Астана. 18 желтоқсан. Baq.kz – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан соң, Парламенттегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының алқалы жиынында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ тұрғын үй құрылысының бағдарламаларын іске асыруда атқарған шаруалары мен келешектегі жоспарлары талқыланды. Басқосуда баяндама жасаған Қуандық Бишімбаев аталған сала жұмысын жандандыра түсу үшін тұрғын үй құрылысында кепілдік беру жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
- Мемлекет басшысының үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін әзірлеуге қатысты тапсырмасын орындау үшін Холдинг тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, - деді ол өз баяндамасында.
Оның айтуына қарағанда, мұндай тетікті әзірлеудің негізі ретінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудағы үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы заңнаманы жетілдіру қажет көрінеді.
- Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылмайтын үлестік қатысу қатынастары үшін арнайы құқықтық алаң құру қажеттігі туындап отыр, - деді Қуандық Уалиханұлы.
- Алайда, бұл мәселеге қатысты депутаттар тарапынан көптеген сауал туындағандықтан, кепіл беру жайына қатысты айтылып жатқан мәселелер6 тек қана6 ұсыныс немесе талқылау негізінде екендігін қаперлеріңізге саламыз. Ал енді қандай да бір жаңаша шешім қабылданып, оны жүзеге асырар алдында, әрине заң жобасын өздеріңізбен бірлесе отырып кең талқылаудан өткізетін боламыз. Бірақ, қазіргі қолданыстағы заңнаманы уақыт талабына сай жетілдіруіміз керек, - деп толықтырды ол өз мәлімдемесін.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!