Жеңілдетілген 4 пайыздық үстемемен автонесие беру жалғасуда - Қазақстан экономикасы|21 Қаңтар 2016, 13:10
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Жеңілдетілген 4 пайыздық үстемемен автонесие беру жалғасуда

Астана. 21 қаңтар. Baq.kz - Әлемді алай-дүлей еткен баға ауытқуларына қарамастан Қазақстандағы жоспарланған бағдарламалар жүзеге асуда.

Өткен жылы басталған отандық автокөліктерді төмен пайыздық үстемемен несиеге беру бағдарламасы биылдан бастап қайта жалғасады. Ол үшін Ұлттық қордан 11 млрд теңге бөлінді. Жеңілдетілген несиені қай банктер арқылы алуға болады және ол үшін не істеу керек? Жеңілдетілген 4 пайыздық үстемемен автонесие беру бағдарламасы жалғасуда. Биыл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында «Қазақстанның даму банкі» Ұлттық қор қаражатынан қазақстандық көлік құрастыру кәсіпорындарын қолдауға 11 млрд теңге бөлді. 2015 жылы осы мақсатқа 15 млрд теңге жұмсалған еді. Өткен жылы жеңілдетілген несиеден құр қалған Ерболат биыл алғашқылардың бірі болып, төл тұлпарын таңдағанын айтады.

Ерболат Ахмет, көлік алушы -Былтыр осы бағдарлама бойынша машинаны несиеге ала алмадым. Биыл енді 4 пайыздық жеңілдік бойынша машина алайын деп жатырмын. Соған өте, өте қуаныштымын.

Дмитрий Ульянов, Көлік сату компаниясы бөлімінің директоры -Бірінші транш кезінде біздің компания бөлінген қаржыны небары 3 аптада толық игерді. Жеңілдетілген автонесие жетпей қалған азаматтар да болды. Биыл соларға отандық көліктерді сатуды жоспарлап отырмыз. Жеңілдетілген автонесие Халық, Еуразиялық, Ресей Сбербанкі мен БанкЦентрКредит банктері арқылы 3 жылдан 5 жылға дейін теңгемен беріледі. Сақтандыру және автокөлікті кепілге рәсімдеу шығындарын қосқанның өзінде жылдық үстеме 7,5 пайызға жетпейді екен. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша несие алуға ниет білдірушілер көп. Биылғы транш есебінен 4 мыңға жуық отандық көлік сатылуы тиіс, былтыр 6 мың авто өз иесін тапқан. Тұтынушыларға Kia, Toyota, Chevrolet, Skoda, Hyundai сынды брендтердің 37 үлгісі ұсынылады. Олардың толық тізімі «Қазақстанның даму банкі» сайтында жарияланған. Отандық көлік 5 млн теңге тұрады. Темір тұлпар құнының 30 пайызын алдын ала төлеген күннің өзінде банктың әдеттегі 16-17 пайыздық үстемесі есебінен қомақты қаржыңыздан қағыласыз. Ал тап осы көлікті жеңілдетілген 4 пайыздық үстемемен алар болсаңыз, отбасылық бюджетіңіз айтарлықтай үнемделмек. Әрі отандық көлік өндірісінің өрісін кеңейтуге төл үлесіңізді қосасыз.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер