Мамытбеков: Органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру маңызды - Қазақстан экономикасы|29 Қараша 2018, 10:58
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Мамытбеков: Органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру маңызды

Фото: Forbes.kz

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков еліміз үшін органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру маңызды екенін мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніндегі экспорттық әлеуетін арттырып келеді.

«Жер көлемі бойынша Қазақстан әлемде 9-орында. Сондай-ақ еліміз ауыл шаруашылығы үшін маңызды болып саналатын жер ресурстарына бай. Әлемде сапалы және экологиялық таза өнімдерге баса мән беріліп отырғандықтан еліміз үшін органикалық ауыл шаруашылығы болашағы зор салалардың қатарында», - деді жауапты хатшы Qazaq organic food конферециясында.

Осы орайда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті брендтерді құруды міндеті қойылғанын айтты.

«Мұнда экологиялық таза өнімдерге баса мән беру қажет екені атап өтіліп, Қазақстанның әлемдегі экологиялық таза өнім өндірушілердің қатарына қосылу қажеттігі айтылды. Аталған сала республикамыз үшін жаңа сала болып саналады. Сондықтан фермерлер аталған саланың маңызын түсінуі қажет.

Сондықтан органикалық өнімдерді өндіруді дамыту үшін Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында софт-офис ашу көзделген», - деді ол.

Асылжан Мамытбеков аталған бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің аталған саладан мәліметті көптеп алуға, мамандарды дайындауға, бақылау және сертификаттауды сапалы жүргізуге мүмкіндік беретінін мәлім етті.

Сонымен қатар жауапты хатшы елімізде Qazaq organic food бренді бар екенін хабарлады. Оның пікірінше, аталған саланы халықаралық талаптар бойынша реттеу қажет.

«Сондықтан басымдыққа ие нарықтарға тауар шығару маңызды. Егер өнімдерге қойылатын сертификаттау талабы халықаралық ережелерге сай келмесе, импорттаушы елдер оларды мойындамаса, өнім өз маңызын жоғалтады. Себебі, ең маңыздысы экспорттық әлеуетті арттыру. Елімізде ет пен сүттің басым бөлігі экологиялық таза өнім болып саналады. Экспорттық әлеуетіміз органикалық өнімдермен тығыз байланысты. Бәсекеге ие нарықтарға органикалық өнімдерді шығара аламыз», - деді ол.

Жауапты хатшы бұл мәселеде Қазақстанға халықаралық деңгейде мойындалған сертификаттау ұйымдарын тарту маңызды екенін жеткізді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер