Келесі жылы елімізде қанша мұнай өндірілетіні алдағы уақытта белгілі болады – Бозымбаев - Қазақстан экономикасы|05 Желтоқсан 2017, 14:39
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Келесі жылы елімізде қанша мұнай өндірілетіні алдағы уақытта белгілі болады – Бозымбаев

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астанада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумының кулуарында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2018 жылы елімізде қанша мұнай өндірілетіні желтоқсан айының ортасында ғана белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен министр мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы шартқа қатысты пікір білдірді.

«Іс жүзінде ОПЕК-тің барлық елдері және оған қоса аталған ұйымға кірмейтін мемлекеттер арасында 30 қараша күні Венада келесі жылдың соңына дейін мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы шартқа қол қойды. Мемлекеттер осыған дейінгі шартта көзделген деңгейде мұнай өндіру көлемін сақтайды. Біз үшін мұны жасау қиынға соғады. Алайда біздің тарапымыздан шартты ұзарту қазіргі нарықтағы бағаны сақтап қалу үшін жасалған маңызды мәміле», - деді ол.

Осы орайда Қанат Бозымбаев ОПЕК елдері аталған келісімді ұзартпаған жағдайда, әлемдегі мұнай бағасы құлдырайтынын айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда мұнайдың бағасы тиімді.

«Мамандардың пікірінше, егер ОПЕК келісімді ұзартпағанда (мұнайдың – автор) бағасы құлдырайтын еді. Сондықтан 62-63 долларлық баға жақсы. Бұл баға мұнайшылармен қатар мұнай кен орындарына қаржы салатын инвесторларға сенімділік береді. Сондықтан біз бұл шартты қолдадық. Бірақ, егер бізде аталған талапты орындауда қиындықтар туындайтын болса, онда серіктестерге жүгініп, келісімге келе аламыз», - деді ол.

Энергетика министрінің айтуынша, биыл Қазақстан 85 млн-нан астам тонна мұнай өндіруді көздеп отыр. Ал 2016 жылы мемлекетіміз 78 млн тонна мұнай өндірген. Осы орайда ведомство басшысы келесі жылы елімізде қанша мұнай өндірілетінін алдағы уақытта ғана белгілі болатынын жеткізді.

«2018 жылдың жоспарын желтоқсан айының ортасында береміз. Қазіргі уақытта құжатпен жұмыс істеудеміз. Өсім сәл ғана болады», - деп түйіндеді сөзін Қанат Бозымбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер