Қазақстан аумағында тауар бағасын ұлттық валютада көрсетпегендер жауапқа тартылуы мүмкiн  - Қазақстан экономикасы|21 Маусым 2017, 12:01
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қазақстан аумағында тауар бағасын ұлттық валютада көрсетпегендер жауапқа тартылуы мүмкiн 

Бүгiн мәжiлiсмендер «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне жарнама мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады. Заң жобасына сәйкес, экономиканы долларсыздандыру бойынша жүргізіліп отырған саясатты ескере отырып, Қазақстан аумағында тауар бағасын ұлттық валютада көрсетпегендер үшiн әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілуi мүмкiн, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Оның мәлiметiнше, Заң жобасына сәйкес 5 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

«Бүгінгі күні жарнама саласында шағын және орта бизнестің белсенді дамуына қарамастан, өкінішке орай аталған салада проблемалар көп. Атап айтқанда, нақты мемлекеттік реттеу жоқ, заңнама жетілдірілмегендіктен, жергілікті атқарушы органдардың құқық қолдану практикасы әртүрлі, рұқсат беру мәселелері бір жүйеге келтірілмеген, жарнаманы тарату мен орналастыру үшін бюджетке төленетін төлемдерді әкімшілендіру бойынша мәселелер бар. Бүгінгі күні орын алған проблемаларды жою мақсатында Үкімет қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады», - дедi Сүлейменов.

Министрдiң айтуынша, Заң жобасында жарнама саласында заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Оның мәлiметiнше, «Жарнама туралы» Заңда жарнама саласында бірқатар шектеу мен тыйым салынған, атап айтқанда 15 тыйым бар.

«Мысалы, электрондық казиноны және интернет-казиноны жарнамалауға, қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға, жөнсіз жарнамаға, ұлттық аза тұту күндерiнде теле-, радиоарналарында жарнамаға тыйым салынады. Бірақ аталған шектеулер әкімшілік жауапкершіліктің болмауына не уәкілетті органдарда әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша практиканың болмауына байланысты іс жүзінде сақталмайды. Осыған байланысты, жарнама саласындағы әкімшілік жауапкершілік түрлерінің диспозицияларын нақтыладық», - дейдi Сүлейменов.

Министрдiң мәлiметiнше, заңда сонымен қатар, бірқатар әкімшілік жауапкершіліктің түрлері алғаш рет енгізілді. Экономиканы долларсыздандыру бойынша жүргізіліп отырған саясатты ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында тауарды сатқан кезде оның бағасын ұлттық валютада көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

«Жосықсыз, жөнсіз, әдепсіз, жалған жарнама үшін, сонымен қатар ұлттық аза тұту күндерiнде теле-, радиоарналарында жарнамаға әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Алкоголь және темекі өнімдерінің жасырын жарнамасын болдырмау үшін алкоголь өніміне, темекі және темекі бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралар, оның ішінде ұтыстар, лотереялар ойнату нысанындағы жарнама үшін жауапкершілік енгізілді», - дейдi Ұлттық экономика министрi.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер