«Казалко» өнімдері Вьетнам нарығына шығуды көздейді - Қазақстан экономикасы|25 Қаңтар 2016, 18:59
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Казалко» өнімдері Вьетнам нарығына шығуды көздейді

Астана. 25 қаңтар. Baq.kz – «КазАлко» алкоголь өнімдерін адал өндірушілер және сатушылар ассоциациясы делегациясының Вьетнамға жұмыс сапары өтті. Ал Ханой қаласында Ассоциация басшысы Әміржан Қалиевтің Қазақстаннан сапалы алкоголь өнімдерін жеткізуге қызығушылық білдірген вьетнамдық іскер топ өкілдерімен кездесуі Сыртқы істер министрлігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды.

Аталмыш сапар 2015 жылғы мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақтың мүше-мемлекеттері мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында қол қойылған Еркін сауда аймағы туралы келісім шеңберіндегі қазақстандық экспортты Вьетнамның нарығына ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстандық тарап, арасында бүкіл елге тараған сауда орындарына ие ірі азық-түлік корпорациялар да бар, сондай-ақ алкоголь өнімдеріне маманданатын дистрибьюторлық компаниялар да бар Вьетнамның бір топ кәсіпкерлерімен кездесулер барысында, барлық қазақстандық сапалы және сертификатталған алкоголь сусындарымен таныстырып кетті.

Вьетнамдық серіктестер қазақстандық өнімнің бәсекеге жарамдылығы мен жоғары сапасын атап өтіп, сапалы алкоголь өнімдерін тұтынудың жыл сайынғы өсімі байқалатын жергілікті 90-миллиондық нарыққа аталған тауарларды жылжытуға қызығушылық білдірді. Соңғы 10 жыл ішінде алкогольды тұтыну 3,5 есе өсті және жақын келешекте өсуі жалғасады деп күтілуде.

Келіссөздер барысында ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы Еркін сауда аймағы туралы келісімнің жағымды преференциялары атап өтілді және оның талаптарына сәйкес, бірқатар алкоголь өнімдеріне байланысты тарифтер біртіндеп ырықтандырылады. Осылайша, арақтың акциз мөлшерлемесі бара-бара Келісімнің күшіне ену күнінен бастап 2020 жылға дейін 20,5%-ға, ал 2026 жылға дейін 0%-ға дейін төмендейді.

Сонымен қатар, Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Бекетжан Жұмаханов вьетнамдық кәсіпкерлерді тауарларды Қазақстаннан Вьетнамға және кері қарай тасымалдау мүмкіншіліктерімен таныстырып өтті. Атап айтқанда, серіктестер «Жаңа Жібек жолы» көліктік-логистикалық жобаны іске асырудың келешегімен, Еуразиялық аймақты Азия-Тынық мұхит бассейні мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыстыратын көліктік дәліздермен таныстырды, оның ішінде Қазақстанмен темір жолдармен байланысқан және жүктерді жеткізуін 3 есе қысқартатын Ляньюньган қаласының (ҚХР) теңіз портында орналасқан қазақстандық терминалды қолдану мүмкіншіліктеріне ерекше көңіл бөлді.

Айта кетейік, «КазАлко» алкоголь өнімдерін адал өндірушілер және сатушылар ассоциациясы барлық қазақстандық алкоголь өнімдерін өндірушілердің өкілі болып табылады. Ассоциация өндірушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және қолдаумен, кәсіпкерлік қызметтегі ұйымдастыру, қаржы-экономикалық және құқықтық мәселелерде қолғабыс көрсетумен, сондай-ақ алкоголь мен спирт өнімінің өндіріс және айналымы саласында маркетингтік зерттеулермен айналысады.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер