойы ен жайлаған берекелі Шағантоғай ғой бұл! Шеткерідегі аудан болса да төңіректе жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер, жарқыраған автокөлік жолдары айдаһар нышанды елдің экономикасы кейінгі кезде қарқынды дамығанын байқатады.
Аудан басшылары, өнерпаздар мен кәсіпкерлерден құралған ресми делегацияны Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бастап барған-ды. Қазақстандық меймандарды Шағантоғай ауданы партия комитетінің бас хатшысы Цзы Уы Би бастаған аудан басшылары жоғары деңгейде күтіп алды. Серік Зейнолдаұлы салтанатты қабылдаудан соң, жұңғолық журналистердің сауалына қос аудан арасындағы байланыс Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы достық қарым-қатынастардан бастау алатынын, екі елдің арасында 2002 жылы 23 желтоқсанда қол қойылған құжатқа байланысты даму бағдарламасы айқындалғанын, бұл сапарда сауда-экономикалық қатынастарды жандандыру жөнінде келісімге қол қойылғанын айтып, тұщымды жауап берді.
Аудандық партия комитеті бас хат­шысының орынбасары, аудан әкімі Майнұр Жақанқызын әңгімеге тартқанымызда, ол 1944 жылы құрылған Шағантоғай ауданында 19 ұлт өкілінен құралған 60 мыңға тарта халық тұратынын, оның 33 пайы­зы қазақтар екенін, аз ұлттардың саяси қызметте жоғарылауына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ұлттық дәс­түр­лерін жаңғыртуына көп көңіл бөлінетінін жеткізді.
– Ауданымыздың жалпы көлемі 6100 шаршы шақырымды құрайды. Қытай елінің даму қарқыны жоғары екені белгілі. Шағантоғайда мал, егін шаруашылығы мен туризм саласы ілгерілеп келеді. Айталық, мал басының саны 700 мыңға жуықтады. Бізде негізінен Баспай қойы өсіріледі. Ауданда 1 қала, 5 ауыл, 1 ферма бар, – деді Майнұр Жақанқызы.
Шағантоғай – Жоңғар ойпатының батысы мен Құлыстай жазығының түс­тігінде орналасқан. Батысы мен оңтүстік-батысында Қазақстанмен шекараласады. Барлық тауының зеңгір шоқылары мен шатқалдары және Тянь-Шань сілемдері Алтай тауына ұласады. Қарабура, Шағантоғай, Тасты және Бұрған өзендері сияқты Көңтапқан шоқысынан тарайтын ірілі-ұсақты 24 өзен бар. Қарабура өзенін ауыз суға пайдаланса, қалған өзендер Қазақстандағы қасиетті Алакөлге құяды. Шәуешек пен Шағантоғай арасын жалғайтын басты өткел – Баспай көпірі. Осы көпірден өтіп, Шағантоғайға беттеген жан Құлыстай жазығын басып өтеді. Мұны қазір «Құлыстай экологиялық саяхат орыны» деп атайды екен. Қытайдың батысындағы үлкендігі жағынан екінші жазық саналады. Осы бағыт арқылы жолай Баспай зиратын, Бардақұл таңбалы тасын және көне Шағантоғайды көруге болады. Одан өзге Төрежайлау, Ақшоқы сияқты көптеген саяхат орны бар. Жер бедерінің күрделілігіне орай үш бөлікке бөлінеді. Солтүстіктегі Құлыстай – теңіз деңгейінен 398 метр төменде орналасқан ойпат. Орта бөлігі жазық болып келсе, биік нүктесі Барлықтағы теңіз деңгейінен 3252 метр жоғарыда орналасқан Көңтапқан жотасы.
Шағантоғай қаласына Бақты және Алатау кеден бекеттері жақын. Бақтыға дейін 90, Алатау өткеліне дейін 180 шақырым жол жүресіз. Шағантоғайлықтар өздерінің Еуразияның кіндігінде тұратындықтарын айтады. Яғни, Жұңғо академиясының Шыңжан жағрафиялық институты төрт тараптағы мұхиттан 2400 шақырым қашықтықта жатқан, құрлықтың ең шалғай жері екенін айқындаған. Солтүстігі Шәуешек қаласымен, шығысы Толы ауданымен шектеседі. Ертедегі Ұлы Жібек жолы Ноян қаласынан шығып, Тұрпан, Қашқар, Қоқан, Самарқан қалаларын басып өтіп, Жерорта теңізіне дейін барғаны белгілі. Ал түйелі керуенмен сахараны кесіп өтетін жолды қытайлық қандастарымыз «Жайылым жолы» атайды. Алтай, Балқаш көлі және ішкі теңізді көктей өтіп, Стамбұлға жететін Жайылым жолы Жібек жолынан бұрын пайда болған көне бағыт деседі. Шағантоғай – осы Жайылым жолының орталығы, тоғыз жолдың ескі торабы. Яғни, сауда-саттық ерте дамығанын көруге болады.
Мұражай
Шағантоғайдың орталық көшелерінің бірінде Баспай Шолақұлының мұражайы орын теуіпті. Қытай өкіметінің қаржы бөлуімен 2006 жылы салынған мұражайда бізді Баспайдың жиен шөбересі қарсы алды. Жайна Төрехан есімді жас қыз мұражайда таныстырушы болып жұмыс істейді. Баспайдың Құрманғажы атты баласы Жайнаның туған нағашысы болып шықты. Құрманғажы Баспайұлы атамекеніне оралып, Үржар өңірінде тұрған болатын. Шағантоғай туралы кеңінен әңгімелеген Жайна:
«Сәби сәттен жаттадым атын тынбай,
Демократ, отаншыл, атам – Баспай,
Байлығына сан жетпейді, санамаппын,
Қойлары қызыл қасқа тайыншадай,
Өз күшіне таянудың өнегесі,
Маңдайына бақыт нұры басылғандай!» – деп, нағашысына арнаған өлеңін оқып берді.
Мұражай Баспайдың тағылымды өмір жолымен бірге ауданның өлкетану тарихынан да сыр шертеді. Мұндағы археологиялық мұралар қатарында мыс­тан жасалған айнаның бағзыда тұрмыстық бұйым әрі кіреуке-сауыттан қылыш өтпеуі үшін қолданылғаны қызықтырды. Қытай тарихында Бардақұл таңбалы тасын б.з.б. VI-VII ғасырларда осы өңірді мекендеген түркі халықтарының ойып қашағаны жазылған. 1860 жылдары Бардақұл есімді малшы мекендеген жер расында қатпарлы тарихқа тұнып тұр. Ханзулар қандай дүние болса да, әділ бағасын беріп, кәделеріне жарата біледі. Айталық, Шағантоғай арқылы өткен ілкідегі Үрімжі, Сібе және қырғыз саудагерлерінің көне суреттері ұқыпты түрде сөреден орын алған. Шаған­тоғай Үржар өңірімен шекаралас. Осы ала бағандар бойында әскери борышын атқарған ұлты сібе, құлжалық жауынгер шекаралық бекетке 10 тал шыбық отырғызады. Жауынгерлер ауыз суды бір шақырым жердегі өзеннен тасып әкеледі екен. Бұрып жасалғандықтан Бұрған аталып кеткен өзен суынан нәр алған шыбықтар аз жылда алып терекке айналыпты. Бірде биік мұнарада қарауылда тұрған жас жауынгер ақ теректің жел тербеген сыбдырына құлақ түріп, Отанның тыныштығы мен тұтастығы үшін туған-туысынан, думанды шаһардан айырылып, алыста жүрген сағынышын ақтарған өлең жазады. Осылайша, Қытайда патриоттық ән ретінде кеңінен танымал болған «Ақтерек» әні туыпты. Осы әннің желісіне арқау болған ақ теректің суреті мұражайдан көрініс тапқан. Отаншылдық тәрбие дегеніңіз, міне, осы!

Гүлдер мекені
Әдетте, біз көңіл аудара бермейтін әр өсімдіктің пайдасы мен бағасын шағантоғайлықтардан сұраңыз. Шағантоғай – гүлдер мекені. Мұнда мыңнан астам өсімдік түрі өссе, оның көбі дәрілік шөптер ретінде пайдаланылады. Солардың ішіндегі әдемісі – шұғынық. Мамыр айында қауыз жаратын шұғынықтың ұрығынан дәрі, сабағынан үйді ағартатын әк алады. Алтайда өсетін таушымылдыққа ұқсайды. Шашыратқыдан австралиялықтар кофе, дәрі жасайды екен. Алапес ауруын емдейтін сасыр Шыңжанда сирек кездесетін бағалы өсімдік. Ал астра гүлі қызуды басып, уытты қайтарады. Әжелеріміз әнге қосқан бүрген ақ, қызыл, сары және көк түсті болып келеді. Бүргеннің қауашағын қайнатып, буына булану арқылы теріні жұмсартуға, жасаруға болады. Сондай-ақ, ертедегі қазақтар бүргеннің түрлі-түсті бояу жасауға таптырмас өсімдік екенін жақсы білген. Күрделі отаны жеңілдетуге қолданатын дәрі-дәрмек қызғалдақтан жасалады десе сенесіз бе?!
Жабайы апиын гүлінің дәнегі жанға батқан ауруды басуға көмектеседі. Бұл – біздің кәдімгі қызғалдақ. Ал қойжуа мен доланадан денсаулыққа пайдалы тосап қайнатылады. Бәйшешекті қарды тесіп шығатындықтан қар гүлі атайтынын естідік. Шетен – асқазан ауруларына мың да бір ем. Қараған шайы қан қысымын төмендетуге септігін тигізеді. Жайнаның айтуынша, көк түсті ақ жүрек аталатын өсімдік Шағантоғайда ғана өседі. Бұл гүлдің ерекшелігі, жылда бір гүл ашады. Сабағындағы гүл шоқтарын санап, қанша жылдық өсімдік екенін оңай анықтауға болады. Оның тамырынан жөтелді басатын дәрі жасалады. Сасыр саңырауқұлағы да табыла бермейтін бағалы өсімдік. Сүттіген гүлін қазақтар ертеден емге қолданады. Халық жадындағы атауы – бақбақ. Балалар сабағын тарамдап, ауызға салып «бақбақ» ойнағанда өсімдіктің сөлі жұтқыншаққа түсіп, кеңсірікті ашытады. Осылайша, ертеде тамаққа суық тиюдің алдын алады екен. Маусым туа қауыз жаратын күнгелді гүлі атауында тұрғандай, күннің келгенін күтетін бипаз өсімдік. Микробты жоятын құдіреті бар. Жабайы бадам болса, дүние жүзінде екі-ақ жерде өседі. Бірі – АҚШ-тың Калифорния штатында, екіншісі – Шағантоғайда. Бадам жемісі жүрек, қан қысымы ауруларына шипа. Төрт мезгілде төрт түрлі реңге бөленетін кербездігі бар. Ал мақсары өсімдігін ханзулар егін ретінде егіп, ұрығынан сұйық май тартады екен. Шырмауық, шәңкіш, мия, жарықгүл сынды өсімдіктер де кәдеге асады. Міне, осы сияқты жүздеген тұқым атаулы қауыз жаратын мамыр мен тамыз айлары аралығында Шағантоғайда гүл мерекесі өтеді. Гүл фестивалін тамашалауға жан-жақтан туристер келеді. Табиғат тартуына іңкәр тұрғындар Алакөлдің ылғалды климаты көркі көз сүйсіндіретін Тасты саяхат ауданын қалыптастырып отырғанын айтады.
Тасты өзенін бөгеу арқылы пайда болған жасанды су қоймасы Қос айдаһар көлі аталады. Екі жағынан өзен құйып жатқан су қоймасының айдыны жел тұрғанда дірілдеп, айдаһар кейпіне ұқсайды екен. Өлкеде Азия сақарасындағы ең ірі жыл құсы – дуадақ, сондай-ақ, қырғауыл, қаршыға, аққу, құлжа, қасқыр сияқты аң-құстар мекендейтінін айта кеткен ләзім. «Таулары қатар-қатар тіркескен, орманмен көмкерілген Барлық тауында көптеген байлық бар. Оны әлпештеп сақтауымыз керек. Барлықтың аты өшпейді» деген Қытай саясаткері Шяң Луңның сөзі бекер айтылмаған. Бүгінде Барлық жотасы 13 түрлі ашылмаған кен қазынасын қойнауына бүгіп жатыр. Бір кездері Ресейге жалға берген Барлықты Жұңғо өкіметі 1893 жылы Тарбағатайдағы кездесуде қайта қайтарып алған еді. Қытай көсемі Ли Чау Чи туралы фильмнің түсіріліміне Шағантоғайдың осы сұлу табиғаты таңдалып алынғаны да кездейсоқтық емес.
Ұшақ сыйлаған
Аты аңызға айналған қазақтың әйгілі атымтай-жомарты, қоғам қайраткері Баспай Шолақұлы 1889 жылы дүниеге келген. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романындағы Жасыбай бейнесінің прототипі – осы Баспай. Ол туралы шыңжандық жазушылар Елубай Аққасым «Ардагер азамат Баспай» атты кітап жазса, Зейнолла Сәніктің «Баспай» атты деректі романы бар. Бұл романда автор Баспайдың шын аты Байжұма екенін жазады. Байжұма тоғыз жасқа толғанда шешесі түс көріпті. Түсінде Қызыр ата: «Сенде екі ұл бар екен. Біреуінің атын Баспай қой, енді бірінің атын Саспай қой. Ұлың ер жеткенде үйіңе бас болады, алдың толы ас болады» деп аян беріпті. Ертеңінде шешесі қонақ шақырып, мал сойып, үлкен баласының атын Баспай, інісінің есімін Саспай деп қойған екен.
Б.Шолақұлы 1945-1952 жылдары Тар­бағатай аймағының тұңғыш уәлиі қызметін атқарды. Оның есімі Тарбағатай аймағында ерекше құрметпен аталады. 1946 жылы өкімет тарапынан берілген мінездемеге назар аударайық: «Аты – Баспай. Жасы – 56-да. Шағантоғайлық адам. Үстіне алған міндеті және қоғамдық орны: халықтың қамқоршысы, өкімет саясатына қатынасады, мемлекет саясатына араласады, пікір айта алатын адам. Кәсібі – мал бақташылық. Әр жақпен байланысы бар, ықпалы зор, беделді адам. Мол қаржы шығарып, өкіметке берген, көпір салдырған» делінген. Бұл қарапайым жазбадан оған деген ілтипатты жазбай тануға болады. Уәли қызметінде тұтынған телефоны, жеке қызметтік хаттары мен құжаттары мұражайға қойылыпты.
Ол ұзақ жылғы өзінің мал шаруашылығы тәжірибесінде, арқар құлжасы мен қазақ қойының селекциясы арқылы сирек кезде­сетін асыл тұқымды Баспай қойы тұқымын будандастырып шығарды. Баспай саулық қойларының бір ерекшелігі – 3, 4, 6 мүйізді болып келеді. 12 мүйіз шыққан қошқарлар да кездесіпті. Әдетте, қазақ қойы 1 кило сүйекке 2,5-3 килоға дейін ет берсе, Баспай қойы 1 кило сүйекке 4 килоға дейін майсыз, қаракесек ет береді. Баспай қойының суыққа төзімділігі өте күшті болып келетіндіктен, қар мен мұз жастанып та қозылай береді. Бұл ерекше тұқымды Қытайдың ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары ширек ғасыр бойы зерттеп келеді.
Баспай отызыншы жылдардан бас­тап Тарбағатай аймағының оқу-ағарту, мәдениет саласына үлкен үлес қосты. Шағантоғайдағы тұңғыш қазақ-ханзу бастауыш мектептерін құрып, оқытушыларға өз қалтасынан еңбекақы тағайындады. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру үшін жеке қаржысымен оқуға жіберіп отырды. Осы еңбегі үшін Шыңжан өлкелік халық өкіметі оқу-ағарту бөлімінің бастығы Шю Лян Ши Баспай Шолақұлын алтыншы дәрежелі сыйлықпен марапаттады. Отызыншы жылдары Қазақстандағы аштықтан ауған елді азықтандыру үшін асхана ашып, бір жыл бойы тегін тамақтандыруы да ұлт жадынан ұмытылмас жанашырлық. 1936 жылы жеке қаржысына Шәуешек су электр стансасын салдырып, халықты электр жарығымен қамтамасыз етті. Сол жылы Жапониямен соғысқан Кореяға әскери аэроплан сыйлайды. 1940 жылы Жапониямен соғысып жатқан Қытайға 200 жылқы жібереді. Дүниежүзілік фашизмге қарсы соғыста Кеңес Одағына 400 атты ер-тұрманымен көмекке берді. 1949 жылы Қытайдың азаттық армиясын қарсы алып, шашу ретінде армия жауынгерлеріне 2 тонна бидай, 40 бас ірі қара бөлді. 1951 жылы Кореяда тұтанған соғыста тағы бір соғыс ұшағын атайды.
«Шыңжан» өлкелік газетінің 1951 жылы 12 қыркүйекте шыққан санында Баспайдың бір ұшақтың құнына тең келетін 10 мың қой, 100 жылқы, 100 сиыр, 100 түйе және алтын-күміс бергені жазылған. Осы көмегі үшін разылық білдірген елші­лік қызметкерлерімен түскен суретін көрдік. Шағантоғай қаласы мен Қытайдың Кореямен шекаралас тағы бір қаласының орталығына Баспайдың сыйға тартқан ұшағына ескерткіш қойылған. 2006 жылы Төрежайлауда Баспай Шолақұлының рухына бағышталып берілген аста ақшаңқан киіз үйлер жайлау төсіне ұшақ пішінін жасай отырып тігілген еді. Бұл – өмір бойы табан ақы, маңдай терімен тапқан мал-мүлкін Жұңғо елі мен дүниежүзінің бейбітшілігі үшін аямаған Баспайға деген үлкен құрметтің белгісі деп білген абзал. Ол нәсіліне қарамай, үйғыр, сарт, дұңған, ханзу сынды ұлт өкілдерінің отбасы құруларына жағдай жасайды. Осы көмегі үшін өзге ұлт өкілдері қазақ тілін тез үйреніп алады.
Көпір
Сауапқа жазылатын істің бірі – көпір салу. Алакөлге құятын Еміл өзенінде сау­дагерлер қайығын бұлдап, арлы-берлі қатынайтын жолаушылардың қалтасын тақырлап отырады екен. Бірде Баспай аймақтық жиынға барып, қайтып келе жатады. Өзеннен өтерде әлдебір жолаушының қалтасында ақшасы жоқ болғандықтан, қайық иесіне үстіндегі шапанын шешіп беріп жатқандығын көреді. Сол сәтте Баспай: «Ендігі жылы осы арада барлық адамның ақысыз өтуі үшін көпір салдырамын» деп өзіне уәде берді. Осы оқиғадан соң қаладан жобалаушы алдырып, көпірдің жобасын түзеді. Гоминдан өкіметінің тұсы болғандықтан, Баспай бай 1940 жылы өлке билеушісі Шын Ши Сайға көпір салу жөнінде өтініш жолдайды. Шыңжан билеушісі Баспайдың бастамасын мақұлдап, хатқа мөрін басып береді. Аталған құжаттың көшірмесі мұражайда сақтаулы. 1941 жылы қыркүйекте басталған құрылыс 1942 жылы аяқталды. Тоғыз айда салынған көпір жергілікті жұртты сергелдеңге салған өткел мәселесін шешіп берген еді. Халық бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдап, дүбірлі той жасайды. Баспай «көпір салынып болды!» деп сүйінші сұрап келген адамға 30 қой берген екен. Ал көпір құрылысына 3 мың бас қой және біршама алтын-күмістерін жұмсаған. Қарағайдан жасалып, қоңыр сырмен боялған, жақтауы шарбақталған көпірдің маңдайшасына «Баспай көпірі» деп жазылды. Баспай көпірінің ұзындығы – 87, ені – 6 метр, жүк көтерімділігі – 25 тонна болған екен. 1976 жылы Қытай мемлекеті 480 млн. юань бөліп, көпірді бетоннан қайта салды. Яғни, Баспай көпірі 34 жыл бойы мемлекет мүддесі мен халық игілігіне қызмет етті.
Ізгілікті ту еткен тұлға зейнетке шы­ғып, 1953 жылы Ханжу қаласында саяхатта жүргенінде жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болды. Шыңжандағы аз ұлттардың өкілдері ішкі Қытайға саяхатқа барған еді. Қытайдағы саны аз мұсылман ұлттарының бірінің мешітінде әйгілі меценатпен қоштасу рәсімі өткізіліп, сүйегі аэропланмен Үрімжіге, одан Шәуешек арқылы Шағантоғайға жеткізіледі. Қайтыс болған кездегі жеделхаттар да сақталыпты. Баспайдың киген киімдері, уәли болып тұрған кезінде қолы үсіп, қаржы сұраған адамның хатына атын жазып, мөрін басып берген жеке қолтаңбасы да мұражай төрінде. Бәйбішесі Күйкентаймен, бала-шағаларымен бірге түскен суреттерін тамашаладық. Үлкен қызы Нұрқан Шаған­­­тоғай ауданы бойынша саяси кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Екінші қызы Самарқан Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде оқыған. Отан, Мәукен есімді немерелері қазір Шағантоғайда тұрады. Алайда, ұрпақтарына әке дәулеті бұйырмай, Қытайдағы байларды қудалау жөніндегі саяси науқанның зардабын тартқан екен. Баспайдың тігіншісімен, бақташыларымен, қызметшілерімен бір­ге түскен суреттері оның қаншалықты бай­лық біткенімен, қарапайымдылығы мен адамгершіліктен айнымағанының көрінісі іспетті.
Шағантоғайдан 8 шақырым қашық­тықтағы Шегір қыстауындағы Баспай зираты 2003 жылы аудандық отаншылдық тәрбие базасы болып бекітіліпті. 2006 жылы 200 мың юань бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Кесене маңайындағы 100 шаршы метр аумақ қоршалып, қырық түп самырсын отырғызылған екен. Әйгілі адам болғандықтан, мұнда келушілер қатары көп. Сондықтан кесенені күтімге алатын арнайы адам бекітілген. Сапар барысында Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бастаған қазақстандық делегация Баспай Шолақұлының рухына бағыштап құрбан шалып, Құран оқыды.
– Бұл есімізде қалатын тарихи күн болды. Баспай атамыз мұқым мұсылман қауымы мен ханзу халқының діні мен ділінің бөлектігіне қарамай, халықтың бірлігін, екі елдің достығын дәріптеген айтулы адам. Қазақтың хас тұлғасы, атымтай атамыз Шыңжан, Тарбағатай өңірінде, халықаралық қауымдастық алдында туған ұлтының даңқын аспандатқан ауқымды шаруа атқарды. Баспай Шолақұлының ұрпақтары Қазақстанда да тұрады. Сон­дықтан азулы мемлекеттерге қарсы соғыста аэроплан сыйлап, ел игілігі үшін емхана, мектеп ашқан, көпір салдырған Баспай атамыздың ізгі рухы лайым биіктей берсін! – деді Серік Зейнолдаұлы.
Мақаншы ауылының тұрғыны, ауылдық әжелер ансамблінің мүшесі, қолөнерші Күлән Базарқызы шағантоғайлықтарға өз қолымен тоқыған, Баспай Шолақұлының бейнесі бедерленген кілемше сыйлады.
Екі күндік сапар сауда жәрмеңкесіне, концерттік кешке ұласты. Ресми кездесуде аудан басшылары екіжақты сауда әріптестігін дамыту үшін сауда орындарын ашуға уағдаласқан болатын. Осы орайда жәрмеңкеде үржарлық кәсіпкерлердің өнімдеріне сұраныс мол болғанын айта кеткеніміз орынды.
– Қазақстанның ұн және кондитерлік өнімдеріне сұраныс жоғары екен. Әкел­ген тауарларымызды толығымен өткіздік, – деді Бақты ауылының тұрғыны Ақмарал Сығаева. Шәуешек қаласында қазақстандық кәсіпкерлердің өз өнімдерін саудалауына мүмкіндік жасалған. «Шибу» компаниясының атқарушы директоры Қайрат Әбдірашитов аймақ орталығында заманауи сауда-саттық орталығын салып, оның ішінен қазақстандық саудагерлерге орын беріпті. Қазақстандықтар бір күндік визасыз кіру мүмкіндігін пайдаланып, Қытайға күнделікті тауар тасымалдайды.
Біз Шағантоғай экологиялық бақшасы­мен таныстық. Балалардың ойын алаңы, атшабар, өсімдіктер аллеясы, жабайы жануарлар саябағы сынды 12 бөліктен тұратын туристік алаңда алып киіз үй салыныпты. Қазақ киіз үйінің құрылысына 10 млн. юань қаржы бөлінген. Қазақы ою-өрнекпен әшекейленген үлкен алашалар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан. Есігі автоматты түрде айқара ашылатын алып киіз үйдің түңлігі түрілгенде көкжиек құлағандай, көк аспан жарқ ете қалады. Киіз үйдің ені – 33, биіктігі – 19 метр. Қытайдың Ақсай қаласында орналасқан әлемдегі ең үлкен киіз үйдің үлгісімен салыныпты. Алып киіз үйдің ішінде үлкен домбыра, алмас қылыш, қалқан сынды ұлттық жәдігерлер ілініп, қазақтың салт-дәстүрлері айшықталған мейманхана залдары ашылған. Бұдан кейін барған «Игілік» әлеуметтік үйінің басшысы Ма Чи Заңның айтуынша, аталған мекеме әскерден қайт­қан сақа жауынгерлер, жетім балалар мен панасыз қарттарға арналған. Онда қарттарға барлық әлеуметтік-медициналық және психологиялық жағдай жасалған деу­ге болады. 97 жасқа келсе де әлі тың Ли Шиң Лан есімді әже соңғы 16 жыл ғұмырын осы үйде өткізіп жатыр екен. Қазіргі кезде 45 қария тұрып жатқан үй қарияларға қызмет көрсетуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ал жұңғо халық емханасында ауруды тамыр арқылы анықтау, инемен және шөптен жасалған дәрілермен емдеу шаралары жүргізіледі. Дәріханада 400-ден астам шөп дәрілері сатылады екен.
Бізді Қытайдағы қандастардың қарым-қабілеті сүйіндірді. Миллиардтардың ішінде жүрсе де Гүлсайра Қанатқызы «Ырыс-орда» атты мейрамхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ақтекше ауылының тұрғындары аудан мақтанышына айналған Баспай қойын өсіруде. Мемлекеттік екінші дәрежелі артист Жанболат Нұрғисаұлы бастап, әнші Сауырбек Оңғарбайұлы, термеші Сабырбек Оңғарбаевтардың биік өнері де жан дүниені баурап, тәнті етті. Баспай бабамыз Емілге көпір орнатса, үржарлықтардың сапары екі ауданның арасына алтын көпір орнатты деуге болады.


ӨСКЕМЕН – ШАҒАНТОҒАЙ – ӨСКЕМЕН.
Суретте:

1.Баспай мұражайы.

2. Б.Шо­­лақ­ұлының мұражайдағы мүсіні.

3. Шағантоғайдағы Үржар жәрмеңкесін ашу салтанаты.

4.Б. Шолақұлы.

5.Баспай көпірі.
Суреттерді түсірген автор.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан». 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер