«Нұр Отан» партиясы ҚХА бастамасын бірауыздан қолдайды - ҚХА|16 Ақпан 2015, 12:09
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұр Отан» партиясы ҚХА бастамасын бірауыздан қолдайды

Астана. 16 ақпан. Baq.kz – Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастамасына қатысты «Нұр Отан» партиясының арнайы ресми Мәлімдемесін жариялады, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

- Бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы бастамасына қатысты отырысы өтті. Онда Партия Жарғысының 9.5 пунктіне сәйкес, Саяси кеңес Бюросы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдау туралы Мәлімдемені бірауыздан мақұлдады, - деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Ендеше, партия жетекшілері ресми Мәлімдемесінің толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз.

«14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. «Нұр Отан» партиясы елдегі жетекші саяси күш ретінде аталған бастаманы толықтай қолдайды. Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, күрделі геосаяси қысымның салдарынан жағдай шиеленісе түсуде. Дәл осы кезеңде тіпті әлемнің ең дамыған елдердің өзінде де ксенофобия, діни төзімсіздік өршіп, радикалдық қозғалыстар күш алуға айналды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінде атап айтқандай, «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады». Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды.

Сондықтан, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданды. «Нұрлы Жол» Бағдарламасы – бұл тек нақты, жете есептелген іс-қимыл жоспары ғана емес, бұл - келешектің инфрақұрылымына салынған аса ауқымды инвестиция, бұл - жұмыс орындары, қарапайым қазақстандықтардың жайлы тұрмысын сақтап қалу, олардың кемел келешекке деген сенімі.

Бүгінгі таңда Бірлік пен Келісімді, Тұрақтылықты нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы орасан. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясын қолдай отыра, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санаймыз. Мұндай қадамның қазірдің өзінде-ақ Парламентті, Үкіметті, орталық және жергілікті басқару органдарын тастүйін жұмылдырып, халықтың өміршең энергиясын басты мақсат – Отанымыз Қазақстан Республикасының гүлденуі мен өркендеуіне бағыттауға жол ашады.

Біздің халқымыз ел тарихының ең бір шешуші сәттерінде болашақ ұрпақ қамы үшін даналық таныта отырып, өз Лидерінің төңірегіне топтасу мен бірігудің аса биік деңгейін көрсетті. «Нұр Отан» партиясы барша ел азаматтарын, барлық саяси партиялар мен қоғамдық күштерді кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасын қолдауға шақырады. Бұл біздің ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Мәңгілік Ел идеясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, бұдан да қуатты, бұдан да тастүйін бола түсуіміздің тарихи мүмкіндігі».
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер