BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алаш арыстарына арналған деректі фильм жарыққа шықты

Фото: Автор

Алматыда «Алаш туы астында» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Деректі фильм «Оян қазақ», «Жарияланбаған автономия», «Қатерлі өткел» атты үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, 1916 жылғы көтеріліске көзқарас мәселелерінің түйіткілді тұстары баяндалады.

Деректі фильмнің алғашқы көрсетілімінен кейін түсіруші топ пен тарихшылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Бұл елімізде Алаш қозғалысы туралы ең алғашқы концептуальды сауатты түсірген фильм. Қазан, Уфа, Петербург, Мәскеу, Семей жалпы Алашқа қатысы бар тікелей орталықтардың барлығы қамтылған. Мұндай фильмді түсіру осы идеямен қанаттанған, осы жолда жігерлілік көрсеткен азаматтың ғана қолынан келеді», -дейді алаштанушы Мәмбет Қойгелді.

Филология ғылымының докторы, ғалым, алаштанушы Айгүл Ісмақова бұл фильмді ЖОО-дағы ғылыми процеске енгізуге болатындығын жеткізді.

«Фильм ешқандай эмоциясыз, тура деректер мен мұрағатқа сүйеніп жасалған. Студенттерге сабақ беру барысында «Алаш орда» қозғалысына қатысты деректерді келтіргенде тарихшылардың кітаптарына сілтеме жасап қана қоятынбыз. Енді осы фильмді «Алаш әдебиеті», «Алаш тарихы» деген семинарларға толығымен ғылыми процеске енгізуге болады. Фильм жақсы түсірілген, «Алаш орданы» тура осылай жоқтауымыз керек. Алаш орда үкіметі біздің қазіргі территориямызды белгілеп берді, осыны бүкіл қазақтың білгені жөн. Олардың жанкешті еңбектерін жете түсінуіміз керек», -дейді тарихшы.

Сценарий авторы және әңгімелеушісі – Болат Мүрсәлім фильмді түсіру барысында Ресейдегі Қазақстан елшілігі көп көмектескендігін айтып өтті.

«Кремльге, Смольныйға, бұрынғы Дума отырған Таврия сарайына рұқсат алу оңай емес. Біз алғаш кіріскен бетте Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов мырзаға хат жаздық. Кез-келген түсірілім тобы Ресейдің СІМ-нен аккредитация алу керек екен, ол процесс кейде бір жылға дейін созылады. Осы мәселе бойынша елшіліктің пресс аташшесі Жанар Калбашаева көп көмектесті. Жалпы фильмді түсіру барысында деректік негіздерге жақын нұсқаларды ғана пайдаландық», -деді Б. Мүрсәлім.

«Алаш туы астында» фильмнің бас кеңесшісі – Мәмбет Қойгелдиев, шығармашылық кеңесшісі – Тұрсынжан Шапай, режиссері – Ерген Тоқмұрзин, сценарий авторы және әңгімелеушісі – Болат Мүрсәлім, қоюшы операторы – Мұстафа Өнер, композиторы – Акошев Бейбіт.

Деректі фильм ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе түсірілген.

«Бұл фильм шын мәнісінде Алаш орданың қалыптасу, даму тенденциясын логикалық жағынан жинақтап айтқан. Көрермен үшін өте пайдалы фильм деп есептеймін. Сол дәуірдегі қиыншылықтар және соны жеңу жолындағы зиялыларымыздың еңбектері жақсы берілген. Халықтың қатты күйзелген сәтінде тарих сахнасына шығып, қазақ халқын жерсіздіктен, елсіздіктен, отансыздықтан, рухсыздықтан алып қалған үлкен зиялы тұлғалар екендігін фильмде жақсы жеткізді», -дейді түркітанушы Аманқос Мектептегі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер