BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚХА-20 жыл: Ахыска түріктердің әдет-ғұрпы

Астана. 25 мамыр. Baq.kz – Ахыска түріктері бала тәрбиесінде баланы міндетті түрде жастайынан дінге бағыттайды, яғни, ислам жолына қояды. Түрік балалары әрдайым үлкендерге сыпайы қарым-қатынас жасайды, олардың аттарына – ата (деде), әже (нене), аға (абла) және т.б. сөздерді қосып айтады. Сондықтан, отбасы құрамы мен ішкі отбасылық қатынастарда және қазіргі заманғы түріктердің тұрмыс тіршілігінде, барлық қазақстандықтарға, сол сияқты түріктерге тән жалпылама белгілері байқалады. Олардың отбасы құрылымында екіұрпақтылық және үшұрпақтылық басым болып табылады. 

Отбасында тұңғыш баланың дүниеге келуі – мерекелі, қуанышты оқиға, соның ішінде әсіресе ер бала туылса, ахыска түріктерінің отбасының барлық мүшелері құрмет көрсетеді. Бірден әйелдің беделі ауысады, ол отбасында да, өмірде де неғұрлым маңызды орын алатын болады, күйеуінің және отбасындағы басқа адамдардың үлкен құрметіне ие болады. Сәби дүниеге келген уақытта арнайы шыны ыдыста күріштен немесе бидайдан ботқа пісіріледі. Қонақтар тамақ ішіп болған соң, дастарханға осы дәм әкелінеді. Кімде-кім ыдысқа көп ақша салса, сол адам ыдысты сындыру құрметіне ие болады. Шыны ыдыс сынған уақытта ішіндегі ботқа сол қалпында, яғни шашылмаған күйінде тұруы қажет. Бұл дәстүр отбасы бақытқа, ырысқа, байлыққа кенеледі деген мағынаны береді. Алғашқы болып астан жас босанған ана дәм татады. Егер ас келген қонақтардан артылып жатса, үй иесі қалған ботқаны малдарына, одан қалса бақшаларына шашады. Сол сияқты сәбиді аспалы немесе ағаш бесікке салып оны үш рет темір пышақпен аластайды. Егер ер бала болса, пышақ, ал қыз бала болса жастығының астына қайшы қояды. Бұл дәстүрді баланы бәле-жаладан, тіл-көзден аман болсын деп жасайды.

Үйлену тойында ыдыс сындыру салтының мағынасы, егер жас келін босағаны адал аттаса, той күннің ертеңіне қайын енесі өзінің қымбат бір ыдысын сындырады. Ыдыс өте майда бөлшектерге бөлініп, ұнтақталып шағылуы тиіс. Бұл дәстүр бас қосып жатқан екі жастың өмірі молшылық пен байлыққа толы болсын деген мағынаны білдіреді.

Сондай-ақ суыт хабар келіп, отбасында біреу қайғылы жағдайға душар болғанда немесе адам қайтыс болғанда олар міндетті түрде қара көйлек киіп, бастарына қара орамал тартады. Адам о дүниелік болғанда қызық дәстүрлерінің бірі дастарқан теріс жайылып, үстіне қойылған ыдыстар төңкеріліп қойылады. Тіпті қасықтар да күнделікті өмірден өзгеше, яғни төңкеріліп қойылады. Бұл дәстүрдің мағынасы әруақтар сенімен бірге тамақтанады деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар қайтыс болған адамды жерлеп келгеннен кейін, артынан туыстары іші суға немесе бидайға толы ыдысты сындырады. Онысы «артында қалған ұрпақтары аман болсын, арты мол болсын» дегенді білдіреді екен. 

 

Дана Сағынбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер