Миллиардер Қазақстанның қай саласына инвестиция құйғысы келетіндігін айтты - Қазақстан экономикасы|29 Қазан 2015, 16:17
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Миллиардер Қазақстанның қай саласына инвестиция құйғысы келетіндігін айтты

Астана. 29 қазан. Baq.kz – «Astana Invest»форумы аясында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында тілшілердің сауалына жауап беру барысында миллиардер, инвестициялық сарапшы Джим Роджерс Қазақстанда қай салаларға қаржы құйып, кәсібін дөңгелеткісі келетіндігін айтты, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

- Мені жұрт «миллиардер»деп жатыр ғой. Жоқ, мен миллиардер емеспін. Жай ғана аздаған қаржыға иелік ететін қатардағы азаматтың бірімін деп санаймын өзімді. Ал енді Қазақстанда қайсалаға инвестиция құйғым келетіндігін білгілеріңіз келсе, айтайын. Жаңа менен бір архитекторлар Астананың құрылыс саласына инвестор ретінде келуге қызығушылығымның бар-жоғын сұрап жатыр. Мен бірден «жоқ» деймін. Себебі, қазір құрылыс саласының қызып тұрған шағы екенін екінің бірі біледі. Ал мені тап осы күндері жұрттың назарынан тыс қалып отырған, бірақ,тіршілік үшін маңызы жоғары салалар қызықтырады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласы. Терезеден қарасаңыз Қазақстанның бос жатқан байтақ даласын көресіз. Оны неге игермеске? Сол сияқты қаржы нарығы да мені өзіне тартып отыр. Мен енді сараптаудан өткізіп, жоспар құрамын да, алдағы аптада өзімнің қай салаға құржы құйғым келетінін нақтылайтын боламын. Ал қаржы нарығы дейтін себебім, мен бір кездерде Мәскеудің қор биржасынан акциялар алғанмын. Сондықтан да осы тәжірибеме арқа сүйеп, Қазақстанның қаржы нарығын дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Оның үстіне, халықаралық «Астана» қаржы орталығы құрылатын болса, бұл саланың мен үшін болашағы зор деп ойлаймын, - деді миллиардер.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

ФОТО: kursiv.kz
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер