Бейімделгіш басқару әдісі – экономикалық өсу кепілі - Қазақстан экономикасы|29 Қазан 2015, 13:29
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Бейімделгіш басқару әдісі – экономикалық өсу кепілі

Астана. 29 қазан. Baq.kz – «Astana Invest-2015» форумында сөз алған сингапурлық делегат – «Өмір сүруге қолайлы қалалар» орталығының директоры О Туан Ки кез-келген елдің басқару әдісі неғұрлым бейімделгіш болса, экономикалық өсу қарқыны еселене түсетіндігі белгілі деп мәлімдеді. 

- Қазір әлемде өркениеттердің қақтығысы жүріп жатпаса да, бұл арада шапшаң бәсекелестік белең алғаны белгілі. Бұл әлемнің кез-келген еліндегі басқару ісін мүмкіндігінше жағдайда бейімделгіш болуға үндейді. Себебі, ондай қадамға барған басшылық ұтпаса, ұтылмасы анық. Өйткені, бейімделу – экономикалық өсудің кепілі болып табылады, - деді баяндамашы.

Оның айтуынша, өзгермелі жағдайды еңсере білу нәтижесінде Сингапур елі халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына тыңнан түрен салған.

- Біздің бұл бағыттағы бір игі ісіміз – 2006 жылы Халықаралық қалалық саммит өткізгеніміз болды. Оны «Инновациялық даму және тұруға ыңғайлы қалалар» тақырыбында ұйымдастырған едік. Технология мен инновацияны қала тіршілігі және оны мекен ететін адамдардың тұрмысына кеңінен қолданысқа енгізу мақсатын көздеген болатынбыз. Сол мәселелерді жан-жақты талдап, таразыладық. Түйгеніміз жоғарыдағыдай болды. Яғни, біз бейімделе білуіміз керек екен. Себебі, соңғы онжылдықта компьютерлендіру мен робототехника сынды құрылғылармен ғұмыр кешу қалыпты жағдайға айналып келеді. Міне, осындай жаңашылдықтарды меңгеру мақсатында біз 2016 жылдың шілде айында Халықаралық қалалар саммитін өткізуді ойластырып отырмыз. Оған Астана қаласын да шақырамыз. Өйткені, қазіргі жас Астананың даму деңгейі мен перспектикалары осындай жиындарға қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер береді, - деді О Туан Ки.

Нұрлыбек Досыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер