Татар-башқұрт бірлестігі ҚХА жылын тойлауға дайындалуда - ҚХА|13 Қаңтар 2015, 12:16
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Татар-башқұрт бірлестігі ҚХА жылын тойлауға дайындалуда

 АСТАНА. 13 қаңтар. BAQ.KZ – Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, рухани-мәдени құндылықты ұлықтауда ҚХА-ның шоқтығы биік.

 Осыдан тура 20 жыл бұрын құрылған институт бүгінде бейбітшілік пен келісімнің үлгісіне айналды. Этносаралық келісімді қамтамасыз етуде ассамблеяның шоқтығы биік. Осы орайда «Таң» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігі мерейлі мерекеге қазірдің өзінде дайындықты бастаған. «Таң» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшелері осыдан 2 жыл бұрын «Достық» ансамблін құрып, ел ішіндегі елеулі оқиғалардан шет қалған емес. Енді олар ҚХА жылында жасындай жарқырап, мерекенің мерейін үстем етуге бел буып отыр.

Гүлназира Сәдуақасова, «Достық» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Мен осы бірлестікке келісімен ән салып, сауық құрмасам, көңілім көншімейді. Мұнда біз ерекше демалып қайтамыз. Енді міне ассамблеяның айтулы мерекесіне тыңғылықты дайындалудамыз.

Ресми деректерге сүйенсек, Астанада 11 мыңнан астам татар-башқұрт ұлт өкілі тұрады екен. Олардың 300-ге жуық белсендісі үнемі бас қосып, мәдени салт-дәстүрді жаңғыртуға атсалысып, бабадан қалған бай мұраны жойып алмауда аянып қалмайды. Осы тұрғыда арнайы дәрістер оқылып, тарихи тағлымдар тізбектеледі. Татарстаннан 1976 жылы Қазақстанға табан тіреген Рафик Валиевтің ата қонысына қайтқысы жоқ. Бұл азамат алаш елінде 16 жасынан жүйелі жоспарын жүзеге асырған. Астана қаласының «Таң» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафик мырза халқымыздың қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманда өмір сүруіне бірден-бір себепкер Қазақстан халқы ассамблеясы екендігін тілге тиек етуде. Ұлтаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде оның орны бөлек.

Рафик Валиев, «Таң» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, абырой. Елбасы өз жолдауында экономикалық қиындықтарды бірлесе шешсек қана еңсереміз деп айтқаны белгілі. Бізде де Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік басым болуы керек. Әсіресе қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бұл ретте аянбай еңбек етулері тиіс.

Ассамблеяның арқасында елімізде сенім, келісім және өзара түсіністік үлгісі орнады. Бұл бейбітшілікке күллі әлем қызыға да, қызғана да қарайтыны анық.

 

Авторлары: Елдар Бақпаев, Қанат Әбілдин

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер