Корейлердің Қазақстанда тұрғанына 80 жыл толды - ҚХА|28 Қараша 2017, 16:51
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Корейлердің Қазақстанда тұрғанына 80 жыл толды

Фото: Автор

Бүгін Қызылордада Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында корейлердің Қазақстанда тұрғанына 80 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті. Мерекелік кеш аясында Кореяның белгілі фотографы Ким Джин Соктың фотокөрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас Консулы Чжон Сын Мин, Консул Ли Менг Дже қатысты.

Тарихқа көз жүгіртсек, елімізге 30856 адамы бар 104 кəріс жер шаруашылығымен айналысқан колхоз көшірілген. Сонымен бірге, 13 балық шаруашылығы колхозы, 10782 жұмысшы, 15047 қызметкерлер жəне тағы басқа мыңдаған аралас колхоз мүшелері, артель жұмысшылары келді. 1937 жылдың 21-тамызында Кремльдің жасырын жарғысымен корей этносының өкілдері Қазақстанға жер аударыла бастады. Шалғай Шығыстан 90 эшелонмен 20789 отбасы, яғни 98454 корей этносының өкілдері көшірілді.

Солардың ішінде корей халқының батырлары – Хом Бом До, Ге Бон У бар. Ол кездегі саяси-әлеуметтік жағдай қазақ халқы үшін де оңай соқпады. Халықты құлазытып кеткен ашаршылық, халық жауы деген жалған айыптар тағылып, саяси репрессиялардың жүргізілуі соның куәсі еді.

«Осынау қиын кезеңде қазақ елі жер аударылған корей қалқына қамқор болып, махаббатын төкті. Сол ықыластарыңызға шын жүректеп алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ынтымақтастық қарым-қатынасымыз арта береді деп сенім білдіремін», - деді Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас Консулы Чжон Сын Мин.

Жалпы, корейлердің Қазақстанға көшіп келуі Қазақстанның ауылшаруашылығының көтерілуіне игі ықпалын тигізді. Олар қазақ халқының құрметіне сай болу үшін білек сыбана еңбекке араласты. Әсіресе, күріш өсіру шаруашылығында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Осы еңбектерін елеген басшылық Қызылорда облысы бойынша корей этносының 28 азаматына Еңбек Ері атағын берді. Қазір олардың суреттері Шиелінің құрметті азаматтарына арналған аллеяның төрінде ілулі.

Сонымен қатар, 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылған корей халқымен бірге келген корей педогогикалық институтының негізінде Сыр өңірінде алғаш ЖОО ашылды.

«Қазақ халқының ілтипаты мәңгі жүрегімізде сақталады. Қазір біз жергілікті халықпен біте қайнасып, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Ортақ Отанымызды сүйеміз және оның гүлденуіне аянбай еңбек етеміз», - дейді «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық филиалының жетекшісі Елена Ким.

Басқосуда корей этносының өкілдері облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғыс хатымен марапатталды. Кештің соңы концертке ұласты.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер