BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жыл сайын 6 миллион адам жеке зейнетақы шоттарына жарна аударады – БЖЗҚ

2018 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,8 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 1,01 трлн теңгеге артты. Ал өсім 13 пайыз болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қор таратқан мәліметте, осы жылдың сегіз айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 547,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,9 млрд теңгеге артып, өсім 11 пайызға құрағаны айтылады.

«БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы жыл басынан бері 584,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 186,4 млрд теңгеге жоғары. Яғни, өсім 47 пайызды құрады», -делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен екі жарым еседей жоғары болған. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында табыстылық 7,3 пайызға жетсе, бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,9 пайызды құраған.

«Бүкіл табыс салымшылардың шоттарына таратылады. Сәйкесінше зейнетақы жинақтарының көлемі тұрақты түрде артып жатыр. Салымшы (алушы) өзінің жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты (оның ішінде есептелген инвестициялық табысты) Қор бөлімшесінде, сонымен қатар пошта байланысы, электронды пошта, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы алуына болады», -делінген хабарламада.

Жыл сайын шамамен 6 миллион адам БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына жарна аударады екен, яғни белсенді салымшылар болып табылады. Олардың саны біртіндеп артуда. 2018 жылдың сегіз айы ішінде белсенді салымшылардың саны 5,8 млн адамға жеткен.

«2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында БЖЗҚ-дан 121,0 млрд теңгеге зейнетақы төлемдері жүзеге асырылды, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 13,07 млрд теңге. Кесте бойынша төлемдер 69,9 млрд теңгеге жетті. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде Қордан 148,6 млрд теңге төленген. Оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 17,6 млрд теңге болды. Жалпы төлемдер көлемінің азаюы ай сайынғы төлем тәртібінің енгізілуіне байланысты орын алды. Ал бұл өз кезегінде төлемдерді алу уақытының ұзаруына және жиынтық зейнетақы мөлшерінің артуына септігін тигізеді», -делінген хабарламада.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер