Бұл жыл – Ассамблея жылымен ғана құнды емес - ҚХА|16 Ақпан 2015, 10:33
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бұл жыл – Ассамблея жылымен ғана құнды емес

Астана. 9 ақпан. Baq.kz – Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы ассамбелясының ресми ашылу салтанатында еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін түрлі этномәдени бірлестік өкілдері бір мезетте айтулы мерекені ерекше қуанышпен тойлап, бір-бірін құттықтасып, зор қуанышқа кенеліп жатты. Сондай мәре-сәре күйге бөленгендердің арасында еліміздегі «Ирныхаш» осетин этномәдени-ағартушылық орталығының мүшелері де болды. Орталық төрағасы Казбек Мамсуров бұл жыл Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығымен ғана маңызды емес екендігі айтады.
 

- Бұл жыл – күллі қазақстандықтар үшін ерекше жыл болғалы тұр. Өйткені, ең алдымен биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы кең көлемде атап өтілмек. Әрбір азаматымыздың құқы сақталуын қамтамасыз ететін Конституциямыздың 20 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығын тойлау да осы жылдың еншісінде. Сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамбелясының 20 жылдығы. Осылардың қатарында тағы бір атап өткім келетіні, биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл. Мұның бәрі де тұнып тұрған тарих қой. Сондай күндерді ерекшелеп атап өту жолында олар ел ішінде көбірек насихатталады. Нәтижесінде, біздің бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз артып, құрметіміз де күшейеді. Осылайша, біздер өз арамызда ұлттар татулығын сақтай отырып, бейбіт заман, мамыражай тіршілік ететін боламыз, - дейді бірестік жетекшісі Казбек Владимирович.

Сонымен қатар, ол айрандай ұйыған еліміздегі бүгінгідей бейбітшілігіміздің ұшар басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығын еске салып өтті.

- Сондықтан да біздер Президентіміз айтқан әрбір тапсырманы мұқият орындап, ол кісінің жүргізіп отырған саясаты мен жоспарын әркез қолдап отыруымыз керек. Өйткені, түрлі ұлттар мен ұлыстар мекен еткен әлемнің өзге мемлекеттерін көріп, біліп отырмыз ғой. Осы ретте бізге өз отандастарымызбен әркез тату қатынасымызды сақтап, бір-бірімізге зор құрметпен қарағанымыз абзал деп ойлаймын, - дейді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы осетин ұлтының өкілдері екі мыңға жуықтайды. Оның 340-қа жуық азаматы Алматы облысында өмір сүреді. Олардың елімізге келу тағдыры да әрқайсында әрқалай өрбіген. Бірі – ЖОО тәмамдаған соң, арнайы жолдамамен келген болса, өзгелері жақсы өмір сүруді іздеп келген жандар көрінеді. Ал еліміздегі Осетин этномәдени-ағартушылық орталығы 2009 жылдардан бері қызмет көрсетіп келеді.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер