BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазір мағыналы кинолар өте аз – режиссер Эксклюзив

Фото: Автор

Бүгінгі таңда бізде жақсы техника да, мықты операторлар да бар. Дегенімен сценаристер жағы кемшін болып тұр. Аз деп айтуға келмейтін шығар, сапалы жазатындар аз. Идея жағынан ақсап тұрмыз. Бұл туралы жас режиссер Ануар Матжанов Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат барысында айтты.

- Ануар, қазақ кино индустриясының бүгінгі хәлі қандай?

- Қазіргі қазақ кино индустриясы жаман деп айтуға келмейді, 3-4 жыл бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсы. Өйткені көптеген кинолар түсіріліп жатыр, бәрі шетінен жақсы емес шығар, дегенімен көп түсірілген сайын алға даму болады. Қазір соны байқап отырмыз, кино көп соған орай мамандар тәжірибе жинап жатыр.

- Авторлық кино түсіреміз деп халықтық кинодан алыстап кеткен жоқпыз ба? Неге авторлық фильмдер жеке байқаулар, фестивальдер үшін түсіріледі де отандық телеарналардан көрсетілмейді?

- Иә, авторлық кинолар да көп түсіріледі. Ондай фильмдер халыққа ұнамауы мүмкін, алайда шетелге барғанда ол жақтағы мамандар одан қандайда бір мағына тауып жатады. Өзім авторлық киноларды көп көре бермеймін. Онда қазіргі өмір шынайы көрсетіледі, сондықтан біздің көрермендерге ұнамайтын шығар. Өйткені қазір халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы мәз емес, сондықтан ондай киноларды ұнатпайтын шығар. Менің ойымша, халықты жақсы жағынан көбірек көрсету керек. Кино – халықты тәрбиелейтін үлкен өнер. Осы тұрғыдан жағымды фильмдерді көптеп түсірген дұрыс деп ойлаймын. Авторлық киноны көбінде жастар түсіреді, кейде тіптен түсірген киносымен не айтқысы келгенін өздері де түсінбей қалатын кездері болады. Алайда соны байқау, фестивальдерге жібергенде ішінен ерекше мән тауып жатады. Одан кейін «бұл мықты режиссер» екен деп марапаттайды, әлгі жас режиссерлер шынымен өзін мықты сезініп төбесі көкке жетіп жататын кездер болады. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Студент кезімде эфекті бойынша курсовой жұмыс түсіргем. Онда негізінен эфектілерге басымдық берілген. Түсіріліп болған соң монтаждап, ұстаздарымызға көрсеткенде «мұның басы және соңы жетпейді, осыны толықтырып фестивальге жібер» деді. Кейін ол үлкен бағаға ие болды. Сол кезде «мұны мен эфекті үшін ғана түсірдім ғой» деп таңқалғаным бар. Сондықтан байқауларда отыратын қазылар киноға басқа қырынан қарап, тұщымды бірдеңе тауып алады.

- Жалпы кино тәрбие құралы деп жатамыз ғой, қазір сондай туындылар бар ма?

- Халықты тәрбиелейтін кинолар бар, бірақ өте аз. Қазір бізде киноға бизнес ретінде қарайды, яғни ақша табу үшін түсіреді. Дегенімен, соның өзінде халықты жақсы жағына қарай тәрбиелеуге үндейтін бір-екі эпизоттан болсын қосылып жатыр. Ол жай бір сөз ғана болуы мүмкін, алайда бұл ертең дами келе тәуір кинолардың дүниеге келуіне себепші болады.

- Әлеуметтік желілерде кейде отандық сериалдар талқыланып жатады, сонда бір байқағаным көпшілік драмаларға қарағанда бізде комедия жанырында түсірілген сериалдар сәтті шығады деп жатады. Сонда драмалық туындыларды түсіру қиын ба?

- Көп нәрсе халықтың жағдайына байланысты сияқты. Жаңа айтып өттім ғой, көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен. Көпшіліктің басында несиесі бар, отбасымды қайтіп асырасам деп жүрген халық. Сондықтан олар қиын, драмалық кинолардан гөрі комедиялық, жеңіл фильмдерді жақсы қабылдайтын секілді. Кім біледі мүмкін драмаларды жоғары деңгейде түсіруге әлі жетпеген шығармыз. Өзім драмалық «Әулет» сериалын түсірдім. Көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Негізі кез-келген киноның басты артықшылығы бастала салысымен көрерменді қызықтырып, ұстап қалуында. Ары қарай олар кино желісі қалай өрбиде екен деп оны соңына дейін тамашалайды. Осы жағы көбінде бізде жетіспей қалады.

- Қалай ойлайсыз бізге «Қазақфильм» керек пе? Бұл мекеме мемлекеттік дотациядағы, халықтың асырауында отырған ұйым. Неге режисерлер халықтың көңілінен шығатын кино ұсына алмай отыр? Мәселен шетелде ешбір фильмі прокатқа шығып жатқан жоқ, тіптен ішкі нарықтағы прокатты да қамти алып отырған жоқ. Алдағы уақытта мүмкін тапсырыстарды толықтай жеке меншік кино студияларға беру керек шығар?

- Жоқ, оның жабылғанын қаламаймын. «Қазақфильм» еліміздің мақтанышы болу керек. Керісінше оны дамыту қажет. Менің түсінігімде, оның басты міндеті елге ақша алып келу емес, халықты тәрбиелеп, жол сілтеп отыруы керек. Егер дұрыс жолға қойса өзін ақтайтын киноларды шығара алар еді. Тек онда біраз өзгерістердің орын алғанын құптар едім, яғни, жастарды қолдап, соларға көбірек мүмкіндік берсе еекен. Өйткені жоғарыда отырған үлкен кісілер жастардың сценариін қабылдай бермейді. Егер сенімен қатар жасы үлкен, аты шыққан адамдар да сценарий өткізсе сонікін бірінші қабылдайды. Бұрыннан келе жатқан сыйластық, достық деген түсінік бар. Сондықтан көптеген дарынды жастар үлкендердің көлеңкесінде қалып қояды.

- Қазақ киносына салынған ақша неге өз-өзін ақтамайды? Неге әлемдік прокатқа шығара алмай отырмыз? Әлемдік деңгейдегі Тимур Бекмамбетов сынды режисерлерді тарта алмай отырмыз? Неге олар елімізде кино түсірмейді?

- Соны өзім де дұрыс түсіне бермеймін. Алайда сапасы жағынан біздің кинолар көрші елдердікіне қарағанда анағұрлым жақсы. Біз өзіміздің нарықтан ары қарай өте алмай жатырмыз. Менің естуімше, біздің кино Ресейге шығу үшін онда атақты бір ресейлік актер ойнау керек екен. Сондықтан бұл тұрғыда біраз қиындықтар бар сияқты. Әлемдік деңгейдегі режиссерлер жақсы сценарий мен қомақты қаражат болса бас тартпас еді деп ойлаймын. Бізде киноға жұмсалатын ақшаны шетелдіктер бір клип түсіруге ғана жұмсайды. Сондықтан оларға бізге келіп кино түсіру тиімсіз болып тұрған шығар.

- Қазақ киносы жоғары деңгейге көтерілу үшін не жетіспей жатыр?

- Бүгінгі таңда бізде жақсы техника да, мықты операторлар да бар. Дегенімен сценаристер жағы кемшін болып жатыр. Аз деп айтуға келмейтін шығар, сапалы жазатындар аз. Идея жағынан ақсап тұрмыз. Кейбір сценарилер қызықты болғанымен мағыналық, тәрбиелік жағы жетіспейді. Киноның аурасын ашатын музыка, ол қойылымның мінезін, жанрын, адамның көңіл-күйін дұрыс жеткізе білсе оны көрермен жақсы қабылдайды. Бізде музыка басқа жаққа, сөздері басқа жаққа, актер басқа жаққа тартады, айналып келгенде мұның бәрі сценариге байланысты. Сондықтан осы жағын дамыта түсуіміз керек.

- Қазір қандай кино түсіріп жатырсыз?

- Бұған дейін жиырмадан астам телесериал мен кино түсірдім. Олардың қатарында «Бәсеке», «Әулиет», «Қара шаңырақ», «Патруль», «Болашақ» сынды сериалдар бар. Жақында ғана Африкаға барып «Бизнес по-казахски в Африке» киносын түсіріп қайттық. Қазір соны өңдеу үстіндеміз. Сондай-ақ «Гудбай, мой бай!» фильмін түсіріп біттік. Қараша айында ол қалың көрерменге жол тартады.

- «Гудбай, мой бай!»... атының өзі қызық екен, шамасы комедия болу керек?

- Жоқ, бұл киноның атына қарасаң дұрыс кино емес сияқты. Алайда мазмұны терең, тәрбиелік мәні бар туынды. Қазір елімізде жастардың ажырасу оқиғасы көбейіп кетті, кино сол тақырыпты қозғап, ажырасудағы басты мәселеге тереңдеп енеді. Ажырасудың алдында тұрған жастардың бірінің оқиғасы баяндалады. Ерлі-зайыптылар арасындағы және келін мен ененің арасындағы кикілжіңдер, олардың бірін-бірі дұрыс түсінбегендіктен дұрыс емес шешімдерге баратындығы айтылады. Бұл фильм экранға шыққан жоқ, дегенімен маңайымызда жүрген біраз адам көріп, өздерінің жақсы бағасын берді. Жақында ажырасып кеткен бір досымызға көрсетіп едік, ол осы фильмнен үлкен әсер, сабақ алған болу керек әйелімен қайта табысыпты. Бір жанұяны болсын қайта қосқанымызға қуаныштымыз.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер