ҚАЗАҚ НЕГЕ БАЛЫҚ ЖЕМЕЙДІ? - Қазақстан экономикасы|10 Қазан 2011, 12:55
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

ҚАЗАҚ НЕГЕ БАЛЫҚ ЖЕМЕЙДІ?

Әдетте балық еті туралы әңгіме қозғалғанда бағасының қымбаттығын көлденең тартатынымыз бар. Рас, базардағы бүгінгі баға бас айналдырады. Дәл қазір Алматының «Көк базарында» бахтақ балығының (форель) бір келісі 3500-3800 теңгенің көлемінде болса, ақсерке (семга) 3800 теңге, табан балық (лещ) 1000 теңгеден сатылуда. Уылдырықтың бағасы жайлы әңгіме тіптен бөлек. Мә­селен, жасанды қара уылдырықтың 113 грамы 2500 теңгеден саудаланса, қызыл уылдырықтың 260 грамы 5500 теңге деп тұр.

Дегенмен, алушы жоқ емес. Байқа­саңыз, базарда балық еті тұрған қатарды жағалайтындар негізінен өзге ұлт өкілдері. Біздің ағайынның мойыны ол жаққа көп бұрыла бермейді. Неге десеңіз, балық ба­ғасы мал етінінің құнынан артық болмаса кем емес. Дәл сол «Көк базарда» сиыр еті 1700 теңге, қой еті 1300 теңге, жылқы еті 1900 теңгеден сатылуда. Сондықтан, бар тапқан ақшасын ежелден үйреншікті болған төрт түліктің етіне жұмсап, кері қай­тады. Қалай десек те өзге жұртқа қа­рағанда балықты аз жейміз. Биология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Садуұлының есебінше, бүгінгі күні балықты ең көп жейтін жапондар мен қытайлардың күнделікті ішіп-жемінің 14-16 пайызын балық өнімдері құраса, амери­калықтарда 11-12 пайыз, ресейліктердің көрсеткіші 9 пайыздың көлемінде. Ал, біздің халқымыздың жан басына шаққанда бұл 0,9 пайыздың төңірегінде ғана. Әрине, базардағы баға үйдегі тәбетке тұсау салған уақытта балық еті жайлы сөз қозғау орын­сыз дерсіз. Оның үстіне қашанда қонағы үзілмейтін үбірлі-шүбірлі қазақы от­ба­сында «балыққа бата жүрмейтіні» де бел­гілі. Десек те, біздің ұлтымыздың бір уақ осынау жеңсік астың дәмін татуды әдетке айналдыра алмай отырғаны да шындық. Балық етінің пайдасы жағынан хабарымыз аз. Мамандар балық еті көз ауруларына, созылмалы ісік ауруының алдын алуға, һәм сүйекті қатайтуда таптырмас ем еке­нін айтады. Орыстың шәркейіне сүрінген кәрі-құртаңына шейін таңмен таласа тұрып, базарға жаңа түскен өнімді сатып алуға жанталасуының себебі де осында жатса керек, сірә.

Еліміздегі балық өсіруге қолайлы су көздері мен жасанды су ай­дындары жа­ғынан алғанда ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейінгі орындамыз. Айталық, «балығы тайдай тулаған» Каспий теңізі, Алакөл мен Балқаш көлдерінің өзі неге тұрады. «Дүниежүзінде балықтың 20 мыңнан астам түрі болса, соның 300-ге жуығы кәсіби ауланатын балықтар. Ресейде кәсіби түрде балықтардың 250-ге тар­та түрі ауланады. Бізде бұл 150-160-тың шамасында. Сондай-ақ, әлемде бекіре тұ­қымдас балықтың 24 түрі болса, соның11-і бізде. Біздегі Сырдария тас бекіресінің өзі дүниежүзіндегі үш тас бекіренің біріне жатады. Қысқасы, еліміздің су көздері ба­лық өсіруге қолайлылығы жағынан жақсы көрсеткішке ие. Дегенмен, соңғы жылдары әртүрлі себептерге байланысты кейбір ба­лық түрлері азайып, «Қызыл кітапқа» еніп кетті», – дейді профессор Марат Саду­ұлы.

Балықтың саудадағы бәсін қыздырып тұрған себеп – басының азайып кеткені. Ресми деректерге сүйенсек, Кеңес одағы тұсында біздің республикамызда жылына 100 мың тоннадан аса балық ауланатын көрінеді. Оның 70-80 пайызы Каспий теңізінің жәндігі. Алайда, қазіргі уақытта бір жылда ауланатын балықтың көлемі 40 мың тоннадан аспайды. Оның 70 пайызы сыртқа экспортталады. Ал, азық-түлік нор­масы бойынша әр адам жылына 14 келі балық жеуі тиіс. Ол есеппен алатын болсақ, ел тұрғындарын түгелдей қамту үшін 230 мың тоннадай артық балық өндіру қажет. Сондықтан, еліміз импортқа тәуелді. Атап айтқанда, Қазақстанға көбінесе Ресей, Норвегия, Латвия, Вьетнам, Эстония, Қытай сияқты елдерден балық және балық өнім­дері әкелінеді. Мәселен, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің дерегінше, 2010 жылы Ресейден 9007,1 тонна, Нор­вегиядан 25062,0 тонна, Латвиядан 6496,0 тонна, Вьетнамнан 4691,0 тонна, Эсто­ниядан 2454,2 тонна, Қытайдан 2774,4 тонна балық өнімдері әкелінген. Балық шаруашылығын зерттеуші маман Марат Садуұлының пікірінше, елімізде бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің мүмкіндігі зор. Бекіренің өзге балықтан ерекшелігі оның уылдырығы бағалы. Бекіренің уыл­ды­рығының 1 келісі 200 мың теңгеге дейін барды. Елімізде өнді­рілген уылдырықтың 85 пайызын АҚШ сатып әкетеді. Оның үстіне бекіре тұқым­дас балықтар анау-мы­нау ауруды да елең қылмайтын, өсімтал.

Балық өнімдері бізде ғана емес, әлемдік саудада да тапшы азық. Бір ғана мысал, ірге­дегі көршіміз Ресей жылына 1,2 млн. тоннаның мөлшерінде балық импорт­тайды. Бұл тұрғыда, үлкен өзендердің басында отырған Қытай мемле­кеті бүгінгі жағдайды шебер пайдаланып, Ресейдің импортының 40 пайызын жет­кізіп беруге ие болып отырғанын айтуымыз қажет. Сондықтан, біздің елімізге де балық ша­руашылығын дамыту қажет-ақ. «Өкі­нішке қарай, бізде балық шаруашылығын уағыздау, осы салаға халықты үйрету жағы да кемшін. Көршіміз Ресейде екі бірдей телеарна балық шаруашылығының қыр-сырын насихаттап отырады. Бүгінгі күні әртүрлі деңгейдегі жекеменшік кәсіп­орындар балық шаруашылығын ашып, саланың өндірісін қолға ала бастады. Бұл құптарлық жайт. Дегенмен, олардың барлығында бірдей кәсіби маман жоқ. Мұндай жағдайда әлемдік нарық талабына сай бәсекеге қабілетті өндіріс құра ал­маймыз», – дейді профессор Марат Саду­ұлы. Ғалымның айтуынша, нарықта сұ­ранысы жоғары Каспий бекіресінің қоры мен тұқымын сақтап қалу үшін бекіре шабағын өсіру көлемін 60 млн.-ға жеткізген жөн.

Жалпы, еліміздің балық өндірісін қайта қолға алып, су көздерін түбегейлі мемлекеттік «сүзгіден» өткізудің кезегі келді. Қазақ елінің аграрлық мүмкіндігінің арқасында берісі Кедендік одақ, арысы әлемдік нарықтағы азық-түлік тапшы­лығын толтыруға негіз бар. Сондықтан, ет пен егін саудасымен қатар диверсифи­кациялау шарасын ең алдымен ауыл­ша­руашылығы саласында жүргізе алсақ та ұтарымыз көп.

Бауыржан САБЫРБЕКОВ

http://dmk.kz/?p=9561


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер