Қытай компаниялары ауыл шаруашылығы саласындағы 19 жобаны инвестициялайды - Қазақстан экономикасы|25 Қаңтар 2016, 19:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қытай компаниялары ауыл шаруашылығы саласындағы 19 жобаны инвестициялайды

Астана. 25 қаңтар. Baq.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгін "CITIC", "Rifa Holding Group", "COFCO", "AIJIU" қытай компанияларымен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков атап өткендей, "100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту жұмысы жүріп жатыр.

"Қытайлық инвесторлар бүгінде ауыл шаруашылығы саласын инвестициялауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, олар өнімді өңдеуге мүдделі. Бұл біз үшін тауарды экспорттауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті министр.

Атап өтсек, "Еуразия агрохолдинг" кәсіпорны мен "Rifa Holding Group" қытайлық трансұлттық компания арасында ет кластерін дамыту бойынша меморандумға қол қойылған. "Rifa Holding Group" компаниясы Шығыс Қазақстан облысында ет комбинатын салуға инвестиция құюға мүдделі. Кәсіпорын өнімінің 80 пайызы Қытайға экспортқа шығарылмақ. Сондай-ақ қытайлық компания ірі қара мал етінің өндірісі бойынша бірқатар қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуға ниет танытып отыр.

Қытайдың жетекші инвестициялық корпорацияларының бірі "CITIC" еліміздің мал шаруашылығы секторын инвестициялауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта "Бәйтерек" холдингімен ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойныша келісім жасалған. Корпорация өнеркәсіптік негізде бордақылау алаңдары мен бройлерлік бағыттағы құс фабрикаларының құрылысына қаржы құюға әзір.

"AIJIU" қытайлық өнеркәсіптік тобы "Total Impex" кәсіпорнымен бірлесіп СҚО-да майлы және дәнді дақылдарды терең өңдеу бойынша жалпы сомасы 58 млн доллар болатын нвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Ал "COFCO" қытайлық компаниясы Қазақстанда томат өндірісі мен оны өңдеу бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын. Компания "Еуразия Агрохолдингпен" бірлесе томат өсіру мен томат пастасының өндірісі бойынша Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында кластер құруды инвестицияламақ. Жобаларды бірлесе жүзеге асыру нәтижесінде томат өндірісін 120 мың тоннаға ұлғайту жоспарланып отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында Қытаймен бірге 19 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық құны 1 млрд 735 млн долларды құрайды. 12 кәсіпорын Шығыс Қазақстар және Алматы облыстарында орналасады, өйткені Қытаймен шекаралас болғандықтан логистика жөнінен бұл маңызды өңірлер болып табылады. Бүгінгі күні 19 жобаның 9-ы жүзеге асырылып жатыр. 

 

esep-kst.gov.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер