Отандық кәсіпкерлер Ресей нарығына шығуға жаңа мүмкіндік алды - Қазақстан экономикасы|28 Шілде 2017, 14:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Отандық кәсіпкерлер Ресей нарығына шығуға жаңа мүмкіндік алды

Фото: Абзал Қалиев

Астанадағы «Көрме» орталығында «Қазақстанның үздік тауарлар» көрмесі салтанатты түрде ашылды. Көрмеге 350-ден астам компанияның сапалы тауарлары қойылған. Сонымен қатар мұнда «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІІ форумы өтуде, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Форум барысында сатып алулар, сауда және экспорт тақырыптары және отандық бизнес саласындағы өзекті мәселелер талқыланады.

Отандық 350 тауар өндіруші компанияның басын біріктірген айтулы форумға «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Омарқожаев, сондай-ақ отандық бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысуда.

Аталмыш форумның модераторы - «Қазконтент» АҚ басқармаға төрағасы Евгений Кочетов.

Форумға «JJumore.com», «Zoodel» сынды шетелдік фирмалар да қатысуда. Осы орайда «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев биылғы форумның ерекшелігіне тоқталды.

«Бүгінгі көрменің негізгі ерекшелігі – біз мұнда Ресей Федерациясының сауда желісін шақырдық. Мұнда «Jumore» сауда-саттық алаңының стенді тұр. Бұл электрондық сауда желісіне 70-ке тарта қазақстандық компанияның тауары қойылған. Біз осы жылдың аяғына дейін 1 мыңға жуық қазақстандық тауар өндірушінің өнімі осы электрондық сауда алаңына қойылады деп жоспарлап отырмыз. Бір атап өтерлігі, осы аталмыш алаңда әлемнің 160-қа жуық мемлекеті сауда жасайды. Ал жалпы компанияның тауар айналымы жылына 200 млрд долларды құрайды. «Jumore» компаниясының өкілдері қазақстандық кәсіпкерлерге 3 күн консультация жүргізеді. Біз аталмыш компанияның президентімен 2017 жылы осы электрондық сауда алаңына «отандық кәсіпкерлер тегін тіркеле алады» деп келістік», - деді ол.

Сонымен қатар Нұржан Әлтаев орталықта «Қазақстанның үздік тауарлар» көрмесіне еліміздің беделді компаниялары қатысып жатқандығын атап өтті.

«Бүгінгі көрмемізде 350-ден астам Қазақстанның үздік компанияларының тауарлары қойылған. Олар өңірлерден іріктеліп алынды», - деді төраға орынбасары.

Айта кетейік, Форум аясында «Атамекен» ҚР ҰКП және «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қорының ұйымдастыруымен 144 өңірлік жеңімпаз кәсіпорынның қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен 206 отандық компанияның қатысуымен «Қазақстанда жасалған» көрмесі өтуде. Жалпы көрмеде 350 үздік компания өз өнімін ұсынады. Шара 30-шы шілдеге дейін жалғасады.

Сонымен қатар көрме қонақтары тауар өндірушіден тікелей өзі ұнатқан затты сатып алуға мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек көрме қонақтары күнделікті сағат 16:00-де өтетін бағалы сыйлықтар ұтысына қатыса алады.


Фото: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
29 Қыркүйек 2017, 09:19
Ақтөбеге Димаш келді
Пікірлер