М.Мұқанов: Отандық кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті - Қазақстан экономикасы|28 Қазан 2015, 14:52
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

М.Мұқанов: Отандық кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті

Астана. 28 қазан. Baq.kz – Еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде отандық кәсіпкерлердің жағдайы жақсарды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге берген сұхбатында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Мұқанов айтты.  

Айта кетейік, әлемнің 189 еліндегі бизнесті жүргізудің он түрлі көрсеткіші сарапқа салынатын дүниежүзілік банктің «Doing Bisuness» рейтингісінде еліміз 41 орынға көтерілген болатын. Мұндай нәтижеге жетуде отандық кәсіпкерлердің бизнесін дамыту септігін тигізді. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Мұхановтың айтуынша, болашақта елдегі шағын және орта бизнес секторын дамыту мақсатындағы жұмыстар тоқтамайды.

«Қазіргі отандық кәсіпкерлер бизнесінің дамуы жолында жасалып жатқан жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Біз келесі жылға субұлттық рейтинг деген жүйені енгізіп отырмыз. Осы бағытта еліміздегі сегіз аймақта және Астана мен Алматы қалаларында 4 индикатор бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Өткен жылы отандық кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу тәртібі жеңілдетілген болатын. Соның нәтижесінде олар қаражатын да, уақытын да үнемдеді. Мәселен, уақыты 16,5 күнге қысқарса, қаражатты жұмсау жағынан 4 ұпайға қысқарды. Бүгінгі күні олар бәсекеге қабілетті. Алайда, халықаралық сауданың дамуына қарамастан, Қазақстан экономика жағынан дамыған жетекші мемлекеттердің артында қалып келеді», - деді ол.

Сондай-ақ, осы рейтингте еліміз кәсіпкерлердің тіркелу рәсімдерін оңайлату жұмыстары арқылы Молдавия, Швеция, Марокко секілді дамыған елдердің қатарына қосылған.

«Қазақстанның осындай деңгейге жетуіне құрылыс салуға рұқсат алу жұмыстарын жеңілдету, халықаралық сауда көрсеткіші бағасының өзгеруі және кәсіпкерлерді тіркеу рәсімдерін оңайлатуы ықпал етті. Атап айтсақ, халықаралық сауда көрсеткішінің бағасы бойынша 185-тен 122 орынға, кәсіпкерлерді тіркеу индикаторы бойынша 55-тен 21 орынға шықты. Ал, құрылыс нысандарын салуға рұқсат алу индикаторы бойынша 154-тен 92 орынға көтерілді», - деді ол.

Назерке Сүйіндікова


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер