«Керей қойын» неге Қазақстанға әкелмеске?! - Қазақстан экономикасы|07 Наурыз 2012, 09:47
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Керей қойын» неге Қазақстанға әкелмеске?!

Қазақ халқы ежелден тегене құйрық қой өсірген. Сирағы ұзын, қылшық жүні тығыз, тұрқы биік құйрықты қойлар қыста жылқы сияқты тебіндеп жайылатын болған. Оларға шаруа шөп жинап әуреге түспеген. Құйрығы шұбатылған қаракөл мен мәліш құйрық меринос қойдың елімізге кейіннен сіңгені анық.

Ал әлгі айтылған көтеріңкі құйрықты байырғы қазақы қойдың тұқымы Қазақстанда жойылып кетсе керек. Дегенмен «Еділбай» қойына ұқсас қазақы құйрықты қойдың тұқымы Моңғолия қазақтарында жақсы сақталған. Ол ежелден ел ішінде «Керей қойы» деп аталынады. Қазаққа ортақ құйрықты қойдың бір тайпаның атауына телініп кетуінде де сыр бар. Негізінен абақ-керей руы болып келетін Моңғолия қазақтарының бергі тарихы Абылай хан заманына барып тіреледі. Сол кезде бір тайпа ел асыл тұқымды малымен Сыр бойынан Байөлкеге ауа көшіп барған. Әйгілі Бұхар жыраудың «Керей, қайда барасың?!» деген атақты жыры сол кезде туған. Онан бері талай дүрбелең ғасырларды бастан өткерген моңғол қазақтарын, кешегі Оспан батырдың ұрпағын тау асып, шөл басып жүргенде, қыстың үскірік бораны мен аязды суығынан сақтап қалған осы құйрықты қойдың еті мен сорпасы екені сөзсіз.
Моңғолияның ауыл шаруашылығы министрінің кеңес алқасы жергілікті құйрықты қойды 1999 жылы жеке тұқым етіп бекітіп, «Керей қойы» деп атауға шешім қабылдапты. Осылайша бұрын ғылыми тілде «Батыс Моңғолияның құйрықты қойы» деп аталып келген жергілікті малдың атауы өзгеріп, ресми түрде қазақша аталуға біржола көшеді.
«Керей қойының» түр-түсі, дене құрылымы өзгеше. Атап айтқанда, басы үлкен, құлағы ұзын, түсі қызыл, қызыл күрең, қылшық жүнді, тегене құйрықты болып келеді. Моңғолдың қысқа май құйрық қойларынан бөлектеніп тұрады. Оларға қарағанда тірідей салмағы да, жүнінің түсімі де айта қаларлықтай артық.
«Керей қойы» соңғы 30 жыл бойы жүргізілген селекциялық асылдандыру жұмысының нәтижесінде сапасы нығайып, жақсара түскен. Бұл қойды жоғары тұқым дәрежесіне жеткізу жолында селекционер-зоотехник Қатыран Орынбайұлы деген ағамыз ондаған жылдар бойы қажырлы еңбек сіңіріпті. Ол селекциялық асылдандыру жұмыстарын арнаулы әдістеме бойынша ғылыми негізде жүргізіп, қойдың дене құрылымы мен пішіні, физиологиялық қасиеті, өсімталдығы мен өміршеңдігі, өсіп-жетілгіштігі, ет, сүт, жүн өнімдерінің мөлшері мен сапасы қатарлы биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми еңбек жазу арқылы аталмыш қойды ғылыми айналымға шығарған. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, қойдың тұқымдық сапасы мен өнім мөлшері анағұрлым жоғарылаған. Осы ғалым бауырымыздың ғылыми еңбегінің арқасында моңғолдың құзырлы орындары керей қойын мойындап, қазақша атауға қаулы шығарған.
«Керей қойының» сақа қошқарларының тірідей салмағы 74,5 келі, жүн шығымы 1,84 келі, шоқтығының биіктігі 73,3, тұрқының қиғаш ұзындығы 75,2, кеудесінің орамы 95,2 см болып келеді. Биік тау жайылымдарында қар тебіндеуге жақсы бейімделген. Ұзаққа айдауға төзімді. Жылдың төрт мезгілінде де жайылыммен бағылады. Жаз бен күзде тез оңалып, тез семіреді. Сондықтан ол жақта қысқа жем-шөп дайындап, соғымға мал байлау дегенді білмейді.
Мал басын өсіру, шетелдерге сапалы ет экспорттау - бүгінгі күннің міндеті. Ет өндіруге ерекше көңіл бөлінуде. Қазір «Мал тұқымын асылдандырамыз» деп Қазақстанға алыс шетелдерден мал тасу әдетке айналды. 2004 жылы Алматыға сонау Австралиядан ұшақтармен асыл тұқымды биязы жүнді қошқарлар әкелінгені есімде. Газет тапсырмасымен түннің ортасында бір топ журналист әуежайға барып, аспанда келе жатқан ай мүйіз қошқарларды табанымыздан таусылып күтіп тұрдық. Ұшақтан тап бір елдің патшасы түскендей қалы кілем төселініп, қарсы алынды әлгі қошқарлар. Кердеңдеген бір кесір қошқар талтайып тұра қап, су жаңа кілемді бүлдіргені де көз алдымда. Сол жарнамасы жарқылдап көз арбаған қошқарлардан бүгінде тұқым да қалмағанға ұқсайды. Жерсінбеген, табиғатымызға бейімделе алмаған. Қысқы суыққа, жазғы ыстыққа шыдамай, құрып кеткен. Ал Қазақстанның табиғатына мейлінше лайық, суыққа төзімді, терісі қалың, жүндес, етті, қысты тебінде өткізетін керей қойлары іргемізде тұрғанда, алыстан арбалаудың қаншалықты жөні бар еді.
Енді, осы қойды Қазақстанға әкеліп, тұқымын неге көбейтпейміз?! Бұған не кедергі болып тұр?! Кедергі - сол баяғы шекара мәселесі. Қазақстан мен Моңғолияның шекарасы түйіспейді. Екі ел арасындағы жол Ресей арқылы өтеді. Ресей жұқпалы мал ауруын сылтауратып, моңғол қазақтарын атамекеніне малымен өтуіне рұқсат бермей отыр. Туыстас екі елдің арасы 100 шақырымдай ғана «шетел жерімен» бөлініп тұр. Осы жүз шақырым жер мәселесін шешу қиынға соғып отыр. Амал жоқ, отар-отар қойын болымсыз ақшаға сатып, шекара сыртынан жүз мыңдай қазақ өздері ғана елге көшіп келді. Көшпеген жүз мыңнан аса қазақ әлі тұтасып отыр. Шекара мәселесі шешілсе, таулы аймаққа төзімді керей қойлары елге теп-тегін оралар еді-ау деген тәтті ой қылаңдайды. Тегін болмай-ақ қойсын, осы қой тұқымын миллиондап сатып алсақ та, ұтпасақ ұтылмас едік. Ең бастысы, қазақтың ежелгі текті мал тұқымын қайтып оралтар едік...
Төреғали ТӘШЕНОВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер