BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚХА-20 жыл: Поляктардың мәдени құндылықтары

 Астана. 20 маусым. BAQ.kz – Қазақстанда тұратын 120-дан аса ұлт өкілдерінің өздеріне тән тілі, діні, мәдениеті, киім үлгісі және өнері бар. Поляк халқының мәдениеті жылдар бойы қалыптасып келді. Қазақстанға жер аударылған поляк халқының өмір салты қазақ мәдениетімен байытылды.

 Поляк мәдениетінде адамның өмірге келуі, шоқындырылу, есею, қартаю сатылары қамтылады. Өзіндік ерекшелігімен еуропалық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып саналады. Олар үйлену тойын өткізуді және жерлеу рәсімдерінің өту барысын үйренді. Білімді болуға, оқуға құштар болды. Алайда кеңес үкіметі кезіндегі тежеулер олардың жоғарғы шенде отыруларына кедергі келтірді. Поляк ұлтының өкілдері арасынан шыққан ғылым докторлары мен кандидаттарының салыстырмалы түрде аз болуы осының айғағы.

Діни ұстанымдары – негізінен католиктер, сонымен қатар протестанттық тармақты ұстанушылары да бар. Поляктар бастан кешкен қиындықтарына қарамастан өз діндерін берік сақтап қалған. Олар өздерімен бірге дұғалық кітаптарын алып жүреді, жастарды дұға оқуға үйретеді, шіркеулік әндер айтып, дұғалардың мәтіндерін көшіріп жазады. Көптеген поляктардың үйінде, әсіресе ауылдық жерлерде Құдай Ананың бейнесі ілініп тұрады. Балаларды шоқындыру, тазарту, неке қию дәстүрлері қайта жанданып келеді. Католик шіркеулерінде приходтықтар костелдер құрылысына қатысып қана қоймай, оларды безендірумен, қажетті заттармен қамтамасыз етумен айналысады, құдайға құлшылық ету үшін кітаптар мен киімдер, литургиялық заттарды сатып алады, шелпек пісіреді және т.б. 

Қазақстандық поляктардың көбі Украина және Белоруссия жақтардан қоныс аударғандықтан киім-кешектерінде сол ұлттардың киім үлгісінен көрініс алады. Киімдері негізгі жүн, зығыр, кендір талшығынан тігілетіндіктен сапалы, әрі көбіне ашық түсті келеді. Әйелдері кең, бүрмелі, жолақты немесе гүлді юбка не көйлек киеді. Оның сыртынан алтын және күміс түсті зермен көмкеріліп, әшекейленген корсаж киеді. Алжапқыштары да негізінен ашық түсті болып келеді. Баскиім ретінде дала гүлдерінен гүлтәж өріп немесе орамал тағады. Аяқкиімдері баулы, түсі қызыл былғарыдан тігіледі. Киімдерімен қоса моншақтың түр-түрін таққанды ұнатқан. Поляк ерлері жолақ немесе бір түсті шалбарды қонышы биік қызыл немесе қара түсті етікке салып киеді. Жеңі кең, жағалы жейде, оның сыртынан әр түрлі жилет, көк түсті кафтан, ал бастарына конфедератка киеді.

Қазақстандық поляктар өнерлерімен де адамды тәнті ете алады. Ұлт арасында қолөнер кеңінен дамыған. Олар тоқымашылық, тігіншілік,құмырашылық, ағаш ою т.б. қолөнерінің шеберлері. Жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті тұрмыстық өлеңдер, аңыз-әңгімелер мен ертегі, т.б. мәліметтерге бай.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер