BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дүнген халқының ұлттық ойындары

Астана. 20 мамыр. Baq.kz – Дүнген халқының ұлттық ерекшелігін сипаттайтын бір белгісі ол – ұлттық ойындары. Жалпы, дүнгендерде балаларға да, ересектерге де арналған әртүрлі ұлттық ойындары бар. Олардың көбі ойын-сауық ретінде ғана емес, сондай-ақ балалардың ақыл-ой тәрбиесінде, физикалық және тәрбиелік-танымдық мәнге ие болды. Кейбір ойындар спорттық жарыс түрінде болды.
 

Кішкентай балалар, әсіресе, қыз балалар қуыршақтар – фагунер, бэ жяжярмен ойнады. Қуыршақтар ішіне мақта салынған матадан жасалынады, ал жаз айларында бұрымы бар қуыршақтарды жүгерінің собығынан жасады. Ойынға сынған ыдыстардың сынықтарын да пайдаланады. Олардың көмегімен балалар қонақ шақырып, тамақтандырған. Балалар ойында үлкендердің рөліне кіріп, солар сияқты сөйлеп, солардай қонақ күтеді.

Гэ бынбын ойыны – дүнген қыздарының сүйікті ойыны. Ойынға жігіттер де қатыса алады. Қазіргі уақытта бұл ойынды Қазақстан мен Қырғызстанда тұратын дүнгендерден кездестіруге болады.

Дүнген қыздарының тағы бір танымал ойындары ұсақ тастармен ойналатын ойын - щуазыр («тастарды қағып алу»). Бұл біздегі бестас ойынына ұқсайды. Ойынға көлемі кептердің жұмыртқасындай болатын домалақ бес тас таңдалады. Ойында бірнеше тәсіл қолданылады. Мысалы, дан зыр, щуафон (екі рет қағып алу), щуа сан (үш рет қағып алу), щуа сан-ии (үш-бір), ман ба щуа сы (жартылай қағып алу), щуа са зыр (шашылған тастарды қағып алу) және т.б.

Дан зыр тәсілін қолданған ойыншы бір қолымен бес тастың бірін жоғары лақтырып, қалғандарын біртіндеп жинайды. Жоғары лақтырылған тасты жердегі тас екеуін бір уақытта жерге түсірмей қағып алу керек. Егер лақтырылған тас жерге түссе, ойыншы кезегін келесіге ұсынады. Ойынның барлық тәсілдерін жылдам әрі бірінші болып бітірген адам жеңімпаз болып есептелінеді.

Жуа зыр ойыны дүнген қыздарының сүйікті ойыны болса, ти щянзы (лянга) – бозбалалардың сүйікті ойынына айналған. Көне көз қариялардың айтуы бойынша, бұл ойынды үлкен жарыстар өткізіп, ересектер де ойнаған. Бұл ойында бірнеше тәсіл қолданылады. Бұл ойын да біздің ұлттық ойындарымыздың қатарынан табылады.

Лянганы бір аяқпен тебу - дан, екі аяқпен - фон, секіріп тебу - лё, күрделі тәсілдер -та, ти және жян деп аталады. Дүнгендерде бұл ойында лянганы жерге бір де бір рет түсірмей барлық тәсілдерді еш қиындықсыз орындап шыққан ойыншыны ойынның шебері деп атайды. Ойын барысында лақтыруларды дауыстап санайды.

Ти щянзы ойынының Жетісуда танымал болғандығы сонша, жергілікті орыс халқы дүнгенше атауымен лёнга деп атап кеткен. Қазіргі кезде бұл ойынды қазақтар да ойнайды, әсіресе мектеп жасындағы бозбалалар.

Алшы ойыны - да бигиы – Қазанға дейінгі кезеңде дүнген жастарының арасында кең тараған ойындардың бірі саналды, дегенмен қазір де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Ойынның өз ережелері мен тәсілдері бар. Үлкендердің айтуынша, бұл ойыншы ересектер де ойнаған. Кезінде бұл ойын бойынша ауыл-ауылдардың арасында үлкен жарыстар өткізілетін болған. Жеңілгендер жеңімпаздарға өз алшыларын беретін болған. Қазіргі таңда дүнгендерде бұл ойын жоғалған.

Сан ён вар ойыны да дүнгендерде айтарлықтай кең тараған. Ойында қатысушылардың тапқырлығы мен зеректігі үлкен рөл ойнайды. Ойынға екі адам ғана қатыса алады. 7 немесе 9 шұңқыр қазып, әрбіріне 9 тастан салады. Ойыншы бір шұңқыр таңдап, ондағы тастарды алып, қалған шұңқырларға бір-бірлеп салып шығады. Өзінің шұңқырына ең көп тас жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.

Сондай-ақ, дүнгендердің ең танымал ұлттық ойындарының бірі болған және қазір де бар дойбы - дю фон. Бұл ойын өзіне көп жанкүйерлерді тартады. Бұрынғылардың айтуынша, бұл ойынға арнайы үлкен жарыстар өткізген. Жарысқа қатысу үшін үздік ойыншылар ауыл, қалалар аралайтын болған. Осы ойын үшін түсініспеушіліктер болып, арты үлкен дауға айналған жағдайлар да болған көрінеді. Ұлттық наным бойынша, дю фон – дойбы арқылы адамның мінезін анықтауға болады. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер