Палау пісіре білесіз бе? (ФОТО, ВИДЕО) - ҚХА|19 Қаңтар 2015, 18:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Палау пісіре білесіз бе? (ФОТО, ВИДЕО)

Астана. 19 қаңтар. Baq.kz – Жиырма жылдан бері өз ұлтының тағамын әзірлеумен айналысып келе жатқан өзбек азаматы Абдуақап Шарипов бүгінгі таңда өзбекше «оштың» жетпістен астам түрі бар екендігін айтады. Мысалы, Ферғана палауы, Тәшкен палауы, Самарқан палауы, Бұқара палауы деген секілді географиялық және өзге де жағдайларға байланысты бөлінгенімен ел арасында осылардың ішіндегі ең үздігі деп бағаланатыны Әндіжан палауы екен. Жалпы, аспазшылар қауымының арасында дәмі тіл үйіретіндей палау дайындауда ең маңызды тірек түпкі ниетке байланысты болатын көрінеді. Одан кейінгілері күріштің түрі мен өзге де қоспаларды рет-ретімен уақытылы қажетке жаратуға тікелей тәуелді болды екен. Біз бүгінгі әңгімемізде бір отбасы мүшелеріне лайықталған палауды бабына келтіре дайындаудың қыр-сырын үйретсе деген оймен Астана қаласындағы Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, тәжірибелі аспазшы Абдуақап Халматұлына жолыққан болатынбыз. Енді назарларыңызға палау пісіру сәтінен жасалған фоторепортажды ұсынамыз.

Кейіпкеріміздің түсіндіруінше, «ош» әзірлеудің ең негізгі ерекшеліктерінің бірі – көп нәрсе оның көлеміне байланысты екен. Сондықтан біз бүгін бір отбасы мүшелеріне лайықталған, 5-7 кісінің тоя тамақтануына жеткілікті деңгейде етіп палау пісіретін боламыз.

Бір келі күрішке қажетті қоспалар тізімі: 300 гр. мақта майы, 1 келі сәбіз, 300 гр. пияз, 500 гр қой еті, 60-70 гр мейіз, 30 гр шамасында зере және бір шай қасық шамасында тұз. Жалпы ұзақтығы 1,5 сағат шамасында ас дайын болады.

Алдымен сәбіз тазаланып, жіңішке, ұзын етіп, ал ет жұмыртқаның жартысындай көлемде түрлі қалыпта туралады. Аспазшымыз бір шай қасық шамасындағы тұзды қыздырылған майға қосып, ерітіп алды. Содан кейін етті салып, 10-15 минут, ал пиязды 5 минут шамасында қуырады. Осы жерде ескеретін бір мәселе, қуыру кезеңі етпен пияздың суы тартылғанға дейін созылуы тиіс. Содан соң барып қазанға туралған сәбіз салынады. Абдуақап Халматұлы бұл өзіне ғана тән ерекшелік екендігін айтады.

- Бізде бұл ұлттық тағам болғандықтан оны әркім өзіне тән еркешелікпен түрліше етіп дайындайды. Менің ең бірінші майға тұз салғанымыз секілді, ас дайын болғанға дейін ашатын тағы бір-екі құпиямыз бар. Оның тағы бірі – палау пісіруді бастаған кезден қазанды мүлдем қозғамау. Яғни, қазанда қуыру процесі сәбіз салғанға дейін ғана жалғасу керек (сондай-ақ, осы кезеңдерде тұздың басым немесе аздығын реттеп алған жөн). Содан кейін, күріштің сорты мен түріне қарай су құйылады. Яғни, біздің пайдаланып отырған күрішіміз өте сапалы сортты және көлемі бір келі болғандықтан, сәбіздің үстіне біз 500-700 гр шамасында су құямыз да, қақпақ жабылып, жарты сағат шамасында демделеді, - дейді.

Етті қазанға салардың алдында ғана жуылып, тазаланған күріш осы кезге дейінгі аралықта бөлме температурасындағы жылымық суда жібітіліп тұрады. Ешбір араластырусыз демделген сәбіздің үстіне алдымен мейіз, кейіннен күріш салынған соң, оның артынша әлгі дәм бергіш түрлі қоспалармен қатар, зере де осы кезде себіледі. Міне, осы сәтке кейін қазандағы күрішті нықтай тегістеп, ернеуінен мүлдем бу шықпастай етіп жауып, демдеп тастаймыз. Бұл өзі дәмі тіл үйірер палау пісірудегі ең маңызды бөлігі демдеу болғандықтан, оның астындағы отқа да көп нәрсе байланысты көрінеді.

- Шекені шып-шып терлетер самаурынның шәйін аңсайтын кейбір қарттарымыз секілді, біздің «ошты» дайындауда мүмкіндігінше ағашты жағып, соның қызуын пайдаланған жөн. Енді қалалы жерлерде ондай мүмкіндіктер жоқ қой қазір. Сондықтан да электір пеші мен газдың қызуын қолданысқа жаратуға мәжбүрміз. Ендеше, осындай электр немесе газ плиталардың ең төменгі сатылы, баяу қыздыратын деңгейіне түсіріп, қазанымыздағы күрішті қозғаусыз 25-30 минут шамасында демдеуіміз керек. Қайталап айтқым келетіні, қазанды мүлдем араластырмау керек. Яғни, ет, сәбіз, күріш қабат-қабат қыртыстанып жатқан күйі соңында құйған суымыз тартылып, күріштер бір-біріне жабыспай, дана-дана піссе, бабы келісіп дайындалған ас міне, осындай болмақ, - дейді аспазшы.

Орайы келгенде айта кетейік, аспазшы Абдуақап Халматұлының әзірлеген тағамын бүгінде өзі араласатын ортада өте жоғары бағаланатын екен. Тіпті, бұл кісінің есімі елімізде палауды тамаша дайындайтын тұлғалардың санатында аталады екен.

- Өткен жылы Астанада тойланған Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде орталық алаңда пісірген Абдуақап ағамыздың палауын Елбасының өзі дәмін татып, өте жоғары бағасын берген болатын. Біз ағамызды сол үшін де мақтан тұтамыз, - дейді Астана қаласындағы Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов.

Оның айтуынша, бүгінде Астана қаласында 9 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілдері тұрады. Олардың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дәріптеп отыру мақсатында жұмыс істейтін арнайы орталықтарында бүгінде аталған ұлт өкілдері жиі бас қосып отырады екен.

 

- Біз аптаның әр бейсенбісінде ағайын-туыстар арасында отбасылық басқосу жиындарын өткізіп тұрамыз. Сол күні қай өзбектің үйіне түссеңіз де «ош» жеп қайтатыныңызға сенімдімін. Өйткені, біздің арамызда мұндай жиындар қалыптасқан қағидаға айналып келеді. Ондағы мақсатымыз өз арамыздағы байланысты тереңдете отырып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау болып табылады. Жалпы, еліміздегі татулық пен бейбітшіліктің кең қанат жайюына қомақты үлесін қосып келе жатқан Ассамблея аясында Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан саясатын жүзеге асыруға атсалысу, - дейді ол өз сөзінде.


Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Суреттер мен видеоны түсірген – Ғабит МАДАЛИЕВ

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер