BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құрылыс компаниялары тұрғын үйлердің бағасын арзандатуы тиіс – Назарбаев

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастамада баспана мәселесін неліктен бірінші орынға қойғанын түсiндiрдi. Сондай-ақ, Елбасы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беру керектiгiн айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Бес әлеуметтік бастама - бұл қарапайым халыққа қатысты бес маңызды әлеуметтік мәселені шешу жолы. Ассамблея мүшелері өзге де қазақстандықтар секілді осы бағдарламаның мазмұнын біледі. Сондықтан, тек қағидатты тұстарын атап өтейін. Бірінші бастама - үйі жоқтарға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігі мәселесін шешеді. Жақсы өмір сүру бағытында баспананың қаншалықты маңызды екенін білеміз. Осы бағдарламаны сондықтан да бірінші орынға қойдым. Жаңа шарттар бойынша ипотека алу мүмкіндігіне әр жұмыс істеп жүрген қазақстандықтың ие болуы аса маңызды. Біз бәрін есептедік. 50-60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді алып, ипотека арқылы төлеу үшін екі адам жұмыс істесе отбасының бюджетіне аз жүктеме түседі. Яғни, олар 25 жылдық ипотеканы төлей алады. Бұған қоса, алғашқы жарна бұрынғыдай 50 пайыз емес, 20 пайыз болады. Бұл біздің миллиондаған тұрғындарымыз үшін жасалып отыр. Әсіресе, жас отбасылар жұмыс атқарып, осы бағдарлама арқылы баспана ала алады», - деп Мемлекет басшысы бiрiншi бастама жайлы айтып бердi.

Елбасы аталған бастама аясында «7-20-25» арзан ипотекасын алдымен жас отбасыларға беруді де ұсынды.

«Баспана алдымен кімге керек? Әрине, жас отбасыларға. Міне, осы санаттағы азаматтар көбірек үй алсын. Басқалар да бар. Ең бастысы, ипотеканың мерзімі бұрынғыдай 5-10 жыл емес, 25 жыл болады. Сосын, құрылыс компаниялары тұрғын үйлердің бағасын түсіруі тиіс. Сонда қарыз алған адамның несиесі де жеңілдейді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер