BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 429.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

2017 жылы бюджеттің 507,9 млдр теңгесі тиімсіз жұмсалған – Ошақбаев

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Есеп комитетінің жанындағы консультативтік-сарапшылық кеңестің бірінші отырысында «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың отандық жүйесін дамытудың өзекті мәселелері туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кеше Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңсінің отырысында Елбасы Есеп комитетінің бюджетке деген қадағалау тиімділігін арттыру мәселесіне тағы да назар аударды. Былтыр орталығымыз Есеп комитетімен бірлесе заңға сәйкес бюджетті алдын ала бағалауда азаматтық қоғамды арттыруды талап ететін меморандумға қол қойды. Біз екі жақты серіктестік бойынша Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық дамытудың негізгі көрсеткіштерін болжау әдістемесін бағалауға қатыстық. Әдістеменің шикі екенін анықтап, оның өте үлкен алшақтыққа жол беретінін көрдік», - деді Ошақбаев.

Оның айтуынша 2017 жылдың басында Үкімет экономикалық өсімді бар-жоғы 2,5% деп болжаса, шын мәнінде өсім 4%-ды құраған. Ал мұндай алшақтық болжау моделінің шикі екенін және әрі қарай жетілдіруді қажет екенін көрсетеді.

«Біздің пайымдауымызша, Есеп комитетінің ҚР Парламенті алдындағы есебі еліміздегі ең терең және мазмұнды құжат. Баяндаманың екі нұсқасы бар. Мазмұнды және қызықтысы Парламентке ұсынылғанымен, бірақ бұқараға қолжетімді емес. Халыққа өте қысқа және күзелген нұсқасын жариялады. Біз олардың неге бұлай жасайтынын сөзсіз түсінеміз. Себебі егер Есеп комитеті сол шала жұмыстарды бұқараға көрсетсе Үкімет жақсы көрінбей қалады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бұл Елбасы айтқандай ашық және транспарентті қоғамға бара жатқанымыздың көрінісі», - деді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры.

Ол Есеп комитетінің соңғы есебінде мемлекеттік қарызға өте дұрыс акцент қойылғанын атап өтті.

«Халықаралық валюта қорының әдістемесінде Үкіметтің жиынтық қарызы мен квазисектордың қарызы бірлесе кеңейтілген түсініктегі қарыз деп аталады. Ол дәл қазір Ұлттық қордың валюталық резервінде 96,2%-ды құрайды және өсіп жатыр. Бұл дегеніміз шамаен 58 млрд АҚШ доллары», - деді сарапшы.

Сондай-ақ Ошақбаев Қазақстанның ішкі қарызы туралы статистиканы үш түрлі орган: Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ұлттық банк жүргізетінін айтты.

«Тәуелсіз талдаушы ретінде мемлекет қарызының нақты қанша екенін білу қиын. Сол себепті мұнда ашық көрсету деңгейі жоғары болу тиіс. Мұны Үкіметке Елбасының өзі де айтты. Квазисектордағы мемлекет қарызын көз жазбай бақылап отыру керек. Осы қарыздарға біздің парктика бойынша мемлекеттік компаниялар мен үкімет те жауап береді», - деді Ошақбаев.

Есеп комитеті 2017 жылғы бюджетті бағалауда 507,9 млдр теңгенің тиімсіз жұмсалғанын көрсеткен.

«Бұл дегеніміз әжептәуір сома. Өңірлер арасында бюджеттік қамтамасыз ету алшақтығы өсімінің үрдісі байқалады. Ол жан басына шаққанда 2,3 есені құрады. Мысалы, Астанада әр адамның бюджеті 454,6 мың теңгені құраса, ал ОҚО-да 201,5 мың теңге. Сондай-ақ, макроэкономикалық үрдістер, кредиттеудің азаюы, халықтың шынайы кірістерінің құлдырауы да көрсетілген. Есеп комитеті Парламентті ғана емес қоғамды да тікелей және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ететін салмақты және ықпалды институтқа айналуы маңызды», - деп сөзін түйіндеді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер