Энергия секторында тарифтерді есептеу әдістемесіне өзгеріс қажет - Қазақстан экономикасы|15 Қараша 2018, 12:50
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Энергия секторында тарифтерді есептеу әдістемесіне өзгеріс қажет

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Рэдиссон» қонақ үйінде Электр энергетикалық қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қазақстанның электр энергетикалық саласының ұзақ мерзімді даму стратегиясы» тақырыбында форум басталды.

Қазақстанның Электр энергетикалық қауымдастығы Директорлар кеңесінің төрағасы Жомарт Көшербаев энергия өндіруші компаниялар қызметін айқындайтын заңнамалық және нормативтік актілердің кемшін болуынан энергия өндіру секторындағы объективті проблемалар туындап отырғанын атап өтті.

«Энергия өндіру секторы үшін тарифтерді есептеу әдістемесі жылдың соңында жиналған кірісті тарифті төмендетуге, ал келесі кезеңде шығынды қайтаруды көздейді. Осы әдістеме кіріс алу мақсатында кәсіпорын қызметін ұйымдастыруды көздейтін кәсіпкерліктің негізгі принциптерін бұзады. Бәсекелестік принципі де бұзылып отыр. Сол себепті бүгінде бөлшек сауда нарығына бизнесті тарту үшін қолайлы орта құру қиын», - деді Көшербаев.

Ол тарифті үйлестіру тетіктерінің жетілдірілмеуі саланы жаңғырту, есепке алу құралдары мен өзге де құрал-жабдықтарды жаңарту үшін инвестиция салуға мүмкіндік бермей отырғанын атап өтті.

Айта кетсек, форумға қатысушылар, электр энергетикасын инновациялық дамыту, энергия өндіруші ұйымдарды, энергия таратушы компанияларды ірілендіру, жылумен қамтамасыз ету, жаңартылатын қуат көздері, энергетикалық жабдық пен электр техникалық өнімдер шығару, монополистік қызмет саласында тариф саясатын жетілдіру секілді өзекті мәселелерді талқылап отыр.

Іс-шараға ҚР Парламентінің, орталық мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, облыс әкімдіктерінің, «Нұр Отан» партиясының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, қаржы институттардың, электр энергетикалық компаниялардың, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр.

Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығы – энергетикалық кәсіпорындар мен ұйымдардың бірлестігі. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – ҚР электр энергетика саласы субъектілерінің қызметін үйлестіру және тиімді жұмыс істеуіне жағдай туғызу, сондай-ақ ортақ мүдделерін қорғау.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер