BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Еліміздегі статистикалық мәліметтер шындыққа жанаса ма

Фото: интернеттен

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов сенаторлардың «еліміздегі статистикалық мәліметтер шындыққа жанаса ма?» деген сұрағына жауап берді.

Бүгін Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Отырыс барысында сенаторлар заң жобасын таныстырған Статистика комитетінің төрағасынан «статистикалық деректердің дәлдігі, шындығы, сәйкес келетіндігі қанша пайыз?» деп сұрады.

«Біз түрлі сауалнама жүргіземіз. Оған да сенбеулеріңіз мүмкін. Бірақ, қазіргі таңда өзіміз сауалнама жүргізген пайдаланушылардың 88 пайызы бізге сеніп отыр. Біз бұны жоғары жетістік деп есептейміз. Дегенмен, оны цифрлық деңгейде қаншалықты дәл-дәл емес екенін сізге нақтылап айта алмаймыз. Жалпы алғанда біздің бүкіл әдіснамаларымыз дұрыс жазылған, барлық стандарттарға сәйкес келеді. Ақпарат жинау тәртібінің бәрі нақты жасалған. Адамдарымыз бар. Сол жағынан осы уақытқа дейін күмән тудыратындай жағдайлар болған емес. Бірақ, жасыратыны жоқ, арасында кездесіп тұрады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы статистикасы бойынша біраз сигналдар келіп жатады. Бірақ, оны қолынан ұстамағаннан кейін біз бұны дәлелдей алмаймыз. Біз артынан тексеріп, шындық не шындық емесін анықтай алмаймыз, бізде ондай функция жоқ. Неге десеңіз, бүкіл әлемдік статистика респонденттің мөрі басылған, қолы қойылған деректерінен тұрады. Сол есепке байланысты қабылданады. Сондықтан, нақты ондай қателік бар не ауытқу бар деп айту қиын», - деп жауап берді Нұрболат Айдапкелов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер