BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жат ағымның жетегінде кеткендер туралы фильм түсірілді

Фото: Әлеуметтік желіден

Көкшетауда белгілі өнер қайраткері, режиссер, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мұратбек Оспановтың «Мен мұсылманмын» атты қысқа метражды көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Фильмге арнайы қаражат бөлінбеген, шығармашылық топ өз күштерімен түсірген. Сценариін жазған Ресей киномотографистер одағының мүшесі Назгүл Сұлтанова.

«Тәуекелге бел бууымның себебі – тақырыптың «күйіп» тұрғандығы, өзектілігі, алаңдатарлығы. Фильм «Мен нағыз мұсылманмын» деп асыра сілтеп, өзгелердің жетегіне еріп, жат пиғылды ағымның соңында сорлағандар жөнінде. Басты рөлдегі Фарит сол өзі тап келіп, қалтқысыз сеніп, сүрлеуіне түскен адасқандар жолынан басқа әлемді көрмей, тар ойлап, ақыры тығырыққа тіреліп, қылмысқа барады»,–дейді театр директоры Мұратбек Оспанов.

Фильм әр ұлттан шыққан үш құрбының емін-еркін ойнап күліп жүргенінен басталады. Тек, Алтынайдың үміт артқан жігіті Фарит әлдеқайдан оқып келіп, қараңғы түндей түнеріп, кірпідей жиырылып қайтады. Сөз салқын, пікір өзге. Әуелі тіксініп қалса да қыз «Бәрі жақсымен бітер» деп сенген. Бірақ, жігіттің бар арманы Сирияға бару, «Мұсылмандарға қарсы, бөгделермен соғысу» ғана. Болашақ жары да сол жолды қалауы тиіс. Екеуі бірге аттану үшін некелері қиылуы керек. Түстері суық, белгісіздікке бел буған топ ортасына түсіп, солай істеуге енді бір қадам қалғанда ғана қыз жан ұшырып, көмек сұрайды. Өзінің бүкіл арман-қиялын аяқасты етті, жоспарын бұзды, жаңа тапқан достары-әріптестері алдында масқара қылды деп түсінген Фариттың ой-санасы астан-кестең болып, сол жерде қызға пышақ жұмсайды. Ол өзінің тар ойының аясынан шыға алмай қалады. Өйткені, діни сауатсыз еді.

«Қысқаметражды фильмдегі шиеленісті оқиғаның шарықтау тұсын Алтынай рөлін сомадаған жас актриса Әсем Серікова мен Фарит образындағы Медет Хамзин сәтті жеткізген. Жастығына қарамастан Әсем өз кейіпкерінің мінез-құлқын, ішкі толғанысын сондай шынайы бере алған. Ал, театр актері ретінде шеберлігін талай дәлелдеген Медет болса, бұл рөлі арқылы тағы бір жаңа қырын жарқырата көрсеткендей. Пиғылы бұзылған, ойы айран-асыр, белгісіздік пен үрей, мазасыздық жанын жайлаған жігіт кейпін керемет сомдаған. Актерлер ойыны сенімді»,–дейді жазушы Серік Жетпісқалиев.

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне қатынасқан Ақмола облыстық мәдениет басқармасының бастығы Сәуле Бөрібаева, мешіт имамдары, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салып, өнер ұжымын бүгінгі күні аса қажет туындының тұсау кесуімен құттықтады. Расында да, тырнақалды дүниенің кәсіби деңгейі қол соқтырмай қоймайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер